Үкімет • 23 Қазан, 2018

Жекелей инвестиция тарту тапсырылды

466 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жекелей инвестиция тарту тапсырылды

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдері жеке инвестиция тарту жұмыстарына баса назар аударулары қажет екенін айтты.

«2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша инвестиция тартуда барлық тиімді көрсеткіштердің өскенін министрдің баяндамасынан естідік. Жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындары құрылды.

Инвесторларға барлық деңгейде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Инвестициялар тартудың жаңа тетіктері енгізіліп жатыр. Дегенмен, назар аударатын жайттар да бар. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өз баяндамасында қалаға салынған жеке инвестиция көлемі Оңтүстік Қазақстан облысы үлесінен төмендігі бюджеттік инвестицияның өсуіне байланысты деп айтып кетті. Егер біз осылай қол қусырып отыратын болсақ, онда бүкіл жұмысымыз бюджетке қарап қалады. Жалпы инвестиция өсімі Шымкентте 275 пайыз, ал жеке инвестиция үлесі 65 пайыз. Мұндай жағдай  Солтүстік Қазақстан облысы, Ақтөбе, Қызылорда, Астана қалаларында да кездеседі. Аталған өңірлерде жеке инвестиция тарту жұмысы қарқынды деп айта алмаймыз. Барлық жұмыс - бюджеттен, республикадан ақша алу, трансұлттық компаниялардың инвестициясын әкелу. Ал жеке инвестиция тарту, оларға жағдай жасау жағы ақсап тұр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Алдағы уақытта өңір әкімдеріне жекелей инвестиция тарту мәлелесін қолға алуды тапсырды. Үкімет басшысының айтуынша, инвесторлармен жұмыс істеу үшін толықтай қажетті жағдай жасалған. Әкімдердің арнайы орынбасарлары және әр өңірде инвестицияға жауапты қосымша орынбасарлар Елбасының келісімімен тағайындалған.

Сонымен қатар, «Қазақ Инвестің» өкілдіктері мен инвестициялық көмек көрсету орталықтары ашылды. Өңірлік инвестициялық штабтар құрылды. Үкімет басшысы алдағы уақытта аталған салаға жауапты органдарды жекелей инвестиция тарту мәселесі бойынша нәтижелі жұмыс істеуге шақырды.