Руханият • 26 Қазан, 2018

Жауыртаудағы жаңғырған тарих

385 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теміртау қаласының ір­ге­сінде «Жауыртаудағы кездесу» атты форум-фес­т­иваль өтті. «Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­сы аясында ұйым­дас­тырыл­ған мәдени шараға 100-ден астам белсенді жас қатысты. Олардың арасында еріктілер, блогерлер, робот техниктері және басқалар болды.

Жауыртаудағы жаңғырған тарих

– Бұл жоба ұзақ мерзімге – 2021 жылға дейін жоспарлан­ған. Біз осындай фестивальдарды түрлі тақырыптар бойынша жыл сайын өткізуді қолға ал­мақшымыз. Биылғы шараны жастарға арнауды жөн көрдік. Спикерлер ретінде таны­мал спортшыларды, бизнес­мен­дер мен теологтарды ша­қырдық. Олар шеберлік сы­нып­тар, семинарлар және жас­тар­ға тәжірибелік дәрістер өт­кізді, – дейді Теміртау қала­лық мәдениет және тілдерді дамы­ту бөлімінің жетекшісі Айжан Шәкенова.

Фестивальда жастар үшін би бәсекесі, белсенді ойындар мен түрлі сайыстардан тұратын тимбилдинг бағдарламасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар шара аясында Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ қыстауын жаңғырту жобасын  іске асырды. Олар малға арналған қора-қопсы, ас әзірлейтін, жүн тазалайтын, тері илейтін және ши тоқитын аумақ жасап, саман үйдің макетін құрастырды. 

– Бұл жоба – біздің көпжыл­дық зерттеуіміздің нәтижесі. Адамдар қыстауларда  күз­дің орта­сы­нан мамырдың соңы­на дейін жылдың басым бө­­лі­­­гін өткізген. Біздің ата-бабаларымыз қандай жағ­­дайда тұрғанын қайта жаңғыр­тып көрсетуді көздедік. Әрине саман үйді сала алма­дық, тек оның макетін жасадық. Ішкі жаб­дықтар да айтарлықтай ұқ­сас болмады. Алайда басқа жәді­гер­лердің барлығы сол ке­зең­ге сай жасалды, – деп атап өтті мұ­ра­жай қызметкері Татьяна Хмелёва. 

Шара барысында Теміртау қаласындағы жеке сектор­дың тұр­ғындары қойлары мен жылқ­ыларын беріп, ұйым­дас­тырушыларға көп көмек көрсетті. Қонақтарды қыс­тау­дың маңында қарсы ал­ған мұра­жай қызметкерлер­іне арналған киімдер де ма­ңай­да­ғы ауылдардан жиналды. 

Фестивальды қызықтап кел­ген қонақтарға самаурыннан шай ұсынылды. Сонымен қатар олар ескі тәсілдер бойын­ша жүн түтіп, ши тоқып, ата-баба­лары­мыздың көнеден келе жат­қан кәсібінің қыр-сырына қанықты. Ең бастысы, биыл ғана тұсауын кескен форум-фестивальға қатысушылар бір жарым ғасыр бұрынғы кезеңге саяхат жасап, тарихи сананы жаңғыртып, рухани мол олжаға кенелді.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы