Қазақстан • 23 Қазан, 2018

Студенттерге медиацияны меңгеру маңызды

620 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанадағы ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінде «Студенттердің әлеуметтік белсенділігін қалыптастыру және тәрбиелеуде колледждегі медиациясының маңызы» тақырыбында жиын өтті. Басқосуда ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжі мен «Халықаралық медиация, менеджмент және құқық мектебі» ЖШС өзара меморандумға қол қойды.

Студенттерге медиацияны меңгеру маңызды

Халықаралық медиация, менеджмент және құқық мектебі  мен колледждер арасында тұңғыш қол қойылған келісімшарт негізінде екіжақты тәжірибе алмасу бағытында көптеген жұмыстар істелмек. Ең алдымен аталған колледж базасында Студенттер медиациясының мектебі ашылады.

Жиынға қатысқан медиаторлар жастарға, әсіресе заң саласы бойынша білім алып жатқан студенттерге медиацияны меңгерудің маңыздылығы зор екенін айтты. «Медиация үлкен сала. Медиация арқылы екі жақ келісіп, сотқа дейін мәселені шешіп кете алады. Кезінде қазақ даласында ешқандай прокурор, милиция, түрме болмаған. Онсыз-ақ ғасырлар бойы берекелі өмір сүріп келгенбіз. Тек бітімгершілік, келісім болған. Қазақ сөзге тоқтаған халық. Дау болса билер мен қазылар шешіп отырған. Медиация – дау-дамайды ушықтырмай, сотқа дейін келісімге алып келу. Бұл біріншіден, соттардың ісін жеңілдетеді. Екіншіден, қоғамдағы саяси морлальдік ахуал реттеліп, адамдар арасындағы кешірімшілдік пен ауызбіршілік сияқты құнды қасиеттеріміз жанданады есептеймін. Келісімшартқа қол қою арқылы жас мамандарымызға медиация жүйесінің негізін ұғындыру және оны дұрыс пайдалануды үйретсек деген ниеттеміз. Бүгінгі басқосу студенттер мен медиаторлар арасында ғана өтсе, алдағы уақытта Адвокаттар палатасы, Жеке сот орындаушылар палатасы, Нотариат палатасымен де кездесулер болады. Сондай-ақ біз медиацияны факультативті пән ретінде кіргізуді де жоспарлап отырмыз. Меморандум негізінде ол сабақтарды медиацияның мамандары жүргізетін болады және студенттер тәжірибеден өту үшін медиация мектебінің іс-шараларына қатысады», деді ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінің президенті Жомарт Қошқаров.

Халықаралық медиация, менеджмент және құқық мектебінің директоры Әсел Сайлаубайдың айтуынша, жастар мен жасөспірімдерді бұл салаға бейімдеу көптеген мәселенің оңтайлы шешілуіне мүмкіндік береді. «Германияда мектептер мен колледждерде медиация қосымша сабақ ретінде оқытылады да, дипломында көрсетіледі. Бұл олардың жұмысқа тұруына қолайлы. Өйткені медиацияны білетін адам қарым-қатынасқа шебер, басқару жұмысын жақсы атқара алатын болады. Ал Болгарияда арнайы медиаторлар мектебі бар. Соның негізінде мен Қазақстанда мектеп құрып жатырмын. Медиация көптеген саланы қамтиды. Бұл саланы меңгеру үшін жан-жақты болу керек. Яғни, Қылмыстық кодексті,  Азаматтық кодексті білу, психологияны меңгеру шарт. Медиатор болу үшін заң маманы болу міндетті емес. Әр адамның бойында медиаторлық қасиет бар. Мысалы, ата-аналар балаларының арасындағы мәселелерді шешіп жатады. Ерлі-зайыптылардың ажырасулардың себебін анықтайтын болсақ, ол түкке тұрғысыз нәрседен басталады екен. Бірақ соның барлығы жиналып келіп арадағы дау-дамай ушығады да, неден басталғанын тіпті өздері ұмытып қалып жатады. Сондықтан біз көптеген отбасыларды сақтап қалу үшін де жұмыс істейміз. Қазір біздің қоғамда психологқа баруды көп адам жөн санамайды. Сондықтан олар медиатордың көмегіне жүгінеді. Сөйтіп өзара бітімге келіп, мәселені оң шешеді. Әсіресе медиацияны балаларға, жастарға сіңдіре білген дұрыс», дейді медиатор Ә.Сайлаубай.

Жиында бұндай басқосу елордадағы басқа колледжердеде жалғасын табатындығы айтылды. «Қазіргі кезде көптеген дамыған мемлекеттерде мадиация өте жоғары деңгейде дамуда. Өйткені екі жақты бір-бірімен татуластыру үлкен мәселелерді шешуге жол ашады. Бұл сала біздің елімізде де даму үстінде. Жастарға медиацияны түсіндіру және оны қолдану бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Ол тек заң саласында білім алып жатқан студенттерді ғана емес, әрбір жасқа керек дүние. Сондықтан Астана қаласының барлық колледждерінде мықты медиаторлар мен заңгерлер түсіндіру және тәжірибе жұмыстарын жалғастырады», деді «Жас Отан» жастар қанаты Астана қаласы филиалының бірінші орынбасары  Бағдәулет Жанділдаев.

Айта кетейік, іс-шара Жоғарғы сот, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Нұр Отан» партиясы және Астана қаласы әкімдігі сияқты бірнеше ұйымның ұйытқы болуымен өтті.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»