Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», деп атап көрсетті.
Бұл ретте батыр бабаларымыздың биік рухы халық, әсіресе жас ұрпақ арасында патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына, Отанға деген мақтаныш сезімін ұялатуда. Сондай ұлтын ұлық тұтатын, болмысы батырлықпен біте қабысқан тұлғаларымыздың бірі – Қасым Қайсенов.
Ұлы Отан соғысында теңдессіз ерлік көрсеткен тұлға, Қазақстанның Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов Кеңес Одағының Батыры атағына лайық еді және соған ұсынылған. 1943 жылы қыркүйекте Днепрдің оң жағалауы үшін болған шайқаста ол ерен ерлік жасады, арқыраған арынды өзеннен өзінің партизан отрядымен бірінші болып өтіп, жау тылындағы Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын тартып алып, Қызыл Армияның негізгі күштері келгенше беріспей, ұстап тұрды. Алайда сол қырғында ауыр жарақат алып, артынша Днепрден бірінші болып өткендегі, Букрин плацдармын дайындаудағы ерлігі ұмыт қалды да, ең жоғарғы атақ-дәрежелер өзгелердің қанжығасында кеткен. Оның құжаты араға уақыт салып, партизан штабының архивінен табылған. Ал Қ.Қайсеновтің қарамағындағы 13 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағын алған.
1995 жылғы 9 мамырда Елбасы Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен Қасым Қайсеновке еліміздің ең жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманы» атағын тапсырды. Биыл – Қасым ағамыздың 100 жылдық мерейтойы. Қасым Қайсеновтей қаһарманымызға қанша марапат көрсетсек те, көптік етпейді. Жоғарыда айтылғанды ескере отырып, біз Премьер-Министр Б.Сағынтаевтан Зайсан шекара отрядының 2017 әскери бөліміне қарасты шекара заставасын «Қасым Қайсенов атындағы шекара заставасы» деп қайта атау мүмкіндігін қарастыруды сұрадық.
Шығыс Қазақстандағы шекаралық заставаға тек осы өңірдің ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы саналатын батыр Қасым Қайсеновтің есімінің берілуі алда келе жатқан Жеңістің 75 жылдығына үлкен тарту болар еді. Және бұл елдің шетінде, желдің өтінде жүріп, Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, бал бөбектердің тыныш ұйқысы мен күміс күлкісін қорғаған сардарларымыз бен сарбаздарымыздың рухын көтеріп, жүректеріне мақтаныш сезімін ұялатары сөзсіз.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутат