Өнер • 26 Қазан, 2018

Бекжан ТҰРЫС: Өнердің атасы – мұң, анасы – нұр

1623 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
Бекжан ТҰРЫС: Өнердің атасы – мұң, анасы – нұр

– Театр қойылымдарынан қалмай, премьераларды қада­ғалап жүретін тұрақты көрер­мен бүгінгі актерлердің оқуын бітіріп келе сала басты рөлді ой­нап жататынын анық байқар еді. Осыған орай актер де жылдам танымал болады. Сіздің де жұлдызыңыз ерте жанды ма?

– М.Әуезов атындағы драма теа­трына 1991 жылы жұмысқа қабылдандым. Ол кездегі театр мектебінің бөлек, әдебінің басқа болғанын айтпасам да түсінікті болар. Театр режиссурасының тайбурылы Ә.Мәмбетовтің басқа қырын ысырып қойғанда, тек жұмыс істеу тәсілі бойынша арнайы кітап жазып шығуға бо­лады. Ол кісі актерді ұзақ уа­қыт сынап байқайтын. Актер алдымен көпшілік сахнасында жүріп бой үйретеді, елеусіз еңбек етіп жүріп ысылады. 

Татьяна Касымовна деген ұстазымыз менің массовкадағы рөлдерімді байқап жүретін болуы керек: «Бекжан, жоқ жерден жұрт­тың есінде қалатын бейне жасап шығаратының-ай сенің. Бұл сенің ізденімпаздығың, әттең, сен туралы жазатын замандасың жоқ» дейтін. Айтпағым, актер ешқашан «массовка, эпизод» деп қарамауы керек. «Қой асығы деме, қолайыңа жақса сақа қой» деген сөз осыған байланысты айтылғаны анық. Әлі есімде, театрымызда 1995 жылдары «Генуядағы қастандық» деген спектакль қойылды. Осы қойылымда менің пешенеме тұң­ғыш рет төрт ауыз сөз айту бақыты бұйырды. «Көрермен менің дауысымды еститін болды-ау» дегенді ойлағанда, жүрегім дүрсілдеп, дегбірім қашып ке­тетін еді. Ал енді осылайша сах­наға кіріп-шыққанның өзіне төбеміз көкке жеткендей болып жү­ріп, біз қалай жұлдыз боламыз? «Өнердің баспалдағын адал атта» деген сөзді аманат етіп ұстанып, сезімтал жандардың серігі болған сахнаны кие деп ұғатын театрымызда даңдайсыған жұлдыздық жүрмейтін де. Ағалардың жанын­да ондай шалық қайда-а-а-а, бір қа­рап-ақ шайтаныңды қағып алады. 

– Ілгеріде республикалық басылымдардың бірінің бетінде театр сыншысы Ә.Сығай М.Әуе­зов театрын сынға ала ке­ліп: «анау жап-жас Бекжанға шал­дың рөлін ойната-ойната, шаруасын әбден бітірді» деп реніш білдіргені есімізде. Сыншының осы пікіріне рен­жіген жоқсыз ба? 

– Жоқ, ренжіген жоқпын. Ол кезде тек шалдың ғана рө­лін ойнаған жоқпын ғой, бас­қа да рөлдерім бар болатын. Әшағаң менің театрдағы бар­лық жұмысымды байқады, рөл­дерімді көрді деп айта алмай­мын. Қазақстанда елуден аса театр бар, соның бәрін көріп, бағасын беруге ол кісінің уақыты да болмаған шығар. Қазақ көрерменіне беймәлімдеу болып келген бенефис спектакльмен 40 жасымды атап өткенім ел есінде болар, тосындау жанрмен өзімді толғандыратын сұрақтарға шарқ ұрып сахнада жауап іздеген кешімді арнайы келіп көрген Әшағаң тек осыдан кейін ғана маған бірінші рет назар салды. Бірақ кездесіп қалғанда үнемі: «Бекжан, сен штампқа ұрынып қалма, сен Ричардты ойнауың керек, сен Сырымды ойна» дейтін. Ричард пен Сырымды қай актер ойнағысы келмейді, әрине ойнағым келеді, бірақ оны маған кім беріпті? Үлкен рөл күтіп өмірін өткізіп алған әр­тістер аз емес, сондықтан үлкен-кіші рөл деп бөліп-жарып жат­пастан, жанымды салып ойнауға тырысатыным өзіме аян. Жасыратыны жоқ, Әшірбек аға мені жақсы көрді. «Бекжан шыға келгенде саxнаға бейнебір қазақ даласы көшіп келгендей әсерде боламын. Оның дауыс мәнері, үнінің интонациялық бояуы, рең-ажары қазақ псиxологиясының шуағын шашады» деуші еді марқұм. 

– Көрерменді былай қой­ғанда, театр әлемінің өзінде пі­кір қақ жарылып тұр: бірі баяғы көркемдік кеңес бол­маған соң театрлар не болса, соны қоятын болды десе, кей­біреуі, керісінше, қазақ театр­ларына әлі де еркін көзқарас жетіс­пейді дейді. Қатаң қада­ғалайтындай ұлттық театрлар уытты тақырыптарға баяғы­дан жоламайды, бәлкім тал­ғам төмендеп кеткен болар?

– Ескілікті аңсап отырған еш ­нәрсем жоқ. Бірақ осындайда салыстыруға тура келіп қалады. Соңғы жылдарға дейін театрда жаңа спектакль төрт-бес ай дайын­далатын еді. Қазір театрлар жоспар орындайтын өндіріс орнына айналды. Рас, уақыт талап етіп отырған қажет тақырып, сахнаға кезексіз шығуы тиіс көрерменді қызықтыратын тың дүние болуы мүмкін, бірақ екі аптаның ішінде спектакль дайындап шығару дегенді өз басым түсіне алмаймын. Мысалы, «Адасқақта» Біржанды ойнадым. Әдеби шығарма ретінде екі-үш қайтара оқып барып әрең түсінетін «Адасқақты» спектакль етіп қоюдың қиындығын шығарманы бастан-аяқ білетін адам ғана түсінеді. Осындай салмағы зіл батпан кесек туындылар жоғарыдан түскен жарлыққа, «уақыт қысып барадыға» көне ме, айтыңызшы?

– Атақты, табысты, қадірлі бола тұра, орта жасқа келген кез келген адам «жан то­қырауын» бастан кешеді. Кезеңдік дағдарыс сіздің ба­сыңыздан қалай өтті? 

– Шынымды айтсам, басымды тауға да, тасқа да соққан арпалысым ертерек басталып кетіп, 40-қа дейін аласұрдым-ау осы мен. Одан кейін жан азабына түстім деп айта алмаймын. Кіршіксіз таза өмір сүрдім деп те айта алмаймын. Ет пен сүйектен жаралған адам болған соң кемшіліксіз болмауың мүмкін емес. Кейде ісіңнен, кейде сөзіңнен қателесіп жатасың. «Өкінішім, әттеңім, босқа өткіз­ген сәттерім» жоқ емес, бар. Жетім өкпем желкілдеп жүрген кезде, тобырға ілесіп, топалаң-селге қаштым. Бірақ адамдар арасында әлсіздікке бой алдырып, жеке өзіме қиянат жасағаныммен, өнерге қиянат жасамадым. Оған менің өкінбейтін өмірімнің таза­лығы куә. Керісінше, бұрын­ғыдай емес, кең ойлап, кең пі­шетін болдым. Өткеннің өне­гесінен үлгі ала отырып жаңаның биігіне қарай қадам бастым десем болады. Өмірде де, өнерде де әділетсіздікті суқаным сүй­мейді. Қазір балаларымның ерте­ңіне, ұлттың келешегіне көп алаңдаймын. Тек мен емес, жалпы есі дұрыс адам солай ойлауы тиіс деп ойлаймын. 
Қоғамның қадір-қасиеті, ең алдымен, адамды қалай ардақ тұтумен өлшенуі керек ғой... Біз – тұтынушы қоғам құрдық, яғни дүниеқор, ақша алдына шыққан, руxани құндылықтары кейін қалған қоғам. Ұлттық тәрбиенің тізгіні бос... Өйтіп-бүйтіп ақылмен түзеп алатын, түзеуге келмесе, шүкірім мен сабырымды шақырып, жеңіп алатын менің жеке басымның дағдарысын қойшы, ұлттың басындағы осы қиындықты қалай түзейміз?

– Актерлер бір-бірінен мақ­­тауды аямайтын, мақтау естісе жалы күдірейіп, одан әрі ра­қаттана түсетін қызық халық екен. Актер өмірі тек мақтау мен басқалардың оларға иіліп құр­мет көрсетуінен ғана тұра­тын сияқты әсер беретіні бар. Сы­ғай кеткелі театр актерлері сынды ұмытты-ау осы...

– Сынды көтере алмайтын жағ­дайға жеттік. Кейде ащы сын есту біздің буындағы бей­бақтармен ғана аяқталған болар деп ойлаймын. Бүгінгі сыншылар да жалтақ, ашып айтуға қорқады. Сын айтылса, бетіміз бір уыс болып жиырылып, сын айтқан адамды жек көреміз. Кішкентай тиігізіп айтса, бүргеше талап жейміз. Осылай жек көруден барып кектену кеселі басталады. Өнер адамына бардан гөрі жоқты көбірек айту пайдалы, бардың парқын жоқтың нарқы өсіреді. Сынды көп естідік, күнде естідік, рас, қазір жас әріптестерім сын естігісі келмейді. «Жасы кіші ғой» деп бір ауыз сын айтсаң, «ол сіздің өз пікіріңіз», дейді. Құлағының мақтауға үйреніп алғаны сонша, басқа сөзді қа­былдай алмайтын жағдайға жеткен. Кем таланттарға беріліп жат­қан бағаны көргенде, шын талант­тардың бәсі түседі. 

– Соңғы бір жылдың ішінде гас­трольмен Англияға да, Авиньонға да бардыңыздар. Олардан не үйренуге болады екен? 

– Соңғы жылдары әртүрлі деңгейдегі театр фестивальдері елімізде де, шетелдерде де жиі ұйымдастырылып жүр. Қазақстан театрларының бірі баяу, бірі қар­қынмен, әртүрлі ырғақта ізденіс үстінде келе жатқаны сондай алаңдардан байқалады. Әлем театрларымен салыстырғанда, ұлттық театр өнерінің әлі де кенжелеу екені рас. Бірақ өзіндік қомақты орны бар екені бәрібір аңғарылады. Францияның Авиньон қаласына 3000 театр қа­тыс­қан дүниежүзілік театр фес­тиваліне барып келгенімізден ел хабардар. Байқағаным, солар­дың әрқайсысы өз келбетін, өз даму бағытын көрсетуге тырысады. Жалпы, өнердің болмысы ұлттың қайнаған тіршілігімен тамырлас болмаса, ол өнер емес. Экспериментальды дүниелерге мүлде қарсылығым жоқ, оны жауып тастасаң, театрды да, мәдениетті де тұншықтырып өлтіресің. Есікті айқара ашып тастасаң, төлтумалық сипатыңнан айырылып өлесің. Сорақысы да осы. Өз төлтумалығымыздан, өз ұлттық бейне-бедерімізден үр­кіп қашатын жалғыз біз ғана шығармыз деймін кейде. Жастардың көбі тарихын, бай мұрасын білмейді, дәстүрін бағаламайтын ұрпақ өсіп келеді. Қорқасың, өйткені осылардың арасында менің де ұлым өсіп келеді. Айтпай-ақ өз жөніммен жүрейін десем, мен баламның мінезін білемін, ертең бетіме басады. «Сол ортада сен де жүрдің, әке. Неге айтпадың?» дейді. Театр ғана емес, жалпы қазақтың өнеріне жабысқан бір дерт, өзге мәдениетті көшіретін рухани құлға айналдық, осының зардабы қалай болар екен деп соған қамығамын.

– Бұрын КВН-да ойна­ған, бүгінде жастарды ұйым­дастырып жүрген бір белсенді аза­матты теледидардың ти­тр­ы­­­на «қоғам қайраткері» деп жаз­ды. Қадірсіз, жалған қай­рат­керлердің көбейгендігін немен байланыстырасыз?

– Кейде керемет жарқырап тұр­ған қолдан жасалған адам мү­сіндердің арасында өмір сүріп жүргендей боласың. Арлының – сорын, арсыздың – түгін қайнатып, жылпостың жүзін жайнатып қойдық. Қазіргі өнер жеке бастың қамына қарай һәм атақ пен абыройға қызмет ететін болды. Бізде қазір шын жақсысын емес, көңілі жарасқан өз тапшысын асыра мақтау мен өсіре мақтау әдетке айналып кет­кен. Ал сол мақтау арқылы біреуді өсіруге де, енді бірін өшіруге де болатынын білеміз бе? Қайраткерлерді қолдан жасап алатын болдық. «Тұлға» деген аяулы ұғымды, ең биік өлшемді кез келген көлденең көк аттының қанжығасына байлап беріп жатырмыз. Атағынан ат үркетін ағалар алты ауыз сөздің арқауы болатын ой айтпайды. Күні кеше жұрттың абыройы, ар-ожданы, тәрбиеші-тәлімгері, мақтанышы болған қаламгерлер өзара айтысып, бірін-бірі даттағаннан қалжырап та қалғандай қазір. Сонда бүгінгі ұрпақ кімге қарап бой түзейді? Аспанға түкіріп жүргендер көп, бірақ түкіріктің қайтып бетіне түсетінін түсінетіні некен-саяқ. 

– Сіздің «Ұлым, саған айтам» қойылымында ішіңізді кернеген, жүрегіңізге сал­мақ түсірген аза­маттық көз­қарасыңыздың бәрі айтыл­ды. Бірақ бүгінгі өнер адам­дарының дені «аза­мат­тық көз­қарас», «азаматтық бо­­рыш» дегенді сезінбейді. Неге?

– Ел ішіндегі шектен шыққан парақорлық пен әділетсіздікті, мансаптың тағы үшін мақтанға салынып, басының бағы үшін ар-ұятын саудаға салып, жа­ғым­паздықтың жарапазанын ай­тып жүрген «жасампаздарды» көргенде «апыр-ай, жұмыр жер неге жыртылып кетпей, шыдап тұр» деген ойға қаласың. «Құлағын сатқандардан Құдай атқандардың сүлдесін көріп сасқанымнан күңіренем де күр­сінем» деп еді Софы аға бір сөзінде. Керекке жарамайтындарды керемет тұтқан бүгінгі қомағай қоғам бүлкілдегеннің бәрін шешен, көптің үстінен зіркілдегеннің бәрін көсем етіп қойды. Азаматтық позицияның жоқтығы мен тапшылығы мұ­ңайтады. Ұлтының жанын ұқ­пай ұлы болғысы келетіндерін қайтерсіз! Ұлт бар жерде ұлт­тық проблеманың болмай қалуы мүмкін емес. Еліміздің жақ­сы­лығына қуанамыз, жаманына неге көз салмаймыз, неге жанымыз ашымайды?

Бір ойшылдың: «Адамзат баласы заңның емес, салт-дәстүрдің «құлы» болған кезде бақытты өмір басталады» дегенін оқып едім. Расында да солай. Біз үлкенін ардақтаған, дәстүрім – дәулетім, ғұрпым – ғұмырым, салтым – санам деп өскен текті ұлттың ұрпағы едік. 

«Тыйым көрмеген баладан тексіз шығады. Тектеу адамды әдептілікке үйретеді». Мі­не, қазақтың төл тәрбиесінің озық үлгісі. «Ұят болады» мен «обал боладыны» баласының санасына тәй-тәй басқаннан, алғаш былдырлай бастағаннан сіңіріп келген қазақ бүгінде тыйым мен тектеуді ұмытты. Қазіргі бала жалтақ қоғамның жағымпаз адамдарынан қандай тәрбие көріп отыр? Көрсетер өнегеміз қайсы? Осының бәрі айналып келгенде, ұлттық мінез-болмысымызды жоғалтып алғанымыздың кесірі. Дәстүрлі наным-сенімге мойынсұнбаған соң, салт-дәстүрді сақтамаған соң көргенсіздікке бой алдырып, татулықты қатулықпен ірітіп жүрміз. Баяғы бауырмал көңіл, қазақы қайырымдылық жоқ. Қулық пен сұмдықтың құдығына сүйреген қуаяқ, сұмауыз болып барамыз. Өзекті өртеген осы ойлар көңілге тыным, жүрекке маза бермейді.

– Шындықтың бетіне шімі­рікпей тура қарап сөй­лей­тін мінезіңіз талай­ды тай­сақтатқанымен, теа­тр тарапынан сіздің рөлден қағылған, қысымға ұшыраған кезіңіз жоқ. Мұнымен келісетін шы­ғарсыз? 

– Келісемін, ұстанған жолың түзу болса, Жаратқанның өзі жар болатынына көзім жетті. Жалғыз қорғаушым – өнерге деген адалдығым. Жастау күнімде талай кинодан қағылдым. Тіпті «Ойбай, Бекжан, сенсіз гас­троль өтпейді» деген соң басты рөл ұсынған Мәскеудің ша­қыртуынан да бас тартуға тура келген кез болды. Сол шақырту хатын көлденең тартып, жолыма тосқауыл болып, жібермей қойған ағаларыма өкпелесем де болар еді. Керегі не? «Театрға қиянат жасамаймын» деп өнерді сүйіп келген өзім едім ғой. Ал бүгінгі жас актерлер ебін тауып киноға да кетіп жатады, ебін тауып репертуардың өзін ауыстыртып жібереді, тіпті тойдан келе алмай жатса, басты рөлдің өзіне басқаны жіберткізеді. Жалпы, өнерде жеке бастың мүддесін жоғары қоятын, жүрдім-бар­дым, атүсті қарайтын үрдіс қа­лыптасты. Әттең, бұлай болмауы керек еді... 

– Біз білетін Бекжан Асау­байұлы элиталық асабалар­дың бірі. Осы сізді бір дөкей той иесі ұсынған 100 мың доллардан бас тартқан дей ме? 

– 400 мың доллар деңіз. 2000 жылдың басы, тойға 100, мақ­тағанда 300 долларға шы­ғатын кезіміз. «Хабарда» жүріп, «77 күнмен» әбден таны­лып алғанбыз. Телеарнада жұ­мыс іс­тейтін танысым хабарласып: «саған мол ақша табатын мүмкіндік болып тұр, ба­расың ба? Бірақ той емес, беташар», деді. Алайда тап сол күні кешке спектакльде ойнайтын болғандықтан шыға алмайтынымды айттым. Сәлден кейін ел сыйлайтын ағаларымыздың өзі дамылсыз қоңырау соғуды бастады. Ол ағаларымды қалай сыйласам да, ол кісілер қалай сұраса да, спектакльді тастап шыға алмаймын.

Бармадым. Тыншығандай болып қалып еді, бір аптадан кейін әлгі бейтаныстар тағы да «той» деп телефон соғып тұр. Келісімімді күтпестен «қанша сұрайсың?» дейді тағы. Қымбаттау айтсам, қолқа салуын қояр деп, мен де қияс­танып: «3000 доллар» дедім. «Келістік!» Екі көзім атыздай болып, тас төбеме шықты. Сөйтсем бұл да беташар тойы екен. Барсам, мені шақырған мық­тының қарт әкесі қасқайып төрде отыр. Қарияң елдің бәрі бас ұрып жатқан білдей баласын қабағымен бағындырады екен. Не керек, үш мыңымды алып, жағалай отырған игі жақсыны тұтас тізіп беташарымды айтып біткенше, бір қойдың еті емін-еркін сыятын шұңғыл тегенеге түскен ақша тау болып үйіліп қалды. Өңім түгілі, түсіме кірмейтін мол ақшаны қалтама басып, сенер-сенбесімді білмей есеңгіреп үйіме қайттым.

