Білім • 24 Қазан, 2018

Терминжасам сардары

792 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ тілінің сөз байлығын Абай мен Ахметтен асып игерген, оның әрі мен нәрін ашқан, керегіне жарата білген, бар қасиетін терең ұғына пайдаланған қаламгер бар ма деген сауалға бірден жауап таба қою оңайға соқпайды. Өйткені қазақ тілінің сөздік қорында қанша сөз барын анықтап берген жан жоқ. Күні кеше жұртшылық қолына тиген қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігінде әзірге 150 мыңнан астам атау сөз бен сөз тіркесі ғана қамтылғаны айтылады. Ал кейбір ғалымдардың (Ә.Қайдар) есеп жобасына қарағанда, қазақ тілінің сөз байлығы мұнымен шектелмейді. Ол әлденеше жүз мыңдық санды мөлшерлейді. 

Терминжасам сардары

Түпсіз байлықты түгел игеру әлі ешкімнің қолынан келген емес. Тіпті осы заманның есептегіш тәсіліне салып қара­ған­да мамандар ұлы Абай қол­дан­ған сөз байлығы небәрі 7-8 мыңнан аспайды екен дегенді айтады. Ал Абай туралы отыз жылдай толғанып төрт кітап жазған ұлы сөз шебері Мұхтар Әуезов қолданған сөздің саны небәрі 17 мыңның маңайы екен. Бұл нені көрсетеді. Бұл қазір қолданыста бар сөздердің өзін (150 мың) тү­бегейлі іске жарата алмай отыр­мыз дегенді көрсетеді. Ал әлгі қол­данған сөздердің санына қа­рап, Абай мен Әуезовтің тілі кедей екен деп айтуға кімнің аузы барып айта алады.

Әңгіме сөз байлығын қалай іске жарата білуде. Ақылман Абай сол жеті-сегіз мың қазақ сөзін еркін ойната білудің өзімен-ақ көбіміздің өреміз жетпес ой биігіне көтерілді. Сол Абай көтерілген биікке кім көтерілді деп айта аласыз қазір. Тіпті қа­зақ тілінің мұхитында еркін құ­лаш сермеген М.Әуезовті не­­ме­се әрбір сөзді маржандай ті­зіп, жауһардай қырлаған Ғаби­т Мүсіреповтің өзін де қазақ сө­зінің құнарынан қанып ішті деп айту қиын. Дегенмен, құдай­ға шүкір, ізденіс, ұмтылыс еш тоқ­таған емес. Ізденген сайын әр­бір қаламгердің қалам табының ерекшелігі байқалып отырады. Тіл мұхитының түпсіздігі, шал­қар­­лығы ізденген сайын түрлене түседі.

Бүгінгі әңгіме тіліміздің өзге­ріс, өріс тізгінін білгірлікпен ұстап, ұрпағына өлшеусіз зор мұра қалдырған тұлғалар туралы. Бүгін солардың арасынан тіл ұстарту жағынан бір-біріне қатты ұқсайтын екі зергерді ерекше атау қажеттігі туындап отыр. Олар А.Байтұрсынұлы мен І.Жарылғапов. Бір қарағанда екеуін қатар әңгімелеудің қи­сыны жоқтау сияқты. Алайда қазақ мәдениетіне қосқан үлесін саралай келгенде бұлардың рухани үндестігі мен тілғұмырлық бірегей қасиетіне таңданбай тұра алмайсыз. Бірі он тоғызыншы ғасырдың аяғында дүниеге ке­ліп, жиырмасыншы ғасырдың алғашқы жартысында дүниеден өткен, ал екіншісі – сол жиырмасыншы ғасырдың түлегі. Соған қарап екеуін де бір ғасырдың өрені деуге болар. Әйтсе де екеуі екі ғасырдың жүгін арқалағандай іс тындырған.

Салыстыруға келе қоймайтын бұл екі тұлғаны бұлайша тең­дестіріп отыруда мынадай сыр бар еді. Бірі ертелеу, бірі кейін­деу қазақ тілінің тұнығынан қанып ішіп, ана тілімізге қалт­қысыз қызмет етудің асқан үлгі­сін көрсеткен ерен тіл­ғұ­мыр­лар бұлар. Қараңыз, Ахаң кө­сіліп жатқан кең дүниеде тірлік етіп, жайбарақат өмір кешіп жатқан қазағының көзін ашып, көңілін ояту үшін оның өмірдегі басты құралы – ана тілінің қадір-қасиетін ұқтырып, оның күнделікті ауызекі сөйлеу құралы ғана емес, сонымен бірге оның оқу, білім, ғылым, өнердің де қуатты қаруы екенін дәлелдеді. Қазақ тіршілігінде бұрын-соңды сирек кездесетін, тіпті болмаған «Тіл-құрал» оқулықтарын түзіп, қараңғы қазағын сауаттылыққа қарай жетеледі. Ол үшін қазақ тілінің ғылыми өрісі мен өре­сін айқындайтын сан алуан атау сөздер қатарын түзді. Сол арқылы қазақ тілі мен әдебие­тінің, тарихы мен өнерінің жалпы мәдениетіміздің тынысын ке­ңейт­ті. Дамудың даңғыл жолын ашты.

