Әлем • 23 Қазан, 2018

Жапония мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық диалог

612 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше 22 қазанда Токио қаласында Жапония мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасында индустрия, сауда және экономика мәселелеріне қатысты биік деңгейдегі келіссөздер өтті.

Жапония мен Еуропалық Одақ арасындағы экономикалық диалог

Келіссөздер барысында тараптар осы жылдың жазында қол қойылған Жапония мен ЕО арасындағы сауда-саттық жүйесін либерализацияландыруға бағытталған Экономикалық әріптестікке қатысты келісімшартты (EPA - Economic Partnership Agreements) ратификациялауға қатысты барлық пысықтау жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауға келісті.

Сонымен қатар, соңғы кезде Д.Трамп әкімшілігі жүргізіп отырған АҚШ-тың протекционизм саясатына байланысты тиісті шаралар қолдану қажеттілігі жайында және жаһандық экономикалық аймақ құруға бағытталған Қытай үкіметінің «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына тойтарыс беру шараларын талқылап, үшінші мемлекеттерге инвестиция салу саласындағы өзара ынтымақтастықты жандандыруға келісті.

Шет елдерге бірлесіп инвестициялар салу мақсатында Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі (JBIC, Japan Bank for International Cooperation) және Жапонияның экспортты және импортты сақтандыру агенттігі (NEXI, Nippon Export and Investment Insurance) мен Еуропалық инвестициялық банкі (EIB, European Investment Bank) арасында ынтымақтастық орнатуға қатысты меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ, Қытай үкіметінің отандық өнеркәсіп саласына тым көп мөлшерде мемлекеттік субсидиялар бөлуіне байланысты бұзылып отырған әлемдік нарықтың либералды қағидаттарын қайтадан бір қалыпқа келтіру мақсатында Халықаралық сауда ұйымын реформалау қажеттілігін сөз қылып, тараптар осы мәселе бойынша бірлесіп жұмыс атқаратын болып келісті.

Халықаралық сауда-экономикалық жүйеге ықпал етуі ықтимал осындай шешімдер қабылданған маңызды келіссөздерге жапон тарапынан Индустрия, сауда және экономика министрі Хирошиге Секо мен Сыртқы істер министрі Таро Коно, ал ЕО тарапынан Еуропалық комиссия төрағасының орынбасары Юрки Тапани Катайнен қатысты.

Айта кететін бір жайт, жоғарыда аталған Жапония мен ЕО арасындағы Экономикалық әріптестікке қатысты келісімшартқа тараптар осы жылдың шілде айында Еуропалық Одақтың басшылары Дональд Туск пен Жан-Клод Юнкердің Бейжіңдегі Қытай басшылығымен кездесуін аяқтай сала бірден Токиоға жасаған сапар барысында қол койылған болса, кешегі келіссөздер Жапония премьер-министрі Синдзо Абэның ҚХР-ға ресми сапарының дәл алдында өткені де кездейсоқтық емес. Жапония мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуға бағытталған келісімшарт та, үшінші мемлекеттерге инвестициялар салу саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған талпыныстар да халықаралық сауда жүйесінде күннен-күнге күшейіп келе жатқан Қытайдың экономикалық ықпалына, әсіресе Бейжіңнің «Бір белдеу, бір жол» стратегиясына қарсы бірлесіп шаралар қабылдап, бірлесіп жұмыс жасау бүгінгі күні Жапония мен Еуропалық Одақтың ортақ мүддесіне айналып отырғанының айқын дәлелі.

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін