Жас суретшілердің бірі Әдемі Жетпісованың шығармашылығының арқауы – әуен мен сурет тұтастығы. Оның көркем туындыларынан жастық пен жігер оты алаулайды. Әдемі идея мен мазмұнды алыстан іздеп әуре болған емес, сазды әуен шуақты сюжетті лықсытып әкеліп қылқалам ұшына төгілтеді.
– Скрипка туралы сюжет бұрыннан ойымда жүретін. Әуен мен сурет – мен үшін біртұтас дүние. Скрипкада әлдебір шығарманы ойнап тұрғанымда композиция көретін болдым және оны анық сурет қылып салғым келетін. Осылайша сурет өнеріне келдім, – дейді Әдемі Жетпісова.
Жалпы Екібастұз қаласындағы көркемсурет мектебінің негізі 1984 жылы қаланып, 2009 жылы шығармашылық жолында жеткен жетістіктері үшін ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие болған.
Мәдени шараның ашылу салтанатында сөз алған Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева «Туған өлкем» бағдарламасының шеңберінде өтетін барлық көрмелер Астананың 20 жылдық мерейтойына арналғандығын айтты.
– Біз осы жылы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау жолында үлкен жобамызды бастадық. Жоба аясында Екібастұз қаласынан көрмеге ұсынылған туындыларға қарап, болашағымыздың жарқын екенін байқауға болады. Өйткені бұл көрмеден тек дарынды жастардың ғана емес, ұстаздардың да жұмыс нәтижесін көре аламыз. Сондықтан көрмеге қолдау көрсетіп келіп жатқан атақты суретшілер мен ұстаздарға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Тәуелсіздік күні карсаңында жыл бойы өткізілген көркемсурет мектептері тәрбиеленушілерінің үздік диплом жұмыстары көрмесінің қорытынды фестивалі өткізілмек.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»