Медицина • 24 Қазан, 2018

Шекарадағы мектептер кеңейтіліп жатыр

1211 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шалғайдағы, елдің шеті, желдің өтіндегі шекаралық аймақтарда мемлекет жәрдеміне мұқтаж ауылдар жетерлік. Десек те мемлекет көмегіне сүйеніп, қайта жанданып, жабылуға жақын қалған мектептері кеңейіп жатқан аудандар да бар. Жуықта Тарбағатай ауданының Ақжар өңіріне жолымыз түскенде бұған көзіміз анық жетті. 

Шекарадағы мектептер кеңейтіліп жатыр

4 жылдық білім ошақтары 9 жылдыққа айналды

Бізді қуантқаны, Қытаймен шекаралас Ақжар өңірінде соңғы 4-5 жылдың көлемінде жабылуға жақын қалған 3 білім ордасы іргесін кеңейтіпті. Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты Сарыөлең елді мекеніндегі төрт жылдық мектеп 9 жылдыққа, ал Жалаңаштағы бастауыш мектеп пен Ахметбұлақ ауы­лын­дағы негізгі орта мектеп өз мәртебесін мектеп-балабақша кешені деп ауыстырыпты. Бұған аудандық бюджеттен 150 миллион теңге шамасында қаражат жұм­салған. Тарбағатайдың ше­караға тақау ауылдарын арала­ғанымызда іргесі кеңейген Сары­өлең ауылындағы 9 жыл­дық мектепке арнайы барып, тыныс-тіршілігімен таныстық. 9 жылдықтан 4 жылдыққа қыс­қарып, жабылудың аз-ақ алдында қалт-құлт етіп тұрғанда 2014 жылы Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаевтың қолдауымен қайта ашылған мектепте қазір 41 бала оқып жатыр. «2013 жылы аудан әкімі осында келгенде мектепте 24 оқушы, 3 мұғалім ғана болған еді. Аудан басшысы «оқушы санын 41-ге толтырсаңдар мектепті 9 жылдық қылып қайта ашып береміз» деген соң ауыл тұрғындарымен ақылдасып, бала санын 43-ке жеткіздік», – дейді Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Ниязбеков.

Аудан әкімдігі мектепті 9 жылдық қылып кеңейту­мен қатар ауылға балабақша да ашып беріпті. Бұрынғы Мәде­ниет үйінің ішінен ашылған балабақшада 15 балдырған тәрбиеленіп жатқан көрінеді. Сарыөлеңдегі Бауыржан Мо­мы­ш­­ұлы атындағы негіз­гі орта мектептің директоры Ер­жан Ысқақов шағын білім ордасында ұстаздарға, оқу­шы­ларға тиісті жағдай жасал­­ғанын, құрал-жабдықтардың жеткілікті екендігін, мектептің интернетке қосылғанын айтып, ауылдағы балғындардың спортпен алаңсыз жаттығуына мүмкіндік беретін спорт залы салынса деген тілегін жеткізді. Мектепте арнайы спорт залы жоқтығын, оқушылар күреспен төбесі аласа, тар бөлмеде жат­тығып жүргенін біз де өз көзі­мізбен көрдік. Сарыөлеңнің шымыр бозбалалары осыған қарамастан Ақжарда, аудан орталығы Ақсуатта өтетін жа­рыс­тарға қатысып жүр. 

Бүгінде Тарбағатай ауданы­ның барлық ауылдарындағы мектептерге интернет қосы­лып, балабақшалар жұмыс істеп тұр. «Біз әсіресе аудан­ның шекараға жақын ауыл­дарына ерекше көңіл бөліп, бала­бақшасы жоғына балабақ­ша ашып, медициналық пунк­тер­ді жөндетіп, қосымша штат­тар беріп жатырмыз. Аудан­дағы жұмыс істемейтін, мәде­ниет ошақтарының барлы­ғын іске қостық. Кейбір ауыл­дағы мәдениет үйлерінде тұр­ғын­дардың спортпен шұғыл­да­нуына да рұқсат беріп отырмыз. Себебі, Сарыөлеңдегі се­кіл­ді көптеген шағын ауыл­дарда дені дұрыс спорт залы жоқ. Сондықтан алдағы уақы­тта шал­ғайдағы, әсіресе шекара­дағы ауылдарға балалардың волейбол, футбол ойнауына мүм­кіндік беретін спорт залдары салынса жақсы болар еді. Елбасы өз Жолдауында айтқан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Үкімет осы шаруаны қолға алса игі іс болар еді. Мәселен, Тарбағатайда қыс­тыгүні сағат 4-5-терде күн батады. Бала не істейді? Үйде отыра ма? Спорт зал салып берсек малын жайғаған соң спорт залға бармай ма? Сол жерде екі сағат футбол ойнасын, баскетбол ойнасын, спортпен шұғылдансын. Барлық жағдайын жасап қояйықшы. Соған көп қаржы кетпейтін шығар», дейді аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев. 

Шекаралық ауылдардың көпшілігіне ортақ тағы бір түйткіл – баспананың жоқтығы. Дайын баспана болмаған­нан кейін жас мамандар қайда барып тұрады?! Мәселен, ше­кара­ға таяу Жаңаталап ауылы­на барғысы келген екі жас дәрігер тұратын үй таппапты. Аудан әкімі осы мәселені шешу үшін кәсіпкерлерге «осындай ауылдарға үй салып беріңдер, біз «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы сатып аламыз» деп ұсыныс айтыпты. 

«Шекараны бізден қорғап жүргендей...»

Тарбағатай ауданының Қытай­мен шекаралас 4 ауылында (Жаңаауыл, Жаңаталап, Ахметбұлақ, Сарыөлең) қазір мың жарымға (бұрын 3 мың болған) жуық халық тұрады. Бергі жағындағы Маңы­рақ ауыл­дық округінің тұрғын­дарын қоса алсаңыз 4 мыңға жетеғабыл. Жұмыс сапарымызда шекараны жағалай қоныстанған осы 4 мың халықтың көп жылдан бері жол азабын тартып жүргенін байқадық. Бұрынғы аудан орталығы Ақжар мен шекара түбіндегі Жаңаауыл ауылы­на дейінгі 50 шақырымдық көтерме, тас жол тұрғындар­ды титықтатқанға ұқсайды. «Осы жол бір асфальтталса ғой, шіркін!» деген арман-тілекті кез­дескен жұрттың көздерінен көріп, сөздерінен ұғынғандай болдық. Тағы бір аңғарғанымыз, бұл жақта жыл сайын мектептері жабылып жатқан Марқакөлге қарағанда байланыс біршама тәуір екен. Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты төрт ауылдың ішінде тек Жаңаталапқа ғана елді мекен төменде орна­лас­қандықтан ұялы байланыс қосылмапты. Бұл ауылдың тұрғындары таудың басына шығып сөйлесетін көрінеді. «Біздің переговорный пункті­міз» – оба» деп әзілдейді екен Жаңа­талап тұрғындары. Ұя­лы ба­й­ланысты орнатушы мек­е­мелер «біз байланысты 2 мың, жоқ дегенде мың тұр­ғы­ны бар ауылдарға ғана қоса­мыз» деп талап қояды екен. Елімізде, елімізде ғана емес, өңірімізде талай ауыл осы талап үдесінен шықпай, цифр­лан­дырудың дәуірлеген кезеңінде ұялы байланыссыз отыр. Ал мың­ға жетпейтін тұрғыны бар ауыл­дардың мұңы тиісті орындарға әлі жетпей жатқан секілді.

Тұрғындардың көшіп жат­қаны, жастардың азайып, қария­лардың қатарының қалың­дағаны, жолдың нашарлығы, интернеттің жеткіліксіздігі... Бұл – шекаралық аймақ тұрғын­дарына ортақ кеп. Қытаймен шектесетін Тарбағатай ауылдары тұрғындарын толғандырған тағы бір мәселе бар. Ол – шекара түбіндегі бейтарап аумақ­қа кіріп шығу. Жаңаауыл ауыл­дық округіне қарасты төрт елді мекен тұрғындары қысқа қа­жет жем-шөбін Ах­мет­бұлақ­тың іргесіндегі Қытай­мен ше­карадағы бейтарап аумақ­тан алатыны осы өңірдің хал­қына белгілі жайт. Мал да сол аумақта жайылады. Алайда ақжарлықтар соңғы жылдары шекарадағы әскери заставалар тұрғындарға талапты күшейтіп, жөнді-жөнсіз құжат сұрап, естерін шығарып жүргендеріне қапалы. «Тордан әрлі-берлі өту жылдан жылға қиындап барады. Машинаны қойып, мотоциклдің нөмірін алдын ала тіркетеміз. Егер аяқ астынан бір жағдай орын алып, нөмірі тіркелген машина келе алмаса басқа машинаны өткізбейді. Шөп науқаны кезін­де көмекке келген адамдарды да өткізу қиямет-қайым. Бұрындары шекаралық аймақ тұрғындарына уақытша рұқсат қағазы берілетін. Қазір ондай құжат берілмейді. Шынымды айтайын, кейде әскерилеріміз шекараны Қытайдан емес, бізден қорғап жүргендей әсер қалдырады. Қолдағанның орнына үрке қарайды. Біздің тілегіміз – шекарадағы әскери заставалар бейтарап аумаққа әрлі-берлі өтуді жеңілдетсе, шекарашыларымыз халыққа жақын болып, бірлесе жұ­мыс істесе дейміз», – дейді Жаңаауыл тұрғыны, осы елді мекен­нің имамы Сәлімхан Асылғазин.

Ауылға да робот-техника сыныбы керек

Кезінде 600-ге тарта оқу­шысы болған Жаңаауыл ауы­лын­дағы мектепте бүгінде 144 оқушы білім алып жатыр екен. Мектеп директоры Ән­бия Кеңесбекұлы ауылдан ха­лық бұрынғыдай жапырлап кө­шіп жатпаса да, жылына 4-5 отбасының қалай кө­шіп кет­кенін өздері де байқа­май қала­тынын айтады. «Жур­налист келді» деп мектепке жинал­ған ауыл тұрғындары өз­дерін толғандырған мәселе­лер­ді жіпке тізді. Бірі былтыр «Цифр­лы телевидение» жобасы аясында ауылға келіп, екі мұ­нарасын орнатып, із-түзсіз кеткен «Қазтелерадио» қызмет­кер­леріне қынжылысын білдірсе, енді бірі облыста қолға алынған «Менің мек­тебім» акциясы бойынша шағын комплектілі мек­теп­тердің оқушыларына да робо­т-техника сыныптары бе­рілсе деген тілектерін айтты. Сонымен қатар Президент Жол­дауындағы ауылға қатысты айтылған ойлар келешекке деген сенімдерін нығайта түс­кенін, алда шекаралық аймақ тұр­ғын­дарына қатысты арнайы бағ­дарлама қабылданар, тиісті жеңілдіктер қарастырылар деген үміттері бар екенін жеткізді.

Мектептен кейін осыдан 4 жыл бұрын ғана салынған су жаңа, іші айнадай жарқыраған емханаға бас сұқтық. 1391 тұр­ғын бекітілген медицина мекемесінде қазір бір дәрігер, бір медициналық тіркеуші, үш жалпы тәжірибелі медбике жұмыс істейді. Бір акушердің орны бос тұрған көрінеді. Жаңаауыл ауылдық округіне қарасты үш ауылда (Жаңаталап, Сарыөлең, Ах­мет­бұлақ) бір-бір фельдшер еңбек етеді. Фельдшер демек­ші, Ахметбұлақ ауылына да бір фельдшер жетіспейді екен. Жаңаауылдағы емхана­ның жалпы тәжірибелі дәрі­гері Замира Ахмадиевамен әңгіме­лес­кенімізде шалғайдағы елді мекен­дерге жас мамандардың кел­гісі келмейтінін тілге тиек етіп, қырдағы дәрігерлер қауы­мын алаңдатып жүрген бір мә­селені алға тартты. «Штат бо­йын­ша жалпы тәжірибелі дәрі­гер­лерге 1700 тұрғын бекі­тілуі керек екен. Жаңа жылдан бастап осы мәселе қаралады деген әңгіме бар. Сонда біз секілді мыңнан асар-аспас тұрғыны бар дәрігерлер қайтпек? Соны уайымдап отырмыз. Ставкамыз түсіп қала ма деген қорқыныш бар. Егер ставкамыз төмендесе басқа жаққа көшуге тура келе­ді. Алайда Президентіміз биыл­­­ғы Жолдауында: «Ең ал­­ды­­мен, әсіресе ауыл­дық жер­­­лер­де алғашқы медици­на­лық-сани­тар­лық көмектің қол­жетім­ді бо­луын қамтамасыз ету қажет» деген жоқ па? Біз секіл­ді учаскелік медицина қыз­мет­­кер­лерінің жалақысын ке­зең-кезеңмен өсіру керек­тігін ­­де нықтап тапсырды. Сон­дық­тан жо­ға­рыдағы түйт­кіл өз шеші­мін табар деп ойлаймын», – дейді дәрігер.

Елбасы жақында ғана х­а­лық­қа арнаған Жолдауында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құ­жат­тарды қағазсыз, цифр­лық нұсқада жүргізуге көшуге тиістігін атап өткен еді. Мем­лекет басшысы жыл басын­да өткен Үкіметтің кеңей­тілген мәжілісінде Шығыс Қазақ­стандағы медици­на­­лық меке­мелерді компьютер­лендірудің кенжелеп отырғанын ескертіп, облыс әкіміне мәселені назарға алуды тапсырғаны есімізде. Президенттің сынынан нәтиже шыққанын Жаңаауылдағы емханада компьютерлердің тұрғанынан байқағанымызбен, ол компьютерлердің әлі бірде-біреуінің интернетке қосыл­мағанын, мұндағы дәрігерлер әзірге әкімшіліктің интернетін пайдаланып жүргенін білдік.

Түйін

Тарбағатайдағы жұмыс сапарымызда аудан басшылығы шекарадағы ауылдарды сақтап қалу мақсатында қолдан кел­гендерін жасап жатқанымен, шал­ғайдағы елді мекендерді аяғы­нан қаз тұрғызу үшін мұ­ның жеткіліксіз екендігін аң­ғар­ғандай болдық. Шекара бо­йын мығымдап, одан әрі нығай­тып, жандандыра түсу үшін облыстың, мемлекеттің көмегі, тіпті арнайы бағдарлама қажет се­кілді. Онсыз сан жылдар бойы қордаланған түйткілдің тар­­қа­май­тыны анық.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, 

Тарбағатай ауданы