Үкімет • 26 Қазан, 2018

Жужанна Якаб еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты пікірімен бөлісті

355 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ДДСҰ-ның Копенгагендегі Еуропалық өңірлік бюросының директоры Жужанна Якаб Рrimeminister.kz-ке берген сұхбатында еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.

Жужанна Якаб еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты пікірімен бөлісті

«Қазақстанның даму қарқынын көптеген жылдар бойы, 30 жылға жуық уақыт, бақыладым деуге болады, денсаулық сақтаудың көптеген көрсеткіштері бойынша үлкен ілгерілеу барын көріп жүрмін. Өмір сүру ұзақтығының ұзаруы және өлім-жітімнің төмендеуі секілді оң өзгерістер бар. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім деңгейінің жоғары болуын ескергеннің өзінде, оларды емдеу жолдары да жақсарып келеді. Менің ойымша, бұл өте маңызды фактор», — деді Жужанна Якаб.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда денсаулық сақтау саласындағы жұмысты ұйымдастыруда үлкен прогресс байқалады. Цифрлық технологияны енгізу арқылы денсаулық сақтау сапасы одан әрі жақсара түсті.

«Бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру жолында бізде ұқсас кооперация бар екенін хабарлауға қуаныштымын. "Денсаулық" бағдарламасы біздің денсаулық сақтау бағдарламаларымызға ұқсап келеді», —  деп атап өтті Ж. Якаб.

Сонымен қатар, ол Қазақстандағы денсаулық сақтау саласына салынатын инвестициялар көлемі жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті, бұл өз кезегінде медицина сапасын жақсартуға жол ашады.

«Президент жүргізіп отырған Қазақстанның экономикалық дамуының ұзақ мерзімді стратегиясы әлеуметтік мәселелерді шешуде де өте тиімді, сондықтан да, менің ойымша, денсаулық сақтау саласының дамуы елдің жалпы дамуына жақсы ықпалдасады», — деп түйіндеді ДДСҰ-ның Копенгагендегі Еуропалық өңірлік бюросының директоры.