Қоғам • 24 Қазан, 2018

Қырандардың қанатын қатайтқан

408 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда кезекті рет Алматыдағы «Сұңқар» жабайы құстар тәлімбағында өсірілген бүркіттің тағы 4 балапанын табиғат аясына жіберу салтанатына қатыстық. 

Қырандардың қанатын қатайтқан

Ақүлпектерді тәлімбақ мамандары жабайы табиғатқа барынша бейімдеп, азық тауып жеуді үйретіп, ұшырып салды. 

Жұмыртқадан жарып шыққанда қауыр­сын қанаттары үлпілдеген ақ бо­латын жыртқыш құстың 6 айлық балапаны күніне кемінде бір рет қоян ала­ды екен. Тәлімбақтағылар оларды аң­ға түсуге әбден баулыған. Табиғатынан азат­тықты сүйетін құстар шымыр болып шығуы үшін төбесі биік, іші кең торларда өсірілген. 

Орайы келіп тұрғанда 30 жылдық тарихы бар «Сұңқар» орталығы – Қазақстандағы жыртқыш құстарды өсіретін жалғыз тәлімбақ екендігін айта кеткен жөн. Соңғы 5 жылда мұнда 21 бүркіт еркіндікке жіберілген. Алайда мамандарға құстардың кейінгі өмірін бақылау қиындық туғызып отыр. Оған қоса, елімізде орнитологтар саны жетіс­пейді, дейді орталық директоры Ашот Анзоров. 

– Біз көптеген елдермен тәжірибе алмасып, құстарды да айырбастап тұрамыз. Оларды тиімді көбейту жолдарын да қарастырып жүрміз. Осыған дейін Зоология институтында арнайы кафедра болатын. Қазір ол жабылып қалған. Тәлімбақта жұмыс істейтіндердің бәрі іс жүзінде мықты деп айта аламын. Құстардың санын көбейтуде біліктіліктің маңызы зор, – дейді «Сұңқар» орталығының директоры Ашот Анзоров. 

Қазіргі таңда тәлімбақта 500-ден астам сұңқар мен бүркіт бар. Мамандар Қазақстанның әр түкпірін мекен ететін құстардың 15-тен астам түрін бағады. Олардың саны осында көбейтіліп, сатылады, жоқ түрлері алмастырылады.

Біраз қаражат пен қолдауды қажет ететін жобаларға демеушілер аса қажет. Сондықтан «Эфес Қазақстан» ШС АҚ 2012 жылы бүркіттерді жабайы табиғат аясына жіберуга бағытталған бірегей ғылыми сынақтарды қаржыландыруға кіріскен-ді. Нәтижесінде, жоғарыда атап өткендей, соңғы 5 жылда «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақтап қал» атты әлеуметтік бағдарламасы аясында 21 бүркіттің ақүлпегі жетіліп, жабайы табиғатқа бейімделіп, ұшырылды. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»     

АЛМАТЫ