Таным • 26 Қазан, 2018

Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өлкетану экспедициясы басталды

823 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауда «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеушілік экспедициясы басталды. Өлкетану жобасына Астана және Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінен 24 оқушы қатысып жатыр. Ақтаудағы зияткерлік мектеп тарихында екінші рет өткізіліп отырған саяхат бұл жолы «Маңғыстау кереметтері» деп аталды.

Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өлкетану экспедициясы басталды

Астаналық және көкшетаулық зияткерлер бір аптаға созылатын шара барысында аймақтың флорасы мен фаунасы жайлы ақпарат алу үшін Маңғыстау облыстық ботаникалық бағына барса,  облыстық тарихи-өлкетану және «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінің мұражайында түбек тарихымен танысады. Сонымен қатар, Ақтау қаласында да экскурсия ұйымдастырылмақ.

Жоба бағдарламасына сәйкес, оқушылар Маңғыстаудағы ХІІ-ХІІІ ғасырлардағы сәулет өнері ескерткіш саналатын Шақпақ ата жер асты мешітіне барды және аймақтағы ең көркем орынның бірі Ақеспе жырасының (алқап) сұлулығына куә болды. Кезінде халықты жау шабуылынан қорғауға шақырған Отпантаудағы «Ұран отын» көріп, оның бүгінгі бейбіт өмірдегі маңызымен танысты. Өлкенің визитті картасына айналған Шерқала тауы мен қос ғашық Ақбөбек пен Қайып ескерткішіне барып, аңыз-әңгімелер тыңдау жоспарланды.

Маңғыстау тылсым жерлерімен ғана емес, ерекше тұлғаларымен де танымал. Түбектің тарихи тұлғалары Иса-Досан батыр ескерткішін көріп, Форт-Шевченко қаласындағы этнографиялық мұражайынан жергілікті халықтың тұрмысы туралы мәлімет алып, сонымен қатар, суретші, украин ақыны Тарас Шевченконың музейіне барып айдаудағы өмірі туралы білді, басқа еш жерде кездеспейтін мәліметтер мен экспонаттар қорын көрді.

- «Туған елге тағзым» жобасына қатысатын балалар өздері көріп қана қоймай, оны санасында қорыту мақсатында, күнделік толтырып, алған әсерін, мәліметтерін тізіп отырады. Бұл баланың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып қана қоймай, алған мәліметтерді жадында сақтауға жақсы мүмкіндік, - дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынзер Ихсанова.

Өлкетану-зерттеушілік экспедициясы бойынша қорытынды кеште Әбіштанушы ғалым  Жанбибі Сенбайқызы Дүйсенбаевамен кездесу ұйымдастырылып, зияткерлер өңірдегі құдықтар туралы, жер-су атаулары туралы, Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген зерттеулерді тыңдалды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы