Үкімет • 26 Қазан, 2018

Үкімет үйінде Президент Жолдауын орындау аясында еңбекақы мөлшерін арттыру мәселелері талқыланды

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Бақытжан Сағынтаев халық табысын өсіру және еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру тұрғысынан Мемлекет басшысының биылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Үкімет үйінде Президент Жолдауын орындау аясында еңбекақы мөлшерін арттыру мәселелері талқыланды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еңбек саласындағы негізгі әлеуметтік индикатордың — ең төменгі жалақының параметрлерін өзгертуді тапсырды. Сонымен қатар Президент ірі компанияларды осы өзгерістерді қолдап, сәйкесінше, ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру шараларын қабылдауға шақырды.

Кеңес барысында жергілікті атқарушы билік органдары мен жеке құрылымдардың осы тапсырманы орындауы бойынша бірыңғай тәсілдерді әзірлеу мәселелері талқыланды. Мәселені жан-жақты қарау үшін кеңес жұмысына селектор режимінде өңірлердің әкімдері, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП және еліміздің ірі кәсіпорындарының басшылары қатысты.

Кеңес барысында сөз сөйлеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі С. Жақыпова мен өңірлердің әкімдері 42,5 мың теңгеге дейін жалақы алатын, мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардағы қызметкерлердің санына статистика келтіріп, Жолдау–2019-дағы тапсырмаларды орындау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Баяндамашылардың пікірінше, ең төменгі еңбекақыны арттырудан күтілетін әлеуметтік әсер ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің өмір деңгейін айтарлықтай көтеруге жол ашады.  

Еліміздің ірі әрі орта кәсіпорындарының басшылары да өз ойларын жеткізді. Кеңесте сөз сөйлеген «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры Калон Сингх Парамжит тек ең төменгі жалақы алатындардың емес, жалпы кәсіпорын жұмысшыларының 80%-ға жуығының еңбекақысын көтеруге толықтай дайын екенін атап өтті.  

Мемлекет басшысының халық жалақысының деңгейін көтеру туралы үндеуін толық қолдау жөніндегі бизнестің шоғырландырылған позициясы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Э. Жұмағазиевтің сөзінде де көрініс тапты.

Мәселені талқылау қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ақпарат және коммуникациялар министрліктеріне, облыстардың әкімдеріне және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне төменгі жалақы төленетін жұмысшылар санаттарына қатысты еңбек заңнамасының сақталуын тиісті бақылауды қамтамасыз етуді және барлық жерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұдан өзге, еңбекақы төлеу жүйесін реттейтін және еңбек заңнамасының сақталуын қадағалайтын, соның ішінде жұмысшылардың жаппай қызметтен босатылуына және олардың еңбек шартынсыз жұмыс істеуіне жол бермейтін ұжымдық келісімдерге, жұмыс беруші актілеріне қол қойылуын және сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды.