Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Пікірталас клубының кезекті отырысы

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында «Nur Otan Trends» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті. Мұнда әлеу­меттік маңызы зор мәселелер мен қоғам дамуының эконо­микалық қырлары кеңінен талқыланды. Бұл жолы сарапшылар «Елбасы Жолдауы: қоғамды ортақ мақсаттарға қалай жұмылдырамыз?» деген тақырыпта ой өрбітіп, осы төңіректе пікір алмасты. 

Пікірталас клубының кезекті отырысы

Іс-шараға Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, «Esquire Kazakhstan» басы­лы­мының шеф-редакторы Гүлнәр Бажкенова, «Стратегия» әлеу­меттік және саяси зерттеу­лер орталығы» қоғамдық қорының өкілі Гүлмира Елеуова, Мә­жі­ліс депутаты Аманжан Жама­лов, «Атамекен» ұлттық кәсі­п­керлер палатасы жаппай кәсіп­керлік және шағын несиелеу департаментінің директоры Бауыржан Оразғалиев қатыс­ты. Дәстүр бойынша басқо­су­дың модераторы міндетін ­«Та­лап» қолданбалы зерттеу орта­лы­ғының директоры Рахым Ошақбаев атқарды.

Пікірталас отырысын аш­қан «Нұр Отан» партиясы Төр­ағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасының Жолдауын жүзеге асыру елі­міз­дің күн тәртібінде тұрған бас­ты міндет екенін айтып, бұл құжат әр қазақстандықтың әлеу­меттік жағдайын жақсартуға ба­ғытталғанына назар аударды. Сондай-ақ ол «Нұр Отан» партиясының Жолдау басым­дық­тарының жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізетінін тілге тиек етіп, осы бағыттағы тиімді тетіктерге тоқталып өтті.

– Елбасы Жолдауында қо­ғамда қызу талқыланып, бұқара­лық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі көте­­­ріліп жүрген өзекті мәселе­лер­дің нақты шешімдері көрсе­тіл­ген. Соның ішінде баспана мәселесі, шағын және орта бизнес, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы тариф­терді шектеу, азаматтардың қа­уіпсіздігі сияқты көптеген мәселе қамтылған. Бұл мәселелер үшін бірінші кезекте Үкімет, мемлекеттік органдар және әкімдер жауапты болғанымен, азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар және саяси партиялар да олардың оң шешілуіне мүдделі. Сондықтан Елбасы айқындап берген мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін бүкіл қоғам болып жұмылудың берері мол. Осы ретте еліміздегі жетекші саяси күш ретінде партиямыз Жолдау басымдықтарын жүзеге асырудың тиімді тетікте­рін әзірлеу жұмыстарына белсен­ді қатысуға және әрі қарай қоғам­дық бақылауды қамтамасыз етуге дайын, – деді М.Әшімбаев.

Мемлекет басшысының Жол­дауын жүзеге асыру үшін Жал­пыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілгені белгілі. Соның аясында шамамен 100 іс-шара өткізілмек. Олар: халық табы­сы­ның өсуі, тұрмыс сапасын арт­тыру, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру, азаматтар сұранысына бейімделген мем­лекеттік аппарат, тиімді сырт­қы саясат және әрбір қазақ­стан­дықтың еліміздегі өзгерістер үдерістеріне атсалысуы сияқты 6 бағыт бойынша іске асырыл­мақ.Елбасы бастамаларының қаржылық көлемі 1,5 триллион теңгеден асады. Ал жиынтық әсері одан да көбірек. 

Осыған орай Президент Әкім­шілігінде Елбасы тапсыр­маларының орындалуын қатаң бақылап, тексеріп, жүйелі жүзеге асырылуын талап ететін және сол бойынша Мемлекет басшысына есеп беретін Ұлттық жаңғыру комитетін құру жоспарланып отырғаны да белгілі. Отырыста бұдан басқа да көптеген ұтымды ұсыныс пен түрлі пікір айтылды. Оның тоқетерін Елбасы Жолдауының жүзеге асырылуына, оған бақылау жүргізу ісіне қоғамды, сарапшыларды, үкіметтік емес ұйымдарды, саяси партияларды, басқа да мүдделі құрылымдарды тартудың ма­ңызы зор деген бірауыз сөзбен түйіндеуге болады. «Нұр Отан» партиясы дәл осы бағытта бел­сенді жұмыс істемек.

Қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды. Іс-шара дәстүрге сай онлайн-режимде өтіп, Facebook желісінде тікелей эфирде көрсетілді. Осы ретте пікірталас қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар пысықталып, олар Үкімет, Парламент және жергілікті атқарушы органдарға жолданатынын атап өткен жөн.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»