Руханият • 24 Қазан, 2018

Ұрпақтарың ұмытпайды өзіңді...

646 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биылғы жылы мамыр айында Түркістан облысының Қазығұрт ауданына жолым түсті. Жол түсудің өзіндік себебі де жоқ емес. Қазақы ұғымға салып айтсақ, бұл қасиетті мекен қайын жұртым ғой. Сондықтан бұрын да талай рет ат басын бұрғанмын. Ал бұл жолғы келуімнің орны бөлек. Отыз жыл өмірсерігім болған, жан жарым Бейсенкүл Санабайқызының қайтпас сапарға аттанғанына үстіміздегі жылдың желтоқсан айында он жыл толады. Осыған байланысты аяу­лы жарымның туған-туыс, жора-жолдастарымен, алыс-жақын ағайындарымен жүздесіп, рухына Құран бағыштауды ойластырған едім. 

Ұрпақтарың ұмытпайды өзіңді...

 Бейсенкүлдің аға-інілері, әпке-сің­лілері мені құрақ ұшып қарсы алып, са­уапты ісіме қабыл болсын айтып, мәре-сәре күй кештік. Мал сойылып, қазан асыл­ды, әңгіменің тиегі ағытылды. Мұн­дайда айтылатын әңгіменің ауаны белгілі ғой. Бәрі марқұмның жақ­сы қасиеттерін тілге тиек етіп, ерте кеткеніне өкініш білдіріп, менің бала-шағама, немерелеріме өмір тілеп, ниет­терін білдіріп жатты. Сөз сөйлеген кей­бір жақындарының көңілдері босап, сөз­дерінің соңын жұтып, көздеріне жас алды.

Өз кезегінде мен де қайын ағаларыма, қайын інілеріме, балдыздарыма, бажаларыма, жегжаттарыма, Бейсенкүлдің балалық шағын бірге өткізген, бүгінде шау тартқан жора-жолдастарына, сыныптастарына, осындай қыз тәрбиелеп өсірген марқұм ата-енеме, жалпы еліне шын жүрегімнен шыққан рахметімді жеткіздім. 

– Бейсенкүл екеуміз кейде сөзге келіп қалатын едік, – дедім мен сонда, – ол бетің бар, жүзің бар демей, қашанда тура сөйлейтін әдетімен «отбасы болып, жұртпен аралас-құралас жүргенімізге менің үлесім мол» деп бір-ақ кесетін. Бұған мен кәдімгідей шамданушы едім. Кейін ойлап қарасам, оның сөзінің жаны бар екен. Шынында да Бейсенкүлдің қолы ашық, дастарқаны мол еді. Қашан, қандай қонақ шақырсам да, кейде түн жарымында біреуді ертіп келсем де, қабақ шытпай қарсы алып, күтімін жасап, шығарып салатын. Ал арнайы қонақ шақырғандағы дастарқан жасауы да ерекше болатын. Қонаққа жайған дастарқанының жайнап тұратынына кезінде мән бермеппін. 

Тағы да басқа көптеген ізгі тілек­тер кезегімен айтылып, марқұмға ба­ғыштаған дұғамыз қабыл болсын деумен көңілді бір демдеп, келін, бала-шаға, немерелерімізбен жиналып, Астанаға аттанып кеттік. Жолай ойға баттым. Қалай үйленгеніміз, Алматыны адақтап, көп жылдар кісі есігінде, пәтерде жүргеніміз, телевидениеге жұмысқа тұрарда қаладан тіркелетін үй іздеп, бір орыс кемпірінің жоспарда жоқ үйін үлкен машақатпен жоспарға кіргізіп, сол үйге тіркеуге тұ­рып, арада біраз уақыт өткенде үйленіп, әлігі орыс кемпірді әке-көке деп жүріп, Бейсенкүлді де сол үйге тіркеуге тұрғыз­ғаным, жеті жылдың ішінде 14 пәтер ауыс­тырып, ақыры баспанаға қол жет­кізгеніміз – бәрі-бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтті. 

Міне, осындай қиындықтың бәрін Бей­сенкүл менімен бірге көтерді. Үйленген кезімізде екеумізде екі чемодан, екі-екіден көрпе-жастық, көрпеше болды. Пәтерден-пәтерге ауысқанда көшеден жеңіл машина ұстай салушы едік. Біреудің есігінде жүрген жаныма батып, несіне қалдым осы Алматыда деп күйінетінмін оңашада. Ал Бейсенкүлде мұның бірі жоқ, көшіп-қонып, жұмысына барып келіп, үйдің тірлігін істеп жүре беретін. 

Қолда барда алтынның қадірі жоқ деп, атам қазақ қалай дәл тауып айт­қан. Бұл сөз тура Бейсенкүлге арнап айтылғандай болып көрінеді маған. Өйткені онымен бірге болған кезімде көп нәрсені байқамаппын. Бәрі солай болуға тиісті сияқты болып көрінетін. Қайын жұртта болғанда айтқан сөзіме қайта оралайын. «Мен болмасам, қалай өмір сүрер едің?» дейтін кейде істеген ісіме көңілі толмай. Ондайда «Өйтіп-бүйтіп күнімді көрер едім де» деуші едім қитығып. Қазір ойласам ол менің шаруаға қырсыздығымды сынайды екен. 

