Спорт • 25 Қазан, 2018

Джонсонмен жұдырықтасқысы келеді

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ережесіз жекпе-жектен түрлі халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген қазақ спортшысы Қайрат Ахметов аса жеңіл салмақтағы UFC-дің экс-чемпионы, америкалық Деметриус Джонсонмен жұдырықтасқысы келетінін мәлімдеп, өзінің бұл өтінішін ол ONE ҒС ұйымының басшыларына жолдады. 

Джонсонмен жұдырықтасқысы келеді

Өзінің әр жеңісінен кейін «Қара жорғаны» нақышына келтіріп билейтін 31 жастағы Қайрат Ахметовты жанкүйерлер жақсы біледі. «Қазақ» деген бүркеншік есіммен танымал қандасымыз «Алаш Прайд» клубының қатарына қосылып, 2010 жылдан бері кәсіпқойлар арасында бақ сынап жүр. Алғашқы жеті жылда ол бірде-бір рет жеңілген жоқ еді. Тіптен, 2015 жылдың 21 қарашасында бразилиялық Адриано Мораесті ұтып, ONE ҒС ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Басқа да халықаралық жарыстарда Ахметов айқын жеңістерге қол жеткізді.

Алғаш рет Қайрат 2017 жылдың 5 тамызында дәл сол Адриано Мораестен қарымта кездесуде жеңілді. 2018 жылы 26 ақпанында филипиндік Джехе Эустакиоға есе жіберді. Екі ретінде де қандасымыз ұпай санымен ғана ұтылды. Осыдан бір айдан аса уақыт бұрын өткізген өзінің соңғы жекпе-жегінде қазақ спортшысы қытайлық Ма Хао Биннен басым түсті. Барлығы ол 20 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетті. 11 қарсыласын айқын ұтты.

Қайрат Ахметовке қарсылас атануы мүмкін Деметриус Джонсон 32 жаста. АҚШ-тың Кентукки штатынның тумасының күні бүгінге дейін бағындырмаған белесі жоқ. 2012 жылдың күзінде UFС ұйымының чемпиондық белбеуін иеленгеннен соң ол сол атағын 11 мәрте сәтті қорғады. Бұл – рекордтық көрсеткіш! Үстіміздегі жылдың 4 тамызында өз отандасы Генри Сехудодан ұпай санымен ұтылып, алтын белбеуден айырылды. «Қуатты тышқан» деген бүркеншік есіммен танылған Джонсон барлығы 31 кездесу өткізіп, 27 рет жеңіске жетті. 15 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Үш рет ұтылып, бір бәсекеде тең есеп тіркелді.

Деметриус Джонсонның ONE ҒС ұйымына ауысатынын естіп қатты қуандым. Тіптен, шаттандым десе де болады. Ол ережесіз жекпе-жекте ғана емес, күллі спорт әлемінде түбегейлі мойындалған тұлға. Дәл осындай деңгейі аса жоғары, аты аңызға айналған спортшымен айқасу менің көптен бергі арманым еді, – дейді Қайрат Ахметов.

Расында да, бұл бір керемет айқас болатын еді. Әсіресе, қазақ жанкүйерлерінің ерекше шаттанатыны анық. Өйткені, ережесіз жекпе-жекті серік ететін жігіттеріміздің дені көбіне-көп деңгейі төмен немесе ортаң қол спортшылармен айқасып жүргені жасырын емес. Ондай «ұсқынсыз көріністер» жанкүйерлерді де жалықтырды. Олай болса, Қайрат Ахметовке ақ жол тілейік. Қандасымыздың жоспары жүзеге асып, Деметриус Джонсонмен айқас алаңында жолықсын! 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан

Соңғы жаңалықтар