Міне, Ахаңды біз осынысы үшін де қазақ мәдениетінің Хан­тәңіріндей бағалаймыз. Оның ақындығы, аудармашылығы, тілғұмырлығы және музыка әлемінің талғампазы ретінде асқан білімдарлығына бас иеміз.

Осы аталған ерекше қасиет­тердің көбі Ісләм Жарылғаповтың да болмыс-бітіміне тікелей қаты­сы бар екеніне оның тындырған дүниелерімен түбегейлі таныса келе көзіміз жеткендей болды. Ол жазушы, шебер аудармашы, ақын, ғалым, білімпаз, терминтанушы, т.т.

Қазақ терминологиясы дей­тін ілім саласында дәл Ах­мет Байтұрсынұлындай айрық­ша орны бар білімпаз деп Ісләм Жарылғаповты айта ала­мыз. Өйткені оның басқа еңбектерін былай қоя тұрып, кезінде жұрт­шылық сұранысын қам­тамасыз етіп, қолданыс әле­мінде орын-орнына тұра қалған аялдама, анықтама, жағажай, балмұздақ, күнделік, көрермен, оқырман, тыңдарман, саяжай, ғарыш, зымыран, тыңжерші, баспагер, ғарышкер, қаламгер, өркениет, қаламақы, зейнетақы, жазылым, жазылыс, мемлекет, жержаһан (континент), үлгерім тәрізді толып жатқан термин сөздердің дү­ниеге келуіне себепші І.Жа­рыл­­ғапов сияқты қаламгер екенін ұмыта да бастадық, тіпті ескеріп, елеп те жатпайтын жағдайға жеттік. Тағдыр сыйлаған, бабалар баптаған ұлы тіліміздің баяғы табиғи байлығындай сіңісіп, кірігіп қатар түзеп тұра қалған бұл терминдік аталымдар ана тілін қадір тұтатын кез келген сауатты жанның аузында, қала­мының ұшында.

Әдетте сөзжасам мәселесімен шұғылданған жандардың табан астында сөз туындатып жататын қабілетіне таңданамыз. Бұл шеберлік, білгірлік, сауаттылық. Осындай қабілетінің арқасында І.Жарылғапов қазақ тілінің сөздік қорына жүздеген жаңа қолданыс енгізген екен. Оның қаламынан туған мына бір өлең жолдарына қарағанда, ол сөз ойнату өнерімен өмір бойы шұғылданғанын кө­реміз және нәтижелі еңбек еткен. Қараңыз: «Көп тілден түйіп ой-сезім, Төл тілдің аршып көл-көзін, Төлдетіп ана тілімді, Бес мың сөз қостым мен өзім», деуіне қарағанда І.Жарылғапов қалдырған мұраны біз әлі игере қоймаған сияқтымыз.

Ісләм Жарылғаповтың тер­мин туындату еңбегімен түбегейлі таныса келе, оның бұл шығар­машылық салада ұстанған тірегі Ахмет Байтұрсынұлы бол­ғанын аңғарамыз. Қазақ тілі­нің сөздік қорын дамытуда ол әуелі әлемдік тәжірибеге Ахаңша сүйе­не отырып, ана тілінің өзін­дік ерекшеліктерін сақтауда мына төмендегідей бағыт-бағдар ұста­нады. Қараңыз:

біріншіден, ана тілінің сөз қорын сарқа пайдалану, тірі сөзді өлтірмеу, өлімші сөзді тірілту;

екіншіден, ұлттың өзіне ғана тән сөйлеу үлгілерін бұзбау, өсіру, өркендету;

үшіншіден, басқа тілдің ойлау, сөйлеу үлгілерін ана тілінің за­ңы­на, ойына бағындырып үйрену;

төртіншіден, қажет болған жер­лерде ұлттық тілдің үлгісімен жаңа сөздер (неологизмдер) жасап ала білу;

бесіншіден, өз тіліңнің мүм­кін­дігі болмағанда ғана басқа тілдерден қажет сөздерді алу;

алтыншыдан, басқа тілдерден келген сөздерді ана тілінің салт-санасына, үлгісіне, рухына ба­ғын­дырып алу, қажетінше жым­дас­тыру керек. Жат сөзге ұқса­май, төл сөзге ұқсату;

жетіншіден, қажетсіз, орынсыз алынған шетел сөздерінен ана тілін тазарту керек. «Тіл интер­венциясына» жол бермеу керек.

І.Жарылғапов қалдырған жаңадан туындатылған термин сөздердің бәрі дерлік осы үлгімен жасалған. Ол бұл үлгіні қайдан алды, кімге, неге сүйенді? Жоғарыда аңдатқанымыздай ол әуелі әлемдік тәжірибеге сүйенді, жан-жақты ізденді, ана тілінің болмыс-бітімін түбегейлі тексерді. Қазақ ғұламалары мен жазушыларының еңбектерін шарлады. Бір таңғаларлығы, Ахаңды (Ахмет Байтұрсынұлы) оқу, білу түгіл, есімін ауызға ала алмайтын кезеңнің өзінде Ісләм оның бүкіл еңбегін түбе­гейлі зерттегені байқалады. Жо­ғарыдағы айтылған үлгілер түгелімен Байтұрсынұлының ұстанымдары. Жарылғапов терминдері деп аталып жүрген атау сөздердің бәрі дерлік осы негізде жасалған.

Жалпы жаңа сөз жасау деген ұғым негізінде шартты нәрсе. Тірек етер негіз бар жерде ғана жаңа сөздер қатарын түзуге болады. Ахаң да, Ісләм да осыны қатты ұстанған. Яғни жаңа сөз, жаңа қолданыс тілде бұрыннан бар түпнегізге сүйенеді.

Ісләм аға қазақ тілінің сөзжа­сам заңдылығын терең біл­ген. Ахаңа көп сүйенген. Жаңа жа­салған термин сөздердің қай­сыбірін саралап көрелік. Мысалы, қазақ тілінде зейнет деген сөз бар, тіпті «Бейнет, бейнет түбі – зейнет» деп жатамыз. Сондай-ақ біреудің ақысын жеуге болмайды деген ұғымды әйгілеп тұрған «ақы» сөзін алыңыз. Міне, осы «зейнет» пен «ақы» сөзін біріктіру арқылы «зейнетақы» деген керемет термин сөз жасалды. «Қаламақы» да дәл осы прин­циппен жасалған. Саябақ, түсқағаз, орынтақ, жағажай, қырыққабат, қолөнер, еңлікгүл, баспана, сарышұнақ, төраға тә­різді аталымдар да осы принциппен түзілген. Сөздерді бі­рік­тіру арқылы жаңа сөз жасау – Ахаң көрсеткен тәсіл.

Сонымен бірге Ахаң қазақ тіліндегі сөзжасау дағдысында жалғау, жұрнақтың атқарар рөлі айрықша екенін түйсініп, осы негізде де талай сөз туындатқан. Осыны Ісләм да дамыта түскен, әдемі жалғастырған. Баспа+гер, дерек+теуіш, қаза+нама, жа­зыл+ым, ұйғар+ым, келіс+ім, тың­­дар+ман, оқыр+ман, туын+ды, жүгін+гі, ғарыш+кер, дә­ріс+хана, сарап+шы, күнде+лік, мәлімде+ме, мазмұнда+ма, бас­қар+ма, анықта+ма, қайрат+кер, шебер+хана, т.т. тәрізді сөз үйір­лері біздің қазіргі сөз байлығ­ы­мызға қосылған асқан үлгілер.

І.Жарылғаповтың аударма ісімен түбегейлі айналысуы қазақ тілінің қадір-қасиетін, қуатын терең сезінуге жетелеген. Ана тілінің әлі іске жаратылмай жатқан түпсіз байлығының көзін аша түсуге итермелеген. Аударма арқылы туған тілден балама іздеуде, тіпті калькалау тәсілінен де ол ешқандай қиналмайды. Еркін көсіледі. Ешқандай балама таппай қиналған тұстың өзінде ол түпнұсқа терминдерін қазақыландырудың түрлі жолын табуға тырысып отырады.

Осындай ізденістерге риза болған суреткер Ғабит Мүсіре­пов­­тің мына сөздеріне қайта бір жүгінген артық болмас деп білеміз. «Тіліміздің қорында бар сөздерге жаңа мағына беру жо­лындағы табыстарымызға мен Ісләм Жарылғаповтың кө­рер­­мен, оқырман, аялдама деп қосқандарын орынды да ор­нық­ты көремін. Мен бұ­дан жеті-сегіз жыл бұрын «Қа­зақ әд­ебиеті» газетінде «Ас­қын­дырып алмайық, дос­тар!» деген ма­қаламды жариялап едім, ол мақаламда жоғары төменнен, аға жазушылар мен жас жазушылардан ана тіліне жасалып жүрген жәбірлер жайында болатын. Егер ана тіліміз үлкен талаптарды көтере алмайтын, өспеген олақ тіл болса, бұл мақаланы жазбаған болар едім. Жоқ, бұл бай тіл! Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады!» Ал «балмұздақ» сөзін алғаш естігенде, маңғаз да сабырлы Ғабең сүйсінісін жасыра алмай, «бұл аударма ғана емес, ерлік!» деп таңданған екен. 

Шебер аудармашы Ісләм Жарылғапов терминжасам тә­жі­ри­бесімен шұғылданумен бірге осы игі істі ұйымдастыру шаруасының да басы-қасында болған. Бұл тұста ол профессор Құдайберген Жұбановтың ізбасарларының бірі сияқты көрінеді. Қазақ топырағында қазақ терминологиясының ғы­лы­ми мәселелерімен тұңғыш айналысқан Құдекең болатын. Ол 1933 жылы алғаш ұйымдастырған терминологиялық комиссияның тұңғыш төрағасы еді. Ал 1937 жылдан былай қарай жұмысын тоқтатқан осы комиссия ісіне Ісләм 50-жылдардан бастап араласады. Оның ережесін жасап, жұмыстың нәтижелі жүргізілуіне қолғабысын тигізеді.

Өткен ғасырдың 30-жыл­дарының аяғы мен 40-жылдардың алғашқы жартысында бүкіл кеңес елімен бірге қазақ халқының да қандай қасірет шеккені тарихтан белгілі. «Байтал түгілі бас қайғы» болған сол бір кезеңде тоқтап қалған бұл шаруаның басы-қасында, ескі араб жазуы негізіндегі білімі мен жаңа дәуір ілімін де жеткілікті игерген Ісләм Жарылғапов сынды білікті азаматтың болуы қазақ терминологиясының дұ­рыс бағытта қалыптасуына игі әсерін тигізбей қойған жоқ. І.Жарылғапов термин шаруашы­лығында барлық ғылым сала­сы мамандарымен бірге жа­зушының да, аудармашының да, жорналшының да, тіл маман­дарының да бірлесе тірлік ету керек екендігін бүкіл жан дү­ниесімен түсінді. Өмір бойы осы бағытынан таймады. Ең бас­тысы жасалған терминдердің ана тілінің ішкі заңдылықтарына сәйкес болуын қадағалады. Осыны ұстана отырып, термин жасау ісінде, ең алдымен, Ахмет Байтұрсынұлының ана тілі қа­зынасын сарқа пайдалану принципіне берік болды. Сондықтан да Ісләм Жарыл­ғапов терминдері байырғы қазы­намыздай қабылданып, мәдени өмірімізге қызмет етіп келеді.

Бүкіл Түркі жұртшылығының бүгінгідей түпнегізге бет бұра бас­таған жаңа кезеңде Ісләм Жарылғапов тәрізді тіл зер­гер­­лерінің жанкешті тәжіри­белерінің жол нұсқалық маңызын зор деп білеміз. Неге десеңіз, ке­шегі бір ғасырлық әре-тәрелік түркі халықтарының туыстық тұтастығына өлшеусіз нұқсан келтіргені мәлім. Жаңа заман мүм­­кіндік тудырып тұрған қа­зіргі кезде сол мүмкіндікті толық пай­далану бәрімізге парыз болуға тиіс.

Біздің ойымызша қазір тарихи әділетсіз шаралар барысында бір-бірінен алшақтаңқырап кеткен туыс халықтар тілдеріндегі ортақ түбір сөз, ортақ түбір тұлғалар не­гізінде ортақ терминдік атау­ларды қалыптастыра бастау қа­жет деп білеміз. Салғастыра, са­ралай қарасақ, бұған толық негіз бар. Тіпті түркі тілдеріндегі ға­сырлар бойы сақталып келген өлі түбірлердің сырына үңіліп, олардың әр тілдегі санын ша­малауға әрекеттенген әйгілі профессор Ә.Қайдардың зерделеуі де бізді осындай ойға жетелейді.

Мұндай ойға әрине әзірге үрке қарайтындар бар. Өйт­кені біз әлі әр ұлттың тілдік қо­рында не бар, не жоқ екенін анық айқындап біткеніміз жоқ. Әуелі әрбір туыс тілде жасалып жатқан терминологиялық сөздіктерді өзара салыстырып, ізденіс жұмысымен айналысу керек. Содан ортақ түбір, ортақ атау, ортақ ұғымдарды сара­лау жұмысы туындайды. Ал мұндай істі ортақ зерттеу бағдарламалары арқылы бірлесе отырып жүргізуге болады. Солай ету керек те. І.Жарылғапов тәрізді сөз шеберлерінің тәжірибесі осынау ниетімізге от береді, жылдар бойы басылып келген рухымызды көтереді, еңсе тіктетеді.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері,

ҰҒА академигі