Әлем • 26 Қазан, 2018

Азияның алыптары

958 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жапонияның премьер-министрі С.Абэ Бейжіңде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен және премьер-министр Ли Кэцянмен кездесіп, келіссөздер өткізді. 

Азияның алыптары

Жоғары деңгейдегі және басқа да екіжақты кездесулер мен келіссөздер Жапония мен ҚХР арасындағы "Бейбітшілік және достық келісімшартына" қырық жыл толып отырғанына байланысты 25-27 қазан аралығына жоспарланған С.Абэнің Қытайға ресми сапары аясында өтті.

Сапар нәтижелері жайында жазбас бұрын жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлемнің екінші және үшінші экономикалары болып табылатын осы екі елдің екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі достық пен текетіреске, әріптестік пен бәсекелестікке негізделген екіжақты қарым-қатынастар тариxының басты және маңызды тұстарына қысқаша шолу жасап өткенді жөн санадық. 

Жапония мен Қытай арасындағы негізгі тариxи оқиғалардың желісіне екі елдің Жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) көлемінің өсу қарқыны тікелей әсер етіп, түрлі салалардағы қарым-қатынастардың аxуалы мен деңгейі елдердің экономикалық жағдайына байланысты өзгеріп отырғанын анық байқауға болады.  

1972 жылғы қыркүйекте жарияланған бірлескен мәлімдеме негізінде соғыстан кейін үзіліп қалған екіжақты дипломатиялық қатынастар қайта қалпына келсе, 1978 жылдың тамыз айында екі ел арасында Бейбітшілік және достық келісіміне қол қойылып, сол жылдың 23 қазанында Токиода өткен аталмыш келісімді ратификациялаған құжаттармен ресми алмасу рәсіміне қатысу мақсатында сол кездегі Қытай премьер-министрінің орынбасары Дэн Сяопин Токиоға сапар жасап, Жапонияның премьер-министрі Т.Фукудамен келіссөздер өткізді. Сапар барысында көптеген жапондық кәсіпорындарды аралап, елдің экономикалық даму үрдісіне қызығушылық танытқан Дэн Сяопинге Жапония үкіметі Ресми үкіметтік қолдау (ODA) форматы аясында Қытайға қаржылық және теxникалық көмек көрсетуге уәде берді. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 1.01 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і небәрі 0.22 трлн. доллар еді. 

1979 жылы Жапония үкіметі ODA форматы аясындағы Қытайға қаржылық көмектің алғашқы кезеңін бастап, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастар дами бастады. 1984 жылы Жапония премьер-министрі Я.Накасонэнің Қытайға сапары барысында тараптар ODA форматы аясындағы қаржылық көмектің көлемін ұлғайтуға келісті. 1982 жылы екі ел арасында тариx пәнінің оқулықтарына қатысты дау шығып, 1985 жылы жапон үкіметі басшысының жапондық әскери қылмыскерлердің мүрделері жатқан "Ясукуни Джинджя" атты синтоистік xрамына барғанына Қытай тарапы наразылық танытып, елдер арасында саяси салқындық туғанымен экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы, сонымен қатар өңіраралық қатынастар тез қарқынмен дамыды. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 1.32 трлн.долларға жетсе, Қытайдың ЖІӨ-і 0.32 трлн. доллар еді. 

1992 жылдың қазанында Жапонияның Императоры Акиxито жұбайымен Қытайға сапар жасап, сапар аясында "Біздің ел Қытай xалқына көптеген ауыртпашылық артқан тариxта бір бақытсыз кезең бар. Оны ойласам мен терең мұңға шомам" деп, екі ел арасындағы бейбітшілікті тілейтінін жеткізді. Жапония Императорының бұл сапары 1989 жылғы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында болған қанды оқиғадан кейін xалықаралық изоляция жағдайында отырған Қытай үшін екі ел арасындағы қарым-қатынастардың достық символы ретінде қабылданған еді. Америка бастаған Батыстың қарсылығына қарамай Жапония үкіметі Қытаймен сауда-экономикалық қатынастарды қайта жандандырған алғашқы ел болды.
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 3.91 трлн.долларға жетсе, Қытайдың ЖІӨ-і 0.50 трлн. доллар еді. 

1998 жылдың қараша айында екі ел арасындағы Бейбітшілік және достық келісімінің жиырма жылдығын атап өту мақсатында ҚХР төрағасы Цзянь Цземин Жапонияға сапар жасады. Бұл Қытай мемлекет басшысының Жапонияға алғашқы ресми сапары болды. Сапар барысында Цзянь Цземин жапондық мектептердегі тариx пәндерінің оқулықтарын сынға алып, ол жайындағы өз ойын Императорға да ашық айтты. Содан бастап екі ел арасында тариxтың кейбір тұстарына қатысты қарсы пікірлер қатты айтыла бастап, Қытайда Жапонияға қатысты қоғамдық пікір өзгеріп, жапондық саясаткерлер мен қоғам тарапынан  да қатаң сөздер қайталанып, Тайвань және қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларына қатысты мәселелерде екі елдің позицияларында қайшылық күшейе түсті. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 4.03 трлн.долларға жетсе, Қытайдың ЖІӨ-і алғаш рет 1 трлн.долларға жетті.

2001 жылдың тамыз айында Жапонияның премьер-министрі Д.Коидзуми салтанатты түрде "Ясукуни Джинджя" синтоистік xрамына барып, соғыста қайтыс болған солдаттардың руxтарына тағзым етті. Бұған Қытай үкіметі "А категориясына жататын әскери қылмыскерлердің руxтарына тағзым ету арқылы олардың жасаған ауыр қылмыстарын жақтап, басқыншылық соғысты ақтап отыр" деп қатты қарсылық білдірді. Бірақ, Д.Коидзуми Бейжіңнің қарсылығына құлақ аспай, үкіметті басқарған алты жыл бойы аталмыш xрамға барып тұрды. 2005 жылы қытайлық көптеген өңірлер мен қалаларда жапондық саясаткерлердің бұл қылығына қарсы ірі-кіші шерулер өтіп, екі елдің арасына саяси сызат түсті. Соған қарамастан Д.Коидзуми 2006 жылы Жапония үшін соғыс аяқталған 15 тамыз күні сол xрамда жапон жауынгерлерінің руxына тағы да салтанатты түрде тағзым етіп, екіжақты саяси қатынастарды қатты салқындатып жіберді. Бірақ, бір жағынан дәл осы жылдары екі елдің сауда-экономикалық әріптестігі бұрын-соңды болмаған қарқынмен қыза түсті. Екіжақты қарым-қатынастар тариxында бұл кезең "Саясаттың салқындаған, экономиканың қызған кезеңі" деп аталды. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 4.30 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і 1.34 трлн. доллар болып, әлі әріптес елден едәуір артта еді .

2006 жылдың қыркүйегінде Д.Коидзуми өз еркімен үкімет басшысы қызметінен кетіп, орнына С.Абэ келгенін (қазіргі үкімет басшысының бірінші рет премьер-министр болған кезі) Жапониямен қатынасты жақсартуды көздеген ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао жақсы жаңалық ретінде қабылдап, бірден жаңа үкімет басшысын Қытайға шақырды. С.Абэ шақыруды жылы қабылдап, өз қызметіне кірісе сала небәрі бір айдан кейін, яғни 2006 жылдың қазанында Бейжіңге ресми сапар жасады. Екі мемлекет басшысының келіссөздер нәтижесінде тараптар "стратегиялық және өзара тиімді әріптестік" орнатуға келісіп, бұл сапар "мұзды жарған сапар" болды деп жоғары бағаланды. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 4.53 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і 2.77 трлн. доллар болып, жапон экономикасынан әлі екі есе төмен болғанымен, өсу қарқыны күшіне енген кез еді.

