Президент • 26 Қазан, 2018

Елбасы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтады

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына орай ауылшаруашылық саласының еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Елбасының құттықтауын «Astana AgroForum-2018» республикалық кеңесінде Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев оқып берді. 

Елбасы егін орағының табысты аяқталуымен құттықтады

− Құрметті ауыл еңбеккерлері! Аграрлық сектор дамыған Қазақстан үшін астық жинау науқаны əр­дайым маңызды оқиға саналады. Ауа райының қолайсыздығына қа­ра­мастан биылғы жиналған мол өнім сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің нәти­жесі. 22 млн тоннадан астам дəнді жəне дəнді-бұршақты дақыл жиналды. Бұл ішкі сұранысты толық қам­тамасыз етіп қана қоймай, шетел нарықтарына үлкен көлемде астық пен ұн экспорттауға мүмкіндік береді. Мұндай жоғарғы көрсеткіш Қазақстанның əлемдегі ірі астық өнімдерін өндіруші елдердің бірі екенін тағы да айғақтай түседі, – делінген құттықтауда. 

Елбасы ауыл шаруашылығында жүргізілген жүйелі реформалардың арқасында стратегиялық маңызы зор саланың əлеуеті мен инвестициялық тартымдылығы едәуір артқанын да атап өтті.

− Мемлекет алдағы уақытта да агроөнеркəсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіп, заманауи технологияны тартуға, еңбек өнім­­ділігін молайтуға, оның жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін күшей­туге жағдай жасайтын болады. Елі­міздің барлық еңбеккерлерін 2018 жылғы егін орағының табыс­ты аяқ­талуымен құттықтаймын! Қазақ­стан халқы сіздердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, эко­номиканың өсуіне жəне еліміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңізді жоғары бағалайды», – делінген құт­тықтауда.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ауылшаруашылық өнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауылшаруашылық өнім­дерінің экспортын 5 жылдың ішінде кемінде 2 жарым есеге арттыру міндеті қойылған. Бұл межеге қол жеткізу үшін аталған салада серпінді бастамалар мен тың жобаларды жүзеге асы­ру қажеттігі түсінікті. Екі күнге созыл­ған «Astana AgroForum-2018» шара­сын­да аграрлық сала мамандары бас қосып, АӨК-ті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масын кеңінен талқылады. Соны­мен қатар «АӨК ұзақ мерзімді бағдар­ла­ма­лары: мал шаруашылығы мен өсім­дік шаруашылығының са­ла­лық бағдар­ла­малары», «Тұқым шаруашы­лығының да­муы», «Жерді ұтымды пайдалану», «Аг­рарлық ғылымның кәсіппен бірігуі» та­қырыптарында панельдік сессиялар өтті. 

Жиында сөз алған Премьер-Ми­нис­­трд­ің орынбасары – Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Өмірзақ Шөкеев ағым­дағы жыл­дың қорытындысы бойын­ша Қа­зақ­станнан шет мемлекеттерге экс­порт­талған ет көлемі 15 мың тоннаға жет­кендігін хабарлады. 

− Ет бағдарламасына сәйкес мақсаты­мыз – зәкірлік кооперациялар жүйесін және шамамен 100 мың шағын отбасылық ферма құру. Кооперация құрамында мал бордақылау алаңдары мен ет комбинаттары жұмыс істейтін болады. Ал сүт саласындағы мақсатымыз – алдағы бес жылда 1 млн тонна сүт өндіру. Мұнда да негізгі тетік ірі сүт-тауарлық компаниялармен жұмыс істейтін отбасылық сүт фермалары болмақ, – деді Ө.Шөкеев.

Оның айтуынша қазіргі уақытта бұл бағдарламалар жеміс беріп жатыр. Мәселен, 2017 жылы еліміз 5,5 мың тонна ірі қара мал етін экспортқа шығарса, осы жылдың 9 айында ғана экспортқа жөнелтілген ет көлемі 11 мың тоннадан асып жығылды. 

− Біз жыл соңына дейін 15 мың тонна сиыр етін экспортқа шығарамыз деп толық сеніммен айта аламыз, – деді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, Қазақстаннның алдағы бес жылда құс етін өндірудегі әлеуеті артып, көлемін 5 есе ұлғайту жоспарланып отыр. 
− Оған толық мүмкіндік те бар. Мә­се­лен, таяуда Макинскіде біздің өлшеммен өте үлкен саналатын, жылына 50 мың тон­на құс өтін өндіретін фабриканы аштық, – деді Үкімет басшысының орынбасары.

«Astana AgroForum-2018» шарасы аясында бірыңғай аграрлық салық енгізу және Қазақстан азаматтары үшін ғана жерді жалға беру жөнінде арнайы инс­титут құру туралы ұсыныстар айтылды. Кеңес барысында Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі мен «Қазақстанның Азамат­тық Альянсы» ортақ меморандум бекітті. 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»