Үкімет • 25 Қазан, 2018

Б. Сағынтаев ДДСҰ бас директоры Т. Гебрейесуспен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Қазақстанға 25–26 қазан күндері өтетін Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) жөніндегі жаһандық конференцияға қатысу үшін келген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесуспен кездесу өткізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. 

Б. Сағынтаев ДДСҰ бас директоры Т. Гебрейесуспен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады

Кездесу барысында әлемде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, медициналық қызметтер мен білімнің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру аясында заманауи цифрлық технологияларды енгізуге қатысты өзара іс-қимыл және ортақ тәсілдерді әзірлеу мәселелері талқыланды.

Б. Сағынтаев Т. Гебрейесус мырзаға Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясы қабылданған күннен бері 40 жыл өтуіне орай өткізілгелі жатқан Жаһандық конференцияны ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, осындай маңызды қорытынды құжат қабылданатынына сенім білдірді.

1978 жылы Алматы қаласында әлемдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі әсер еткен Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі Алматы декларациясы қабылданды. Аталған ауқымды шараның арқасында Қазақстанның әлемдік денсаулық сақтау қоғамдастығы алдында беделі артты.

Еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 1992 жылдың 19 тамызында, ұйымның 180-мүшесі болып қосылды. Қазақстан географиялық жағынан ДДСҰ-ның Еуропалық аймағына жатады. Бүгінде ДДСҰ мүшелерінің саны 194 мемлекетке жетті.

Қазіргі таңда Қазақстан мен ДДСҰ арасында тығыз серіктестік қатынастар қалыптасқан.  ДДСҰ шаралары аясында жұқпалы емес және жұқпалы аурулармен, әсіресе полиомиелитпен, туберкулезбен күрес және халықаралық денсаулық сақтау ережелерін жан-жақты насихаттау бойынша қарқынды жұмыс атқарылды. ДДСҰ ана мен бала денсаулығын қорғау, туберкулез және АИТВ/ЖИТС алдын-алу және бақылау, санитарлық қызмет көрсетуді жақсарту секілді мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда Қазақстанға тұрақты техникалық және консультациялық көмек көрсетіп келеді. Денсаулық сақтау саласындағы тұрақты даму бойынша көздеген мақсаттарға жету үшін көп жұмыс жасалуда.