Әлем • 29 Қазан, 2018

Шығыс Азия аймағының қауіпсіздігі алпауыт елдердің қолында

1110 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан ядролық қа­русыз әлем құрудың тиімді, ізгілікті жолын іс жүзінде көрсетіп келе жатқан мемлекет. Сондықтан да біздің еліміз әлемдік қа­уіпсіздік саласына тікелей қатысты дау-дамайлар мен кикілжіңдерге сергек қарайды. Осы орайда АҚШ тарапының таяу­да жариялаған Орта жә­не қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімнен шығуға ниет танытқан мә­лім­демесі нені білдіреді? Бұл жағдай қандай сал­дарларға соқтыруы мүмкін?

Шығыс Азия аймағының қауіпсіздігі алпауыт елдердің қолында

Қарулану жарысы қайта бастала ма?

АҚШ президенті Дона­льд Трамп 20 қа­занда Ақ үй мен Кремль арасын­дағы Орта және қысқа қашық­тыққа ұшатын зымыран­дарды жою туралы келісім­шарттан бас тартатынын мәлім­деді. 1987 жылы АҚШ президенті Рональд Рейган мен КСРО-ның бас xатшысы Михаил Горбачев қол қойған бұл келісімшарттың басты мақсаты құрлықта орналасқан ядролық зеңбіректер мен басқа да зеңбіректерді орта және қысқа қашықтыққа тасымалдай алатын зымырандарды жою болатын. Теңізде және әуеде пайдаланылатын зымырандар бұл талапқа кірген жоқ.

Орта қашықтыққа ұшатын зымы­рандарға 500 шақырым мен 5500 ша­қы­рымға дейін ұшып бара алатын бал­лис­ти­калық және қанатты зымырандар жатады (1000 шақырымға дейін – қысқа қашықтық, 1000 шақырымнан 3000 шақырымға дейін – орташа қашықтық, 3000 шақырымнан 5500 шақырымға дейін – орта қашықтық). Келісімшартқа сәй­кес, АҚШ пен КСРО, кейі­ні­рек АҚШ пен Ресей осындай бір­неше категориялардағы зы­мы­рандарды жасап шығар­мауға, сақтамауға және орна­лас­ты­рмауға міндетті еді. Алай­да атал­ған Келісім орта және қысқа қашықтыққа ядролық зең­бі­ректерді тасымалдай алатын зымырандарды жою­ды ғана қамтып, ядролық зеңбіректерді қысқартуды немесе жоюды мақсат еткен жоқ.

Бұл мәселелерді тәптіштеп түсін­ді­рудің өз себебі бар. АҚШ пен Ресей Ке­лісімшартқа сәйкес өз елдерінде орта жә­не қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жоюға және жаңаларын жасап шығармауға уағдаласып жатқан кезде өзге алып ел өз же­рінде дәл осы категорияларға жа­татын зымырандардың санын кө­бейтіп жатты. Ол – Қытай елі. 

АҚШ тарапы осы жолы Келі­сім­шарттан шығуды қарасты­рып отырғанын мәлімдеді. Бұған Ре­сей­­дің 2014 жылдан бастап жаңа қа­нат­ты зымырандарды жа­сап жат­қанымен байланысты еке­­нін алға тартып, солтүстіктегі көр­ші­­мізді кінәлап отыр. Әйтсе де пре­­зидент Д.Трамп АҚШ тара­пы­­ның мұндай байламға келуі­нің бас­ты себептерінің бірі ретін­де Қы­тай­дың да осы салада кү­шей­ге­нін атап өтті. АҚШ әскері­нің бір­қатар жоғары шенді тұлға­лары Келісімшартқа Қытай да қосыл­са, бұл елде жасалған 2000 зы­мы­­ран­ның 95 пайызы болмас еді дегенді алға тартады. Ендеше, Қытай­да бү­гінде 1900 орта және қысқа қа­шық­­тыққа ұшатын зымыран бар деп қоры­тынды жасауға болады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласының белгілі маманы, АҚШ Республикашылар партиясының мүшесі, сенатор Томас Коттон 21 қазанда былай деп мәлімдеді: «АҚШ-тың Келісімшарттан шығуға қатысты шешімінің астарында Ресейден бұрын Қытай факторы жатыр. Өйткені орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарға қатысты Қытайға ешқандай шектеу қойылмаған, сондықтан бұл ел көптеген зымыранды жасап шығарып, өз елінде орналастырып, АҚШ пен оның одақтастарына үлкен қауіп төндіріп отыр. Ал АҚШ болса ондай зымырандарды жо­йып, жаңадан жасап шығармауға міндеттеме алып келді».

АҚШ-тың әскери билігі де Шығыс Азия елдері мен НАТО-ға мүше елдердің қауіпсіздігіне Қы­тай­­дың зымырандарынан төніп тұрған қауіп туралы мәлім­­де­мелер жасап отыр. Осы жыл­­дың наурыз айында АҚШ Сенаты­ның әскери мәселелерге қатысты комитетінде Азия және Тынық мұxиты айма­ғындағы америкалық бірлескен әскер­дің қолбасшысы Гарри Харрис (қазіргі АҚШ-тың Оңтүс­тік Кореядағы елшісі): «Қытай әскері баллистикалық зымырандар жасау саласында көптеген же­тіс­тіктерге қол жеткізіп, әртүр­лі ка­те­гориядағы зымырандарды жасап, олардың форматтары мен дәлділік көрсеткіштерін жақ­сартуға көп күш жұмсап отыр. Олар­дың арасында, әсіресе теx­но­логиялық тұрғыдан ең қатты дамып келе жатқаны – орташа қашықтықтағы зымырандар (IRBM). Қытай еліндегі зы­мы­рандардың 90 пайыздан астамы зымыранның дәл осы түрі», деп мәлімдеген еді. Оның айтуынша, қытайлық бұқара­лық ақпарат құралдары елдегі жаңа зымырандарды үлкен мақ­танышпен жарнамалаған сайын олардың ешкімге қарсы қол­даныл­майты­нын қайталап жүр. Бірақ әр зымы­ран­ның қандай қашықтыққа ұшып бара алатыны жайындағы ақпараттан қай зымыранның қай елге қарсы жасалғаны жайлы анық түсінуге болады. «Егер қысқа қа­шық­­­тыққа ұшатын зымырандар Тайвань мен осы аймақтағы аме­ри­­калық ұшақ тасымалдаушы кеме­лерді нысанға алып отырса, орта қашықтықтағы зымыран­дар Жапонияда орналасқан аме­ри­калық әскери базалар мен амери­ка­лық Гуам аралдарын ны­са­наға алған. Осындай қауіп­ке тежеу қою үшін АҚШ әс­кері де Қытай территориясын ныса­на­­ға ала алатын зымыран­дар­ды қол­да ұстап тұруы қажет. Бірақ АҚШ пен Ресей арасындағы Келісім­шартқа сәйкес америкалық тарап жерде орналастырылатын орта қа­­шық­­тықтағы зымырандарды иелене алмайды, сондықтан АҚШ пен Қытай арасында теңсіз­дік жағ­дайы туындады», деді Г.Харрис.

Осылайша АҚШ өкілі Ақ үй тар­апының Қытайдың орта қа­шық­тыққа ұшатын зымырандарына қарсы шара қолдануға қолы байланып отырғанын алға тартып, Аспанасты еліне қарсы күші төмендеп отырғанына алаң­даушылық танытты. Бұл Шығыс Азиядағы елдердің, соның ішінде әсіресе Жапонияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесімен тіке­лей байланысты. Яғни, Қытай әскерінің қолында Жапонияға дейін ядролық зеңбірек тасымалдай алатын жүздеген орта қашықтықтағы баллистика­лық және қанатты зымыран бар. Ал Жапонияда оның біреуі де жоқ. Ал одақтас мемлекет ретінде Қытай және басқа елдер­ден Жапонияны қорғауға міндет­ті АҚШ-тың өзінде ондай зымы­ран­дардың аз, тіпті жоқтың қасы екенін ескерсек, онда расында Шығыс Азия аймағында әскери және қару-жарақтық теңсіздік туындағанын байқау қиын емес.

АҚШ партияларының өкіл­дері, АҚШ-тың барлық прези­дент­тері тежегіш күшті мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ба­ғытталған саясаттың басты тұ­ғы­ры етіп келді. Бірақ, орта қа­­шық­тықтағы зымырандарды азайту мен жоюды көздеген Келісім­шарттың талаптарын орындау АҚШ-тың тежегіш күшін әлсі­ретіп, қауіпсіздік тұрғысынан тиімсіз жағдайға әкеп соқты.

Орта қашықтыққа ұшатын зымырандарын көптеп ұстап отырған Қытай ғана емес. Соңғы жылдары Солтүстік Кореяның өзі АҚШ-қа сес көрсеткені белгілі. Сондықтан америкалық саясаткерлер арасында АҚШ-тың аталған Келісімшарттан шығып, Шығыс Азиядағы қару-жарақтық теңдікті орнату қажеттілігі туралы біраз уақыттан бері айтылып келе жатыр. Тіпті, АҚШ тарапынан аймақтағы одақтас мемлекет болып отырған Жапонияға қатысты нақты мәлімдемелер де жасалған болатын. Мысалы, бүгінгі таңда Д.Трамп әкімшілігінде Шығыс Азия аймағындағы қауіпсіздік мәселелеріне жауапты қорғаныс министрінің көмекшісі қызметін атқарып отырған Рандалл Шрайвер «Project 2049 Institute» атты ана­литикалық орталықты бас­­қа­­рып жүрген кезде 2011 жылы дайын­даған «ХХІ ғасырдағы Азиядағы одақ» атты қауіпсіздік­ті қамта­масыз ету саласына қа­тысты стратегиялық құжатта Жапо­ния­ғ­а қатысты төмендегідей мә­­­лім­­­­де­мелер жасаған: «Қытай Жа­­по­нияға шабуыл жасай алатын орта қа­шық­тықтағы зымырандарды көп­теп орналастырып, қауіп төн­діріп тұрғанына қарамастан, Жапо­нияда ондай қауіпті тежей ала­тын күш жоқ. Егер Қытай Жа­по­нияға шабуыл жасай қалса, оған лайықты тойтарыс берілуі үшін, Қытай иеленіп отырған орта қа­шықтықтағы зымырандар Жа­понияда да болуы керек. Сонда ғана Жапония Қытайдан келер қауіпті тежей алуы мүмкін. Егер Жапония өзін-өзі қорғау мақ­са­тында орта қашықтықтағы зымыран­дарды жасап шығарып, оларды тиісті жерлерге орналастырма­са, онда Қытайдан келетін қауіп­к­е қарсы жалғыз тежегіш күш АҚШ-тың зымырандары ға­на бо­­лып қала береді. Бірақ АҚШ-тың бұл категориядағы зы­мы­рандарына АҚШ пен Ресей ара­сын­дағы Келісімшарт тыйым салып отырғанын ескерсек, Қы­тай­­дан келер қауіпке қарсы те­же­­гіш күшті қамтамасыз ету мақ­­са­тында АҚШ аталған Келі­сім­­­шарт­тан шығуды қарастырғаны жөн».

Осылайша Жапонияның қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін АҚШ-тың Келісімшарт талаптарын орындаудан бас тартуы тиіс деген ұсыныстар америкалықтар арасында осыдан жеті жыл бұрын айтыла бастаған еді. Оның үстіне мұндай ұсынысты жасаған адам бүгінгі таңда АҚШ Қорғаныс министрінің көмекшісі ретінде жоғары лауазымды және жа­уапты қызмет атқарып жүргенін ескерсек, Д.Трамп әкімшілігі АҚШ пен Ресей арасындағы атал­ған Келісімшарттан бас тартса, Жапония үкіметі оған қарсы бол­майтыны анық. Өйткені ондай жағдайда АҚШ-тың орта қашықтыққа ұшатын зымырандары жапон жеріне де орналас­тырылады және бұл Жапония үшін сырттан келер қауіпке қарсы тежегіш күшке айналады.

Алайда АҚШ өзі мен одақтас­тарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Келісімшарттан бас тартқан жағдайда мұндай әре­кеті арқылы Ресей және Қытай мем­лекеттерімен қарым-қаты­нас­тарын одан әрі нашарлатып алатыны айтпаса да белгілі. Оған қоса, АҚШ-тың мұндай шешімі Қытай мен Ресейді одақтас санайтын Солтүстік Кореяның да ядро­лық қаруды жоюға қатысты АҚШ және Оңтүстік Корея басшыларымен өткізіп келген келіссөздеріне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Азия-Тынық мұxит аймағындағы, әсіре­се Шығыс Азиядағы қауіп­сіз­дікті қам­тамасыз етуге бағыт­талған АҚШ-тың саясаты «былай тарт­саң арба сынады, былай тарт­саң өгіз өледінің» дәл өзі болып тұр. Қайт­кен күнде де Шығыс Азия­дағы ахуал әлі де өзгермей, тіпті xа­­лық­­аралық қатынастар жүйе­сін­де ең маңызды орында тұраты­ны анық.

Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы, 

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

Соңғы жаңалықтар