Шынында да үй шаруасына жоқ екенім рас. Мысал келтірейін. Пәтерге ие болғаннан кейін көп адамдар оның ішін жиһазға толтыруға асығады емес пе. Ал менің ойым басқаша. Жиһаздың бәрі қымбат, оған ақша жетпейді, сондықтан жағдай түзелгенше арзанқол дүниелермен күн көре тұру керек. Осындай оймен кіреберіске темірден жасалған қарапайым киім ілгіш, аяқ киім қоюға темірден жасалған текше алып келдім үйге. Бейсенкүл үндемеді. Арада біраз уақыт өткенде, үйде кіреберіске арналған жиһаз, асүйге тоңазытқыш пайда болды. Бұларды Бейсенкүл ай сайын белгілі бір сомасын төлеп тұруға келісіп, дүкеннен несиеге алыпты. Кейін басқа дүниелерді де солай жайғастырып, үйдің ішін ретке келтірді. 

Бейсенкүл үйдің де, түздің де тірлігін қатар алып жүре беретін. «Қазақстан коммунисі» (қазіргі «Ақиқат») журналында жұмыс істеп жүрген кезімде саяжайға ие болдық. Екі бөлмелі шағын үй салдық. Бейсенкүлдің бау-бақшалық жұмыстың нағыз маманы екенін сонда білдім. Есіктің алдын гүлдендіріп, үйге шелек-шелек жеміс-жидек тасыдық. 

Сол жылдары мен қатты ауырдым. 1979 жылы бүйрегіме тас байла­нып, операция жасатқан едім, жылдар өте келе сол қайта қозып, 1994 жы­лы екінші рет операция жасаттым. Ол кезде Қазақстан Президенті мен Министрлер Кабинетінің аппаратында жұмыс істеуші едім, 4-5 ай жұмысқа шыға алмай үйде жаттым. Кейін жұрт қатарына қосылдым ғой. Сонда неге екенін қайдам, саяжайдағы көршілерім де, үйдегі көршілерім де Бейсенкүлді мақтайтын. «Әйелің болмаса жағдайың қиын болар еді, Бейсенкүлге рахмет!» дейтін. Бәлкім солай да шығар. 

1997 жылы желтоқсан айында Парламент аппаратымен Астанаға қоныс аудардық. Бейсенкүл керек-жарақтарымды реттеп, мені аттандырды. Пәтер алғанға дейін жатақханада тұрдық. Сонда Бейсенкүлдің мені қалай жарақтандырғанына бөлмелестерімнің бәрі риза болды. Өйткені менде дәрі-дәрмек, кесе-шәйнек, көрпе-төсектің бәрі бар. Тіпті бұл жақта ауыз су дәмінің онша еместігін біреулерден естіді ме екен, су сүзгіге дейін салып жіберіпті. 

Жазда өзі де жетті. Ол жақтағы үй­дің заттарын буып-түйіп, пойызға салып ала келіпті. Сонымен Астанадағы өміріміз басталды. Бейсенкүлге жұ­мысқа шықпай-ақ қой деп кеңес бердім. Медбикелердің айлығы аз, барып ке­луінен, тамағынан артылмайды. Одан да бірыңғай үйдің шаруасымен айналысқаны дұрыс. Осылай шештік. Балам екеуміз жұмыс істейміз, қызым оқиды. Тамақ дайын, үй жинаулы, кір жуулы. Өмір өз кезегімен өтіп жатты. Балам үйленді, ұлан-асыр той жасадық, немере сүйдік. Бізден бақытты адам жоқ сияқты еді. 

Кенет Бейсенкүл жиі-жиі ауырып қала беретінді шығарды. Небәрі 5-6 айдың ішінде ауруы асқынып, ақыры операция столынан бір-ақ шықты. Оның да көмегі болмады. Арада тағы да 3 ай өткенде, яғни 2008 жылғы желтоқсанның 23-күні бізді зар жылатып, мәңгілік сапарға аттанып кете барды. Оған да биыл, жоғарыда айтқанымдай, 10 жыл толады. 

Өмір бір орнында тұрмайды. 10 жылда бірталай өзгеріс орын алды. Қызым тұрмыс құрып, жиен немерелер дүниеге келді. Бейсенкүл өзі қойнына алып жатып өсірген тұңғыш немересінен кейін және үш немере дүниеге келді. Әсіресе келініме ризамын. Қазақтың  келін ененің топырағынан жаралады дейтін сөзі рас-ау деймін. Келінімнің ісі тап-тұйнақтай. Баланың жұмыстан басқамен ісі жоқ. Бәрін келін бітіреді. Тіпті үйді күрделі жөндеуден өткізуге де өзі бас-көз болып жүреді. Тура Бейсенкүл. Марқұм жұмыстан келгенімде аяқ киімімді шешер-шешпестен, ас үйден стақанын ала жүгіріп, ішіп ал деп, сусын не шөп дәрі ұсынушы еді. Осы күні сондай мінездері есіме түскенде жүрегім елжіреп кетеді. Кейде соны айтып, келінімді мақтасам, балам сондай келінді үйге алып келген кім деп әзілдейді.

Бейсенкүлдің қырық күндігін өткі­зерде 60 жолдан тұратын жоқтау өлең жаздым. Соның соңғы шумағын:  

Маңдайдағы жұлдызым,

Жағамдағы құндызым.

Жоқтатпайды өзіңді,

Ұрпақтарың, ұл-қызың.

Өзің баққан немерең,

Қылықтары бір қызық.

Ол да өсіп келеді,

Біздерді тік тұрғызып.

Солар аман болсын деп,

Дұға жасап соңыңнан

Жүрерміз біз бет сипап

Тілектен шеп құрғызып,

деген жолдармен аяқтаған едім. Басқа амал бар ма?! Алла тағала жатқан же­ріңді жарық қылып, пейіште нұрыңды шалқытсын деген тілектеміз.

Орынбек ЖОЛДЫБАЙ,

филология ғылымдарының кандидаты