Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жұмыс күші көп аймақтардан өңірге биыл 348 отбасы көшіп келді. Жыл аяғына дейін тағы 60 отбасы қоныс аударады. Қызылжар ауданында тұрғындармен өткен кездесуде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қоныстанушыларды жұмысқа орналастыру, жайлы баспанамен қамту, басқа да әлеуметтік жағдайларды жасау бағытында жергілікті жерде атқарылып жатқан шараларға оң баға берді.
«Келесі жылы Солтүстік Қазақстан облысында қолжетімді тұрғын үй қанатқақты жобасы іске қосылады. Ол бойынша әр баспананы салуға 6 миллион теңге мөлшерінде қаражат бөлу, кейін жекеменшікке сату жолдары қарастырылған. Күнгейден көшіп келушілер арасында білікті мамандар аз емес. Теріскейде дәрігер, мұғалім кадрлар жетіспейді. Келешекте осындай олқылықтардың орны толтырылады», деді министр.
Сапар барысында ол «Ахмуддинов» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Шаруашылық директоры Сермұхамед Оралұлы ағашты қалдықсыз өңдеумен айналысатындарын, оңтүстіктен келген 9 азамат жұмыс істейтінін, 70 адамның жұмыспен қамтамасыз етілгенін, орташа жалақы 150 мың теңгені құрайтынын, алдағы уақытта 40 адамдық жаңа жұмыс орны құрылатынын жеткізді. Соңғы бес жылда қожалық есебінен 12 баспана тұрғызылыпты.
Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 300 науқасқа қызмет көрсетіледі. Олардың 23-і І топтағы мүгедектер. Мекемеде психологтар бар, арнайы сенсорлы кабинет жұмыс істейді. Ұжыммен кездескен министр қойылған сұрақтарға жауап беріп, Жолдаудан туындайтын ауқымды міндеттерге байланысты келешекте атқарылатын іс-жоспарлармен бөлісті. Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов заманауи үш мектептің құрылысы басталғанын, бұл мақсат үшін 50 миллиард теңге қаражат бөлінгенін, 6 мыңнан астам қызметкердің жалақысы көбейіп, 13 мың адам салықтан босатылатынын жеткізді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 41 жоба қолдау тапты. Келесі жылы кәсіпкерлерді субсидиялау мөлшері 3 есе арттырылады», деді ол.
Ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері еңбек ұжымдарында өткен кездесу-жүздесулерде мұғалім беделін көтеру, алғашқы медициналық-санитарлық қызмет көрсететін қызметкерлерді ынталандыру, сапалы әрі қолжетімді тұрғын үйлер салу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмысты күшейту, тағы басқа бағыттар жайлы кеңінен әңгімеленіп, халықты Елбасы тапсырмаларын бірлесіп атқаруға шақырды. Жарқын бастамалардың одан әрі жалғасатынына сендірді
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы