Соңғы жылдары еліміздегі перзентханалар жанынан ашылып жатқан симуляциялық орталықтар дәрігерлердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге бағытталған. Осындай тағы бір орталық Атыраудағы қалалық перзентханада жұмысын бастады. 15 стансадан тұратын орталықта жас дәрігерлермен бірге ұзақ жылғы еңбек өтілі бар мамандар да түрлі манипуляциялар жасайды. Мысалы, мерзімінен бұрын туылған сәбилерді, босанған әйелдерді реанимациялауда, босануға жәрдемдесуде, тууды имитациялауда қызметкерлер арнайы медициналық муляждарды пайдаланады.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева роботтардың адам ағзасына барынша жақындатылған, эмоцияларды білдіре алатындығын, дыбыс шығарып, сөйлейтіндігін айтады. «15 роботтандырылған станцияға 200-ге жуық жабдық сатып алынды. Сол арқылы аймақтағы медициналық қызметкерлерді тәжірибелік дағдыларға оқытып, жедел жәрдем келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуде парамедиктерді дайындауды мақсат еттік», дейді.
Симуляциялық орталықта 12 жаттықтырушы-дәрігер неонатолог, анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинеколог жұмыс істейді. Жыл соңына дейін облыстың барлық медициналық қызметкерлерін, 200 парамедициналық маманды біліктілік арттыру курстарынан өткізу жоспарланған.
Жаңа орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев оқу жаттығу орны тек дәрігерлерге ғана емес, түрлі кәсіптегі адамдарға, айталық полиция қызметкерлеріне, өрт сөндірушілерге, дене шынықтыру мұғалімдеріне, жаттықтырушыларға және мемлекеттік қызметшілерге де пайдалы екенін атап өтті. «Біздің міндетіміз – барлық дәрігерлерді әрқайсысы өзінің арнайы дағдыларын автоматтандыруға жеткізуі үшін осы орталықтан өткізу. Мақсатымыз – адами факторды азайту, өңірдегі барлық дәрігерлер өз саласының маманы болуы тиіс», деп тапсырды Нұрлан Ноғаев денсаулық сақтау басқармасының басшысына.
Мұндай орталық Атырау медициналық колледжінің жанынан да ашылған. Онда студенттер бес стансада көмек көрсету үшін тәжірибелік дағдыларды жинақтайды.
Атырауда ана мен бала денсаулығы үнемі назарда болғанына қарамастан, перзентханада көз жұму оқиғалары әлі де бар. Жаңа симуляциялық орталық ана мен бала өлімінің көрсеткішін нөлдік деңгейге жеткізуге септігін тигізсе жақсы.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