Аймақтар • 23 Қазан, 2018

Қоян өсірген бала

942 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жымпиты ауылы орталығындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Мадияр Уахитов үй шаруасына  икемділігімен қуантады.  

 Қоян өсірген бала

 Аудан орталығындағы  Халық пен Жаннат Уахитовтардың отбасында 3 ұл,  3 қыз тәрбиеленуде. Көңіл қуантарлық бір жағдай, осы отбасындағы балалардың бәрі де сабақтарына зерек, тілал­ғыш. Ең­бек­қорлықтарымен ұстаз­дары­ның да, ауыл тұрғындары­ның да  жылы ілтипаттарына бөленуде.
Ауылда тұрған соң, қазекеңнің бойына сіңген қасиеттерінің бірі аула­­да азын-аулақ ірі қара, қой-ешкі­сін ұстамаса ішкен астары бо­йына сіңбейтін әдеттері бар емес пе? Сол сияқты Уахитовтар от­басында осы дәстүр әуелден қа­­лыптасса, соңғы кездері бұл үй­дің ауласында тауық, қаз өсі­ру­мен бірге, балалары қоян асы­ра­у­ға да ден қоя бастаған көрі­не­ді деген әңгімені жиі ести бастадық. 

Жақсы бастамадан құлағдар болған соң еңбекқор балғын­ның қолға алған игі ісін де көруге де ын­тық болдық. Қадыр ақын атын­да­ғы орта мектептің 8-сынып оқу­шы­сы Мадияр Уахитов­тың елгезек, ең­бекқор бала екендігіне куә болдық.

– Үй қоянын өсіруге әуелден-ақ ынтық едім. Ақыры осы кәсіпке  әуестігім еркіме қоймастан, өткен жылдың күз айынан қоян өсіруді қолға алдым. Әуелі бір қоянды  2000 теңгеге сатып алып, 3 ай бап­тап, өсірген соң,  ауыл тұрғындарына  4000 теңгеге сатып жі­бер­дім. Әрі қарай қоян өсіруге, олар­ды баптап-күтуге деген құш­тарлығым арта түсті, – дейді әңгіме арасында Мадияр ағынан жарыла.  

Адам баласы бастаған ісін қолға алған соң, жігерленіп, құл­­шы­­на еңбек етуге талпынып тұ­ра­ды екен. Мадиярда да осы қа­сиеттің байқалғандығы шындық.

Қоян өсіруге  ден қойған Ма­дияр бір аталық  пен бір ұрға­шы  қоянды сатып алып, өткен  қыс бойы асыраған соң, наурыз айында 9 көжек туып, кәсі­бі де дөңгеленіп жүре берді. Қоян­дар­ды өсіруге де уақыт керек, жағ­дай туғызу қажет. 

Мадияр  11-сыныпта оқитын ағасы Қуанышпен бірлесіп, әр қоянға бөлек үйшік жасап, сәбіз, көк шөп, жем-суын беруге үнемі назар аудара білді. 

Ол жемісін де бере бас­тады. Қояндарды  будандас­тыру арқылы көжектер де тез өсіп, Мадияр әр көжекті 1000 тең­ге­ден, 3 айлық қоян­ды 1500-2000 тең­геден тұрғындар­ға сатып, келі­сімге орай 1 қоянды 4 тауыққа айыр­бастап, аула ішін тауық, қазға толтыруға да тың әдіс таба білді.

– Шүкір, балаларым еңбек­қор болып ер жетіп келеді. Са­бақ­тарына да ұқыпты. Өткен жылы ұлым Қуаныш Астана қала­сын­дағы ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесіне барып, мол  әсермен елге оралды. Балалар­дың қорадағы азын-аулақ малды бағып, өздері  еңбек етуге тал­пын­ғандары, әрине жақсы. Өткен жылдан бастап ұлым Мадияр қоян өсіруді кәсіп етуде. 

Қазірде  үйшіктерінде 8 қояны бар. Қояндарын сатуға шығарудан түскен қаржысына киім-кешек, кітаптарын алуға да қолдары жетуде, дейді отағасы Халық Уа­хитов риза көңілмен. 

Иә, ауласында қоян өсіруге, ниет қойып отырған оқушы Ма­дияр Уахитов жөнінде  айтарымыз осы еді.

Мадиярдың өсірген қоян­да­рын тамашалап, қоянның қы­зыл қуырдағынан дәм татамын десеңіз, өкінбесіңіз анық, ағайын!

Мүсірбек АЙТАШЕВ

Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы