Спорт • 26 Қазан, 2018

Демеу мен Мақсаттың жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі бар

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венгрияның астанасы – Будапеште өтіп жатқан әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізген грек-рим күресі шеберлерінің алғашқы легі  анықталады. Өзге мемлекеттердің өрендерімен қатар біздің Демеу Жадыраев пен Мақсат Ережеповтің де жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндіктері бар.

Демеу мен Мақсаттың жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі бар

Кеше төрт салмақ дәрежесі бойынша бәсекелер өтті. 55 кило салмақтағы Жансерік Сәрсенбиев иорданиялық Мұстафа Сұлтан Алкуаден (5:0) айласын асырғанымен, келесі айналымда биылғы жылғы Азия чемпионы жапониялық Шота Танокураға (0:6) жол берді. 63 кило салмақтағы Айдын Нұғыманов жастар арасындағы әлем мен Еуропа біріншіліктерінің жүлдегері, украиналық Ленур Теміровтен (1:11) ойсырай ұтылды. Осылайша, екеуі де жарыс жолынан шығып қалды. 

72 кило салмақтағы Демеу Жадыраевқа жарысты бірден 1/8 финалдан қандасымыз өзбекстандық Арам Варданяннан (3:2) басым түскенімен, ширек финалда өзінің сыралғы қарсыласы Франк Штеблермен күш сынасты. Дәл осы балуаннан ол былтырғы жылғы әлем чемпионатының ақтық сынында жеңілген болатын. Бұл жолы да жеңіс неміс спортшысының уысында кетті (6:10). Ал 82 кило салмақтағы Мақсат Ережепов чехиялық Петр Новакпен (3:1) пен мароккалық Зеит Оуагармды (14:5) жеңгегенімен, келесі кезеңде 2014 жылғы әлем және Еуропаның екі дүркін чемпионы венгриялық Петр Бачиге есе жіберді.  

Десек те Демеу мен Мақсаттың жолын бөгеген балуандар финалға дейін жеткендіктен, қос қандасымыздың қола медаль үшін таласуға әлі де мүмкіндіктері бар. Енді Қазақстанның қос өрені жұбаныш бәсекелерінде бақ сынайды.

Сондай-ақ, бүгін грек-рим күресінен үш салмақ дәрежесі бойынша іріктеу сындары басталады. 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, украиналық Дмитрий Цымбалюкпен белдеседі. 67 кило салмақтағы Мейіржан Шермаханбет әлем біріншілігінің қола жүлдегері, түркиялық Юксел Атақанмен айқасады. Ал 87 кило салмақтағы Азамат Құстыбаев құрлықтық доданың күміс жүлдегері, ресейлік Бекхан Өздоевпен шеберлік байқасады.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»