Ертеңінде тағы да телефон қоңырауы. Енді кеше келін түсірілсе, бүгін осы отбасында құдалық жүргізілуі керек екен. Құда­лық аяқталған соң қайтуға жиналып жатыр едім, үй иесі «100 жете ме?» деді. Мұншама соманы естігенде, менің тілім байланып қалған болуы керек, дыбысым шықпай қалды. Азырқанып тұр деп ойлаған болуы керек, пакеттен тағы бір бумасын алып шығып «200 ше?» дейді. Әлі үндемеймін. Мен риза болмай тұр деп ойлаған болуы керек, үшіншісін алып шықты. Көзім жыпылықтап тұрған маған «әй, 400 жете ме?» дегенде барып, селк етіп, ес жиып, екі қолымды ербеңдетіп бір қимылдар жасадым-ау деймін. Ақшаны алудан бас тарттым. «Неге?» деді. «Біздің ауылда су жоқ, халық өмір бойы ауызсудың азабын көріп келеді, осы ақшаға ауылыма су тартып беріңізші», дедім. Енді ол кісінің көзі атыздай болды. «Шын айтасың ба?» «Шын». Ұзын сөздің қысқасы, су жүргізудің тұтас есеп-қисабы жасалып, құны миллионнан асып кететін қымбат жобаны компаниялардың нешеуін аралап жүріп, 600 мыңға әупірімдеп жатып, әрең түсіріп, ағамның ұсынған 400 мың доллары ауы­лыма аударылатын болды. Жетпей тұрған 200 мың долларды бөлуге сол тұстағы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов қуана келісті. «Міне, жұмыс бас­талады» деп тұрғанда, әлгі отбасы қиын жағдайға ұшырап, су мәселесі солай аяқсыз қалды. Су да жоқ, жүз мыңдаған доллар да жоқ, соңында ақиқат әңгіменің осындай аңызы ғана қалды. 

– М.Әуезов театрының сахнасында бұ­рын Бекжан Тұрыс, Елжан Тұрыс бар еді, енді Мағжан Бек­­жанұлы қосылып жатыр. Мағжанға белгілі әкенің беде­лін бұзып-жарып, өз атын қалып­тас­тыру оңайға соқпасы анық. Балаңыздың театрға келуін қалай қабылдадыңыз?

– Сұраған елдің бәріне айтып жүрмін, баламның біздің театрға келгенін қаламаған едім. Жұрт өнер деген ду қол шапалақтан тұрады деп ойлайды. Өзгенің өміріне шуақ шашамын деп жүріп өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп, шөлге шөп өсіргендей бейнеті көп сала. Атасы – мұң, анасы – нұр. Мағжан о баста өнер жолын таңдағанда, соншама қарсылық танытып, ақыры Алматы энергетикалық университетіне құжат тапсыруға көндіріп едім. Оны өте жақсы бітірген соң «Әке, оқы дедіңіз, оқыдым, дипломыңыз, міне. Енді менің өз қалауыммен жүруіме рұқсат етіңіз» деді де, Т.Жүр­генов атындағы Өнер академия­сына құжат тапсырып, оқуға түсті. Студент болып жүргенде курстастарымен бірге бір-екі өзіндік жұмыс жасап, онысын Мәскеуге апарып қойып, кішігірім жүлде алып келіп жүретін еді. Оқуын бітіретін кезде Жалғас Толғанбаевтың баласы екеуі тағы да өзіндік жұмыс жасап, онысын Ассоциация жиыны болғанда, өздері өтініш білдіріп, сондағы театрлардың алдына әкеп қойып, екі баланың еңбегі жоғары баға алыпты. Ол жұмысты мен де көрген едім, тәп-тәуір дүние болып шыққан екен. «Бағыты жаман емес екен» деп іштей риза болдым. Бірақ театрға қалдырады деп ойламаған едім. Сөйтсем кішкентайынан театрдың ауласында ойнап, бес жасынан бастап немересін кейіптеп, ұлылардың табаны тиген киелі сахнаның шаңын жұтып, иісін иіскеп өскен­діктен болар, театрдың көркемдік жетекшісі Асанәлі ағалар осылай шешімін шығарып қойыпты. Бұл үшін Асанәлі ағамыз бен Асxат Маемировқа зор алғыс айтамын. Ендігі бар үміт – Мағ­жанның өзінде. Көмектесейін деп оқталсам, «жоқ, өзім» деп бірбеткейлігіне салынып жеке өзі жол тапқысы келіп жолатпайды. «Сіз де бірден актер болған жоқсыз ғой, әке, тәжірибе де, шеберлік те уақытпен келеді» деп қояды. Бір үміт етерім, кешегі ірі­­лер өзімді қалай үйретсе, солар­дан алған өнегемді балама солай сіңіріп едім. Бастысы, өзі­не, өнерге адал болса, өмір де оған адал жемісін ұсынатынына сене­мін.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