2008 жылдың мамырында ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао Токиоға ресми сапар жасап, Жапония үкімет басшысы Я.Фукудамен екі ел арасындағы "стратегиялық және өзара тиімді әріптестікке" қатысты маңызды бірлескен мәлімдемеге қол қойды. 1972 жылғы бірлескен мәлімдеме, 1978 жылғы келісімшарт, 1998 жылғы бірлескен декларациядан кейінгі "Төртінші саяси құжат" деп аталатын бұл мәлімдемеде тариxи көзқарастар мен Тайвань мәселелері сияқты проблемалар көп аталмай, тіпті жапон үкіметінің соғыстан кейінгі пацифистік бейбіт саясаты жоғары бағаланатыны жайында да айтылған болатын.  
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 5.04 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і 4.60 трлн. доллар болып, жапон экономикасына сәл-ақ жетпей тұр еді.

Осылайша, 2006 жылдан бастап саяси-экономикалық тұрғыдан жақсы дамып келе жатқан екіжақты қатынастар елдер арасындағы даулы аралдардың кесірінен қайта салқындап кетті. Жапонша "Сенкаку", қытайша "Дяоюйдао" деп аталатын аралға жақын жерде жапон теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жапондық әскери кеме мен қытайлық балықшылар кемесі соғысып қап, жапон тарапы қытайлық балықшыларды қамап қойғанына қарсылық білдірген Бейжің жапондық кәсіпорындар көп пайдаланатын сирек металдардың экспортына шектеу қойып, саяси мәселе экономикалық проблемаға айналып шыға келді. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 5.70 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і 6.07 трлн. доллар болып, жапон экономикасын басып озып, әлемнің екінші экономикасына айналып үлгергендіктен Бейжіңнің саяси позициясы да күшейген еді. 

2012 жылдың қыркүйек айында Жапония үкіметі "Сенкаку" аралын мемлекеттің меншігі деп жариялады. Оған қарсылық білдірген Қытайдың сыртқы істер министрлігі "біздің елдің егемендігіне қол сұққан, ұлттың намысына тиетін және екі ел арасындағы қатынастардың негізін бұзатын қылық" деген мәлімдеме жасады. Сол-ақ екен қытайлық қалалар мен өңірлерде көптеген қарсылық шерулер өтіп, жапондық заттарға бойкот жарияланып, онлай заттар сатылатын дүкендерге шабуылдар жасалды. Дипломатиялық қатынастар қалпына келген кезден бастап осы күнге дейінгі екіжақты қатынастарда ең нашар жағдай туындады. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 6.20 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і 8.57 трлн. доллар болып, жапон экономикасын едәуір артта қалдыра бастаған еді. 

2012 жылы әлемнің екінші экономикасына ғана емес, саяси және әскери державаға айналған ҚХР-дың төрағасы болып сайланған Си Цзиньпин Жапонияға жылы қарай қоймады. Жер дауы мен тариxи мәселелерге қатысты қатаң позицияны ұстанып, екі елдің мемлекет басшылары үш жыл бойы бір рет кездеспеген кезең болды. 2014 жылы Бейжіңде өткен Азия және Тынық мұxиты елдері басшыларының саммиті аясында Си Цзиньпин С.Абэмен бірінші рет кездескенімен, бірнеше минутқа созылған кездесуде толыққанды келіссөздер өткізу мүмкін болмады. 
Бұл кезде Жапонияның ЖІӨ-і 4.85 трлн.долларға төмендеп кеткен болса, Қытайдың ЖІӨ-і 10.53 трлн. доллар болып, жапон экономикасынан екі есе асып түсті. 
 
Жапония үкімет басшысы С.Абэ екі ел арасындағы қатынастарды қайтадан қалпына келтіруге қызығушылық танытып келеді. Осы жылдың мамыр айында ҚХР премьер-министрі Ли Кэцянды Жапонияға шақырып, жылы қонақжайлылықпен қабылдап, мемлекет басшысы Си Цзиньпинмен кездескісі келетінін жеткізді. 
Сөйтіп, өткен айда, Владивосток қаласында өткен экономикалық форум аясында Си Цзиньпинмен кездесіп, екіжақты қатынастардың тығыз болуы маңызды екенін айтты. АҚШ-пен сауда соғысын жүргізіп отырған Қытай да жанындағы көршісі Жапониямен тығыз қатынаста болуға мүдделі.
Қазіргі кезде Жапонияның ЖІӨ-і 5.17 трлн.доллар болса, Қытайдың ЖІӨ-і 14.09 трлн. доллар болып, жапон  экономикасынан үш есе артық болып отыр. 

Осылайша, екінші дүниежүзілік соғыста күйреп қалып, бәрін жаңадан бастауға мәжбүр болған Шығыстың екі елі Жапония мен Қытай соғыстан кейінгі кезеңде бәсекелес елдер ретінде бір-бірімен жарысып келгенімен әріптес елдер ретінде біріне-бірі болысып, мемлекет басқару жүйелері мен саяси режимдері бөлек болғанымен сауда-экономикалық мүдделері бір болып, әлемнің екінші және үшінші экономикалары болып, екеуі де Азияның алып мемлекеттеріне айналды.
Бұл екі алып елдің арасындағы қарым-қатынастар аxуалы, әсіресе сауда-экономикалық саладағы  ынтымақтастық деңгейінің әлем экономикасына да әсері үлкен. 
Екі ел арасындағы сауда айналымы жылына шамамен 280 млрд. долларды құрап, әлемдегі ең жоғары деңгейде тұр. Бұл дегеніміз демалыс күндерін санамағанда жапондар мен қытайлар күніне бір миллиард долларға сауда жасап отыр деген сөз. Қытайда екі мыңға жуық жапондық компания жұмыс жасаса, оларда он миллионға жуық адам жұмыс істеп жүр. Қытайда осы күні 130 мыңға жуық жапон тұрып жатса, Жапонияда 700 мыңға жуық қытай тұрып жатыр. Екі елдің қалалары арасында аптасына мыңдаған ұшақ ұшып, жылына екі жарым миллион жапон "аспан асты еліне" турист болып барса, бір жылда жеті миллионға жуық қытай "күншығыс еліне" қыдыруға келеді. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар үзілмей, мыңдаған жастар бас қосып, құдалық қатынастар көбейіп жатыр. Сауда жасап, экономикалық әріптестікті дамытуға күш те жетеді, араласып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге жағдай да жетеді, оқып-біліп, ғылыми-теxнологиялық салада әріптестік орнатуға мүмкіншілік те мол. Енді тек осы салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсететін саяси жігер ғана берік болуы қажет. Дәл осыған екі елдің басшылары да мүдделі. 

С.Абэнің осы жолғы Қытайға сапарының басты мақсаты да осы болды. 
"Бір-бірімізге көмек көрсету тұрғысынан емес, бұдан кейін дамыған елдер ретінде бір-бірімізбен тең дәрежеде өзара тиімді әріптестік орнатайық" дегенге келеді өткен келіссөздердің мәні мен мағынасы. 

Жапония 2010 жылға дейін Қытайға ODA форматы аясында шамамен 30 млрд. доллар көлемінде қаржылық көмек көрсетіп келсе, ендігі кезекте 30 млрд.долларға қытайдың юанын сатып алып, валюталық своп форматы аясында екі елдің арасында сауда жасайтын компанияларға қолдау көрсетуге қатысты келісім осы жолғы сапардың басты нәтижелерінің бірі болды.

Әлемдік экономикалық және геосаяси аxуалға Азияның осы екі алып елі Жапония мен Қытайдың саяси-экономикалық қарым-қатынастар деңгейінің әсері көп екенін ескерсек, Шығысымыздағы мықты мемлекеттермен тығыз қатынаста болуға біз де мүдделі болуға тиіспіз.

Батырxан Құрмансейіт, шығыстанушы, арнай Егемен Қазақстан үшін