Аймақтар • 25 Қазан, 2018

Қарттарды қолдауға арналған айрықша жоба

1059 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарттарды қадірлеу қашаннан қанымызға сіңген қасиет. Мем­лекет басшысы өзінің жыл сайын­ғы Жолдауларында қарт­тар мен зейнеткерлерді қолдау әрдайым маңызды мәселе екенін баса айтып, оларға рухани-әлеуметтік көмек көрсету ісіне зор мән беріп келеді.

Қарттарды қолдауға арналған айрықша жоба

Алматыда ағымдағы жылдан бастап осы мақсатты көздеген «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы іске қосылғаны көпшілікке аян. Аз уақыт ішінде аталған бағдарлама аясында атқарылған шаруалар легі аз емес. Соның бірегейі қалада жоба шеңберінде дүниеге келген «Ұзақ өмір сүру орталығы».

Ресми мәлімет бойынша бүгінде алып шаһар Алматыда 222 мың зейнеткер бар. Бұл жалпы қала халқының 12,5 пайызын құрайды. Олардың 57 мыңнан астамы 75 жастан асқандар. Бағдарламаны іске асыруға 160 миллион теңге қаржы бөлінсе, соның 26 миллионы біз сөз етіп отырған орталықтың жұмысын жүйелі жүргізуге бағытталған. Аталған жол картасы егде жандарды белсенді өмірге тартуға, олардың әлеуетін пайдалана отырып ұрпақтар үндестігін қа­лып­тастыруға негізделген. Жыл басында өткен қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында мегаполис басшысы: «Біздің қарттарымыз да өздерінің тың әрі қамқорлықта екендігін сезінуге тиіс. Сондықтан биылғы жылды біз Алматыда аға ұрпаққа қолдау көрсету аясында өткіземіз» деген болатын. Жол картасы аясында зейнеткерлерді қаланың белсенді өміріне тарту үшін биыл Алматыда 100-ден астам мәдени-спорттық, интеллектуал­ды шаралар өтті. Әсіресе, зейнеткерлер арасында әлеуметтік туризмді дамытуға айрықша назар аударылып отыр. Осы мақсатта қалалық және таулы бағыттар, экотуризм аймақтары, топтық серуендер, туристік нысандарды жаяу аралау, туризм бойынша шеберлік сабақтары үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Орташа есеппен әр ауданнан жүз зейнеткерді ақылы спорт залдары мен би студияларына тегін апаратын әлеуметтік жоба әзірленген. Жыл сайын 4 мың зейнеткерге шипажайға жолдама берілсе, 17 мың зейнеткерге әлеуметтік көмек көрсетіледі және олардың 75 пайызы қоғамдық көліктермен тегін қатынайды. Жоспар бойынша шаһарда бүгінге дейін отыздан астам әлеуметтік клуб өз жұмысын бастаған. Нәтижесінде мыңнан астам зейнеткер компьютерде мәтін теріп, ғаламтормен жұмыс істеуді меңгеріп үлгерген. Бірер жылдың ішінде бұл көр­сет­кішті 40 пайызға жеткізу жоспарланған. 

«Жарқылдайды екен деп жас­тықты сөкпе, бәріңнің шыққан тегің сол, Қалтылдайды екен деп қарттықты сөкпе, бәріңнің барар жерің сол» деген дана хал­қымыз еңбектеген баланы да, еңкейген кәріні де ерекше құрметтеген. Ашылғанына небәрі жарты жылдың жүзі болған «Ұзақ өмір сүру» орталығына бас сұқсаңыз осы мақалдың мәніне бойлағандай боласыз. Мұнда зейнеткерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне, саламатты өмір салтын ұстануына толықтай жағдай жасалған. Әлеуметтік жобаны қала әкімдігі мен «Күміс ғасыр» қоғамдық қоры жүзеге асырып отыр. Мұнда зейнеткерлер кез келген уақытта бас қосып, пікір алмасып, заңгер, психолог, дәрігерлерден өздерін мазалаған сұрақтарға жауап ала алады. Орталықта ақсақалдар клубы, компьютерлік сынып, арнайы дене шынықтыру бөлмелері жасақталған. Зейнеткерлердің ән салып, қолөнермен шұғыл­дануына да мол мүмкіндік бар. Ең бастысы, орталық қызметі тегін. Яғни, Алматы қаласында тұрақты тіркеуі бар әрбір зейнеткер «Ұзақ өмір сүру» орталығына келе алады.

«Зейнеткерлерге жолдаманы Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау басқармасы береді. Зей­неткерлер тұрғылықты мекен-жайы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, зейнеткерлік және ме­ди­циналық куәлігін тапсыруы шарт. Қажетті құжаттарды тап­сырғаннан кейін, ХҚКО оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына жолдайды. Басқарма жолдама­сы бар қа­рияларды біздің орта­лық­қа жібереді», дейді орта­лық же­текшісі Айнұр Ешманова. Зей­нет­керлерді тасымалдау мәсе­лесі де оңтайлы шешімін тапқан. Орталықтағы арнаулы көліктер қарияларды үйінен алып кетіп, мекеме есебінен қайта жет­кізеді.

– Жол картасы «Белсенді ұзақ өмір» жобасын қалалық әкімдікпен бірлесе жүзеге асырып келеміз. Қаладағы аудандар бір-бірімен тығыз жұмыс істейді. Айталық А.Чехов атын­дағы кітапхана базасында егде жандарға арналған шахмат клубы ашылды, осы кітапханаға қоса тағы да бірқатар кітапханаларда зейнеткерлер мен ардагерлерге арналған компьютерлік курс жұмыс істеуде. Ганди атындағы сая­бақта зейнеткерлердің қаты­суы­мен күн сайын таңертеңгілік жат­тығулар жасалады. Жам­был атындағы кітапхана қабыр­ғасында егде жандар үшін қазақ, ағылшын тілдерін меңгеру мақ­сатында тілдік курстар ашыл­ды. Бұл жерде зейнеткер­лер үшін психологиялық тренинг­тер өтеді. Ардагерлер үшін шах­мат клубтарын ашу мақ­сатын­да қаладағы көптеген кәсіп­орындармен келіссөздер жүргізілуде. Зейнеткерлер велошеру, марафон, жалпықала­лық спартакиадаларға тұрақты қаты­сып тұрады. Кейбір аудан­­дарда жалғызбасты қарт­тарды анықтап, арнайы әлеу­мет­тік көмек көрсетілуде. Комму­нал­дық төлемдерін төлеу бойын­ша ақ­­параттық-түсіндіру жұмыс­тары жүзеге асты. Емханаларда медициналық тегін тексеру жұ­мыстары жүргізілді. Өздігінен жүре алмайтын қарттардың үй­леріне дәрігер мамандардың ба­рып тексеруі қамтамасыз етілді, – дейді Алматы қалалық жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасы бас­шы­сы­ның орынбасары Ләззат Жетібаева. 

Қаладағы бір ғана Бостандық ауданындағы саябақ, гүлзар, аулаларда 22 спорт алаңы ор­на­ласқан. Қариялардың денсау­лығын нығайтып, ынталандыру мақсатында түрлі жарыс­тар ұйымдастырып тұру ісі де жіті назарда. Бұл тұрғыда қала­лық саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру орталығы­ның өкіл­дері мен «Еуразия скан­динавиялық жүріс» мектебі м­амандарының қатысуымен Тұң­ғыш Президент саябағында белсенді тыл еңбеккерлері мен зейнеткерлер арасында өткен «Скандинавиялық жүріс» іс-шарасын айрықша атауға болады. Бұдан бөлек Қара жорға сияқты ұлттық билерді ұжымдаса билеу зейнеткерлердің көңілін көтереді. Қазақстанның киелі жерлерін аралау мақсатында Сарыағаш, Түркістан, Түрген, Есік қорғаны, Алакөл сынды тарихи мекендерге жасалған саяхат-сапарлар қарт­тарды қуа­ныш­қа бөлеп отыр.

Қамкөңіл қариялардың қас-қабағына қарап, көңілін аулап, оларға жан-жақты қолдау көрсету – қоғамға ортақ парыз. Осы мақ­сат­та жүзеге асып, 2018-2020 жылға жоспарланып отырған «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы жобасынан әлі де күтеріміз мол.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