Өнер • 26 Қазан, 2018

Қыз-келіншектер күй тартқан күн

1303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстауда саңлақ күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, күйші, сазгер Роза Айдарбаеваның шығармашылығына арналған республикалық қыз-келіншектер байқауы өтті.

Қыз-келіншектер күй тартқан күн

Балаң кезінен әкесі күйші, сазгер Тайманның тәлімін алған Роза қазақтың Дина, Науша, Алтынай, Аққыз, Барша, Зәмзәм, Бақыт сынды дүлдүл күйші қыз­дары­ның үкілі ізбасары, ХІХ-ХХ ғасыр­дың күй-жүгін арқалаған Дина­ның жүгін көтеріп, өз кезегінде ХХ-ХХІ ғасырдың қыз-келіншектер күй-керуені­нің тізгінін ұстаған көшбасындағы балбармақ. 

Ойналуы қиын күрделі күйлерді мүлтіксіз игеріп және мүдірмей орындауымен көптің көңілін аударуымен 9 жасында сахнаға шыққан Роза бүгінде 66 жастағы арқалы күйші, талантты шәкірттерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, асыл ана, абзал әже. Шәкірті демек­ші, Розаның тәлімін алған Абылай Тілеп­бергенов – «Серпер» жастар сыйлығының иегері, Тұңғыш Президент қоры сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық халық ас­пап­тар оркестрінің бас дирижері, бір­неше халықаралық, республикалық күй байқауларының бас жүлдегері. Ал Розаның өзі болса, Маңғыстау мәдениетінің дамуына өз үлесін қосу­мен келеді – өз әріптестерімен бірге өңірдегі «Ақжарма» ансамблі мен А.Тарақұлы атындағы ұлт-аспап­тар оркестрінің, Маңғыстау Өнер кол­леджінің негізін қалаушылардың бірі болған ол осы ұжымның сапынан әлі қалған жоқ. Шетелдерге гаст­роль­дік сапарларға шығып, қазақ­тың хас өнерін танытудан танбайтын Р.Ай­дар­баеваның 40 жасында 3 сағатта 70 күй орындап беріп, репертуарымда 400 күй бар дегені бүгінде ел арасында аңыздай айтылады. 

Бұған дейін қыз-келіншек күй­шілерді еске алу бағытында ұйым­дастырылып келген байқау биыл Маңғыстауда жаңаша жарқырады. Елінің ықыласына мерейленген Роза күйші қазыларды басқарып, ізбасар сіңлілерінің шеберлігін бағалап төрде отырды. Республиканың Астана, Алматы, Семей, Орал, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен жиналған 22 қыз екі күн бойы күй додасын дүбірлетті. Шарт та оңай емес, кез келген күйшінің тәуекелі жете бермейтін Абылдың «Абылын», Динаның «Байжұмасын», Өскінбайдың «Бұлбұл Ақжелеңі» мен Жантөренің «Шалқымасын», сондай-ақ Роза мен оның әкесі Тайманның күйлерін орындау міндеттілігімен бірге, оркестрдің демеуімен Н.Тілендиевтің, А.Жайымовтың, Махамбеттің күйлерін орындау талап етілді. Екі күн бойы күй сүйер көрермендерге әсерлі кеш сыйлаған байқауда үшінші орынды алматылық Т.Қыдырсихова мен ақтаулық Д.Пердебекова, астаналық Т.Үмбет иеленсе, екінші орынды атыраулық Н.Зинор өзінің алматылық құрбысы С.Әбдуа­хап­пен бөлісті. Ал тең дәрежеде өнер көрсет­кен алматылық Ә.Бекенова мен атырау­лық А.Сакупова бірінші орынды иеленсе, бас жүлдені Алматыдан келген күйші Н.Базарбаева жеңіп алды. Өзге күйші қыздарға Тайман Айдарбаев атындағы арнайы жүлде мен ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында күйші қыз-келіншектердің байқауын өткізген аймақ және сала басшылығына алғыс айтамын. Бұл – күйге құрмет, жастарға қолдау, десе кеш соңында Роза Айдарбаева, «тағылымы көп мағыналы кеш дәстүрлі қалыпқа түссе» дейді көрермендер. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы