Ауыл • 24 Қазан, 2018

«Атырауда жасалған» жетістік көп

308 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атыраулық тауар өндірушілердің өнімдері Ресейдің Астрахань облысындағы ірі жобаларды жүзеге асыру кезінде пайдаланылады. Қазақстанда жасалған өнімдер мен тауарлар Астраханьдағы сауда-өнеркәсіп көрмесіне қойылып, көршілердің қызығушылығын тудырды. Шараға мұнайлы өңірден 20 бизнес субъектісі қатысты.  

«Атырауда жасалған» жетістік көп

Облыстық кәсіпкерлер пала­та­сының басшысы Абдолла Ыды­рысов: «Көрме екі ел арасын­дағы іскерлік байланысты нығайтуды көздеді, нәтижесі де жақсы болды. Мысалы, «Карат» ЖШС ресейлік «Мираж» компаниясымен консерві жеткізіліміне, «ДиЭл» ЖШС-мен дилерлік желі ашуға келісімшартқа отырды. «Асыл Агро» серіктестігі де бірқатар келісімдерге қол жет­кізді. «Инстальком» ЖШС Астра­хань облысындағы ірі құрылыс жобаларына қатысуға мүм­кіндік алды. «Шеврон» құбыр зауытының өнімдерін көршілеріміз пайдаланатын болады», – дейді.

Ресейлік кәсіпкерлерді «Бум-2020» ЖШС-нің экологиялық таза қағаздан жасалған қаптама­лары да қызықтырыпты. Көрмеге апарылған «Өнерпаз», «Каспий Лана» серіктестіктері шығаратын трикотаждан тігілген киімдер мен жамылғылар түгелге жуық сатылып кеткен. 

Мұндай шаралар шекаралас аймақтардың өзара байланысын арттыра түсері анық. Ал­дағы уақытта Ресейдің Омбы, Новосібір, Челябі облыстарында да көрме ұйымдастыру көзделіп отыр. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