Білім • 24 Қазан, 2018

Президент кітапханасына келушілердің қатары мол

405 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республи­ка­сының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасының кітап­­­ханасының ел руханиятында алар орны ерекше. Бүгінде осынау ұлан-ғайыр қоры бар кітапхана қазақ руханиятының алтын тұғырына айналып отыр.

Президент кітапханасына келушілердің қатары мол

Мұнда Елбасымыздың өзі жазған кітаптарымен қатар, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбалы кітаптар, Президенттің жоғары мемлекеттік наградаларының жинағы, сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының шет тілдерге аударылған еңбектері, музей экспонаттары мен архив құжат­тары қойылған. Тіпті Елбасының ата-анасы тұтынған заттар да көрме ажарын ашып тұр. Бұл мекеме кітапхана, музей, архив қызметімен тікелей айналысса да, қызмет бағыты былайғы көпшілік кітапханалардан мүлде өзгеше. Қызмет ауқымы өте кең. Алайда оны көру мүмкіндігіне көбіне астаналықтар мен оның қонақтары ғана ие болып келгені жасырын емес. Сондықтан өт­кен жылдан бастап Елбасы кітап­ханасы еліміздің облыстарында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» деген тақы­рыпта Қазақ­станның Тұңғыш Прези­денті –   Елбасы кітапхана­сының көшпелі қор көрмесін өткізе бастады. Алдымен өз жұмысын Алматы мен Шымкентте бастаған көрме осы жылдың 18 қыркүйегінен бері жұмысын Атырауда, облыстық Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде жалғастырып жатыр. Бір ай уақыттан бері көрменің басты қызмет көрсетушісі болып отырған музей ұжымы бұл мәдени оқиғаға үлкен дайындықпен келді. Осы мерзім ішінде көрмені жүз мыңға жуық көрермен тамашалады. Бұл көрмеден Нұрсұлтан Әбішұлының ауыл бала­­­сынан бас­тап Елбасына айналуына дейінгі өмір жолы туралы архивтік құжат­тар, фото-бейне материалдар, музейлік экспонаттар орын алып отыр. Көрмеге бірнеше ғасыр бұ­рынғы жәдігерлер де қойыл­ған. Соның бірі – қазақ-жоңғар шап­қыншылығында ел қорға­ған шапырашты Бөлек батыр­дың ду­лығасы. Болат металл мен таби­ғи тастардан нақышталған бұл жә­дігер ХVІІ ғасырға тиесілі екен.

Төлеген ОРЫНБАСАРҰЛЫ,

Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің басшысы