Аймақтар • 26 Қазан, 2018

Б. Сағынтаев Алматы облысының дәрігерлерімен Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылады

394 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы облысына жасаған жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңірдегі медицина қауымдастығының өкілдерімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қойған міндеттерін жүзеге асыру шараларын талқылады.

Б. Сағынтаев Алматы облысының дәрігерлерімен Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мәселелерін талқылады

Кездесу барысында медициналық қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру, дәрігерлер мен медбикелердің жалақысын көтеру, салауатты өмір салтын сақтау үшін жағдай жасау арқылы адами капиталды дамыту, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қайта реттеу мәселелері талқыланды.

Сөз бастаған Премьер-Министр Б. Сағынтаев жақында халыққа жолдаған Жолдауында Мемлекет басшысы Үкімет алдына жақын аралықта орындалуы тиіс негізгі алты міндет қойғанын еске салды. Жаңа Жолдаудың басты мақсаты — халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты былтырғы Жолдауының сәтті жүзеге асырылуының арқасында өткен жылы экономикалық өсім байқалды. Қабылданған шаралар қажетті жағдайды жасап, биыл Мемлекет басшысы халықтың табыс деңгейін көтеру туралы шешім қабылдады. Мәселен, 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі, яғни 28 мыңнан 42 мың теңгеге дейін артады. Шарапатын 1,3 млн жалдамалы қызметкер көреді, олардың еңбекақылары 30%-ға дейін өспек. Сондай-ақ, 275 мың мемлекеттік қызметкердің табысы 35%-ға артады.

2019–2020 жылдары денсаулық сақтау қызметкерлері үшін, атап айтқанда учаскелік дәрігерлер мен медбикелердің еңбекақысы 20%-ға өседі. Бұл — 10 мың учаскелік дәрігер мен 30 мың медбике табысын арттырады деген сөз. Жалпы, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесін одан әрі дамыту үшін алдағы бес жылда осы салаларға жұмсалатын мемлекеттік шығыстардың көлемі ЖІӨ-нің 10%-на дейін көбейеді.

Б. Сағынтаев, әсіресе ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру туралы Елбасының тапсырмасына баса назар аударды. Жақында Астанада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да халықаралық қауымдастыққа мүше елдер өкілдерінің қатысуымен өткен халықаралық конференция алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. Жиынға әлемнің 140 елінен 1500-ден астам қатысушы келді.

Облыстағы медициналық ұйымдардың өкілдері өз кезегінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты өз көзқарастарын білдірді, оның ішінде Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясындағы пікірлерін жеткізді.

Талдықорған қалалық көпбейінді ауруханасының директоры С. Құсмолданова жалақының 20%-ға көтерілуі медициналық қызметкерлердің ынтасын арттырып, облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне білікті кадрлардың келуін ұлғайтатынын атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, цифрландыруды, мысалы электронды денсаулық паспорттарын енгізу медициналық қызмет көрсету сапасын арттыратын болады. №2 қалалық емхананың педиатр дәрігері А. Жұмағазиева еңбекақыны көтеру дәрігерлердің имиджі мен медициналық қызметтердің тартымдылығына оң ықпалын тигізетінін айтты.

Облыстық кардиологиялық орталықтың директорының орынбасары, кардиолог дәрігер А. Шормақов жаңа технологияларды енгізудің арқасында 2009 жылмен салыстырғанда өлім-жітім көрсеткіштері 4 есеге төмендегенін жеткізді, алдағы уақытта ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштеріне қол жеткізу көзделіп отыр. Бұл жерде жылына жүрекке 250-ге жуық ота жасалатынын айта кету қажет. Өз кезегінде Ескелді аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері М. Тілеуберді жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсетуде цифрландырудың пайдасы туралы әңгімелеп берді.

