– «Мұзбалақ» толықметрлі анимациялық фильмінің идеясы қалай туды?
Тұрдыбек МАЙДАН: – «Мұзбалаққа» дейін біз саятшылық өнердің қыр-сыры жан-жақты суреттелетін 23 минуттық «Тастүлек» деген қысқаметрлі анимациялық фильм түсірген болатынбыз. Кейін осы тақырыпты кеңірек қамтуды ойлап, жаңа жобаны қолға алдық. Сөйтіп ойлана келе, «Мұзбалаққа» тоқталдық. Қазақты қыран текті халық дейді ғой. Фильмнің негізгі идеясын осыдан шығарғымыз келді.
Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Қазақ бүркіттің бес жасар кезін Мұзбалақ деп атайды. Жалпы, қыранның 1 жасынан 20 жасына дейін атауы бар. Соның ішінде Мұзбалақ – бүркіттің ең толықсыған, тегеуріні қатқан, мұзтебер жалынды кезі. Ақылдаса келе фильмнің негізгі сюжеті етіп осы оқиғаны таңдап алдық. Тұрдыбек айтып өткендей, қазақ расымен де қыран мінезді халық қой. Қыранның бойындағы тектілік, батылдық, алғырлық, адалдық және ең бастысы еркіндікке құштарлық қасиеттері қазақтың жанымен үндеседі. Сол себепті бұл тақырып бізге өте жақын болды.
– Саятшылықтың қыр-сырын шынайы жеткізу үшін фильмнің шығармашылық тобына кеңесші ретінде кәсіби мамандар тартылды ма?
Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Тұрдыбектің де, менің де балалық шағымыз сахарада өтті. Аталарымыз бен әкелеріміз өмір бойы қыран баптап, құс салып өтті. Аңға шықпасақ та бүркітшіліктің қыр-сырын көзімізбен көріп, біліп ержеттік. Қыран мінезінің бар болмысын, көзқарасын, жем жегендегі қимыл-әрекеттері мен қозғалысын сол бала кезімізде көргендеріміздің негізінде түйдік. Оның үстіне, Тұрдыбектің Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған жылы қорғаған дипломдық жұмысының тақырыбы да осы бүркітшілік хақында болды. Алтайға, Бай-Өлкеге барып, арнайы деректі фильм түсіріп қайтты. Осының барлығы біздің ізденісімізге көп көмегін тигізді.
Тұрдыбек МАЙДАН: – Фильмде басты кейіпкер – бүркіт, яғни Мұзбалақ сөйлемейді. Бірақ барлық эмоциясын көзбен, қимыл-әрекетпен береді.
– Отандық аниматорлар арасында толықметрлі картинаға баратындары сирек. Осы тұрғыдан келгенде, фильм түсіру барысында сіздер қандай түйткіл, қиындықтармен бетпе-бет келдіңіздер?
Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Біз әлемнің озық деген 9 компьютерлік бағдарламасымен жұмыс істедік. Жанымызға білікті, жаңашыл жастарды жинадық. Жалпы, өнердің қай саласы да табандылықты талап етеді. Анимацияда бұл талап тіпті күшті. Хронометрі 67 минутты құрайтын фильмді жасау үшін барлығы 96 500 сурет салдық. 2D және 3D форматында жасалған фильмнің әр секундында 24-25 кадр сурет орналастырылды. Әр суретті қайталап отырып үш реттен түсіруге тура келді. Оны бояу жағы тағы бар. Осының барлығын компьютерлік озық бағдарламалардың көмегіне сүйене отырып жүзеге асырдық.
Тұрдыбек МАЙДАН: – Шет- елдермен, әсіресе «Уолт Дисней» (The Walt Disney Company) компаниясының туындыларымен салыстырғанда, әрине, бізге сапалы фильм түсіруде әлі де үлкен ізденістер және қомақты қаржы керек. Бірақ ТМД елдерінің ішінде қазақ анимациясының деңгейі көш бастап тұр. Оған біз осы фильмді түсіру барысында көз жеткіздік. Уақыттың тапшылығына байланысты, көршілес мемлекеттердегі мамандардан көмек сұрай хабарласқанымызда, Беларусь еліндегі әріптестеріміз біз пайдаланып жатқан бағдарламалардың әлі өз елдерінде қолданысқа енбегенін мәлім етті. Соған қарап шынымен-ақ марқайып қалдық.
– Ал біздегі аниматор мамандардың біліктілік деңгейі қандай? Жалпы, фильм түсіруде кадр мәселесі қалай шешілуде?
Тілек ТӨЛЕУҒАЗЫ: – Бұл жағынан, әрине, Аллаға шүкір деп айтуға болады. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен колледжінің, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен Шымкенттегі өнер колледжінің студенттері мен түлектері арасында іріктеу жүргізіп, осы саланың білікті деген мамандарын тарттық. «Мұзбалақты» жарыққа шығаруға 40-тан аса аниматор маман жұмылдырылды. Жалпы, анимацияда әр кейіпкермен бір-бір маман жекелей жұмыс істеу керек. Бірақ біздің саладағы әлі де болса білікті кадрлардың тапшылығына байланысты, бір аниматордың бірнеше кейіпкермен жұмыс істеуіне тура келді. Десек те мұны уақытша мәселе деп санаймыз.
– Ал фильмнің бюджеті ше? Жоспарларыңыздағы дүниені өмірге әкелу үшін жобаның қаржыландырылуы көңілдеріңізден шықты ма?
Тұрдыбек МАЙДАН: – Қазір қандай отандық фильмді алсаңыз да, шектеулі қаржыға түсіріледі ғой. Аздаған ақшадан үлкен өнер тудыру қажеттілігі қай уақытта да болған. Бірақ соған қарамастан, біздің жылт еткен идеямызды қолдап, демеу білдірген Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Ғафуұлына үлкен алғысымызды білдіреміз.
– Әңгімелеріңізге рахмет.
Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»