Қазақстан • 23 Қазан, 2018

Мәжіліс депутаттары Ақтөбенің шалғай аудандарына барды

254 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары - «Нұр Отан» партиясы фракциясы мүшелері Құралай Қаракен, Сәкен Өтебаев, Бақытгүл Хаменова, Геннадий Шиповских бүгін Қобда ауданындағы Жиренқопа ауылының тұрғындарымен кездескен болатын. Емен-жарқын әңгімелескен халық қалаулыларына тұрғындар ұсыныстары мен мәселелерін еркін жеткізіп, Жолдауға байланысты пікірлерін білдірді.

Мәжіліс депутаттары Ақтөбенің шалғай аудандарына барды

− Президент биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс − тіршілігіне қажетті мәселелерді түгел қамтып шықты. Әсіресе, Елбасының ең төменгі жалақыны арттыру, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдау, білім беру, медициналық қызмет сапасын арттыру  туралы тапсырмалары маңызды. Мұның барлығы халықтың қызығушылығын тудырып, олар Жолдауды зор ықыласпен қабыл алды.

Биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі — «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасының жүзеге асуы. Бұл еліміз үшін өзекті мәселе - туризмді дамытуға жағдай жасайды, - деді облыстық Қобыланды мемориалдық кешенінің директоры Азамат Қалмағамбетов.

Депутаттардың айтуынша, осыған дейін тұрғындардан педагогтардың сапалық құрамын арттыру, зейнеткерлікке шығарда және жалақыларын есептегенде ұстаздардың еңбек өтілін ескеру, шалғай елді мекендерді газдандыру, жұмыссыздықты азайту туралы мәселелер қозғалып, рухани құндылықтар жөнінде әңгіме өрбіді.

- Елбасы тапсырмасына орай жастардың жұмыссыздық мәселесін шешу - стратегиялық міндет. Ақпарат деректеріне сүйенсек, еліміздегі 18 миллион халқымыздың 4 миллионы жастар. Ал олардың 5 пайызы жұмыссыздар қатарында. Кәсіби бағдар беру сабақтарын міндетті оқу бағдарламасына енгізу  - оқушылардың қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын анықтап, қалаған мамандығын игеруіне және жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін оң шешуге ықпал етеді.

Сондай-ақ мұғалім - мектептің жүрегі, бала бағбаны. Ұстаздарымыздың қоғамдағы орнын көтеру мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң Мәжіліс қабырғасына келеді. Ол педагогтар арасында үлкен серпіліс болатындығы анық, - деп Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова білім беру саласында атқарылатын істерге кеңірек тоқталды.

Мәжіліс депутаты Құралай Қаракеннің айтуынша, медицина саласында жалақыны көтеру оларды оқытудың жаңа әдістеріне қарай 10 мың учаскелік дәрігер мен 30 мың медбикеге қатысты болмақ.

- Ағымдағы жылы қағазсыз денсаулық сақтау жүйесіне көшу бойынша пилоттық жоба аяқталуда. Ол пилоттық ұйымдардың 92 пайызында іске асырылды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге көшеді деп жоспарлануда, - деді Құралай Қаракен.

Осы күні нұротандық депутаттар атақты тарихи тұлға, жоңғар мен қалмақтарға қарсы соғысқан Қобыланды батырдың мемориалдық кешені мен Жиренқопа орта мектебінде болды.

Қазақстанның киелі жерлер картасына енген мемориалдық кешенге өткен жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрі аудан орталығына Қобыланды батыр, Исатай батыр ескерткіштері қойылды, Мәңгілік ел, Отан ана, Алтай батыр, Әлия сквері салынды. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 2 400 қобдалық азаматқа арнап «Ұлы дала дарабоздары» атта тақта орнатылды. Мұның бәрі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс. Бұл кездесу әрі қарай жалғасады. Мәжіліс депутаттары 27 қазанға дейін Ырғыз, Мәртөк, Байғанин, Хромтау, Әйтеке би, Мұғалжар, Алға ауданындағы ауыл тұрғындарымен кездесіп, жер-жердегі жағдаймен танысады

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»