Жұмыстағы инновациялық тәсілдер туралы облыстағы жедел және шұғыл көмек станциясының директоры Б. Оспанов баяндады. Оның айтуынша, жұмыс үрдістерін цифрландыру медициналық көмек көрсету уақытын қысқартады, аз уақыт ішінде дәрігерге автоматтандырылған жүйе арқылы емделушінің жай-күйі туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Осылайша, емделушінің медмекемеге келген сәтінде оған дереу қажетті көмек көрсетіледі.

«Биыл жыл соңына дейін жұмыс орындарын компьютер техникасымен жарақтандыру және интернет желісіне аудандық деңгейге дейінгі медициналық мекемелерді қосу көзделген. Қазір медициналық ұйымдардың компьютерлік техникамен жабдықталуы 94% құрап отыр», — деді Б. Оспанов.

Медициналық қауым сөз сөйлеп біткен соң облыс әкімі А. Баталов өңірде Мемлекет басшысының медицина сапасын жақсарту бойынша тапсырмасын іске асыруды бастағандарын айтты. Цифрландыру мақсатында жергілікті бюджеттен инвентаризацияға, паспорттандыруға, денсаулық сақтау нысандарын жаңа техникамен қамтуға қаражат бөлініп жатыр, медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде. Бұл шаралардың басты нәтижесі — аналар мен балалар өлімін, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларынан, туберкулезден өлім-жітімді айтарлықтай азайту болмақ.

Бүгінде Алматы облысында 811 денсаулық сақтау ұйымы бар, 20 мыңға жуық медқызметкер жұмыс істейді. 511 медұйымда 22 ақпараттық жүйе қолданылады. Интернет желісіне барлық облыстық және аудандық ауруханалар қосылған, компьютерлермен қамтылу 94% құрайды, оны 100% жеткізу үшін биыл қосымша 1024 компьютер сатып алынады. Жыл соңына дейін «Жетісу» медициналық ақпараттық жүйесін енгізуді аяқтап, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағазсыз құжат айналымына көшу жоспарланған.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауының аясында ауруларды басқаруда жаңа тәсілдерді енгізген алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметкерлері жалақыларына қосымша 20% үстемақы алатын болады. Облыста 3531 адамның еңбекақысы артады, оның ішінде ауыл дәрігерінің жалақысы 277 мыңнан 332 мыңға дейін, медициналық мейірбикенің еңбекақысы 115 мыңнан 135 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев медицина сапасын арттыру мақсатында жеке секторды да дамыту қажеттігін айтты. Атап айтқанда, жеке медициналық ұйымдарға қойылатын талаптарды азайту, сонымен қатар жеке емханаларда мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру арқылы әлеуметтік экономиканы дамыту қажеттігіне назар аударылды.

Еске салайық, Үкімет денсаулық сақтау жүйесін реттеусіздендіру және бизнес жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша кешенді жұмыстарды жүргізді. 2017 жылы денсаулық сақтау, білім беру мен қызмет көрсету салаларында 29 ескірген және қайталанған санитарлық ереже алынып тасталды. Тексеру парақтарындағы талаптар 6,3 есеге азайтылып, тек үрдістер мен қызметтердің қауіпсіздігіне қатысты талаптар ғана қалдырылды. Жалпы, бизнесті тексерулер саны 1,7 есе төмендеді. Емдеу-профилактикалық мекемелердегі жинақтар мен алаңдарға қойылатын талаптар да қайта қарастырылды.

Бұл оңтайландыру денсаулық сақтау нысандарын салуға жұмсалатын шығындарды 30%-ға азайтуға мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау саласында жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін дәрі-дәрмектерді дайындайтын нысандарға қойылатын талаптар — 2,2 есеге, стоматологиялық қызметтер көрсететіндеріне — 4,6 есеге, амбулаторлық-поликлиникалық, консультативтік-диагностикалық және стационарлық көмек көрсететіндерге — 1,4 және 1,3 есе төмендетілді. Сонымен қатар басқа НҚА-дағы қайталанған талаптарды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізілді.