Сіз егерде Алматыдан шығатын Құлжа жолымен Аспантауды бетке алып жолға шықсаңыз, 165 шақырымнан кейін Көкпек жазығы құшағын айқара ашып, ақбас биік таулардың кейпін кеңейте түседі. Оң беткейге назар салсаңыз, Торайғыр тауының әдемі әспеті бұлаңытып, өзіне менмұндалап шақыра береді. Жусанды сайдың өзегінде жер астынан бұлқына буырқанып жатқан қайнар бұлақ суы төскейде көзіңізге оттай басылады. Бұл жердің тұрғындарына көптен таныс «Райымбек бұлағы» дегеніңіз, осы шіркін! Әйгілі Бұқар жырау, Қабан жырау, Сабдалы жырау, Жамбыл мен Көдек, Тілеміс шайырлар батырдың өшпес ерлігін жырға қосып, күмбірлете жырлағанын білеміз. «Киелі мекен» атауымен күре жолдың бойына Алматыда, Еңбекшіқазақ және Райымбек аудандарында тұратын батыр бабаның ұрпақтары бұл қасиетті бұлақ басына арнайы барып, қайнар көзін темір шарбақпен ерекшелеп белгітас орнатып қайтқан-ды. Жол бойы Думан досымыздың айтып келе жатқаны да осы болатын. Жарықтық, алдымызда, кезінде көміліп қалған көзін ашқан Райымбек бабамыздың қайнар бұлағы. Бұл күнде елге жетуге асыққандай буырқанып ағады. Жол бойы қанша асықсақ та, қасиетті қайнардың кесе толы суынан рахаттана мейірлене ұрттадық.
«Райымбек бұлағы» ары-бері өткен жолаушының сауабын алып буырқанып қайнап жатыр. Бұлқына бер, батыр бабаның мөлдір суы...
Пай шіркін, Райымбек бұлағы...
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»