Аймақтар • 27 Қазан, 2018

Еліміздегі ең ұзын субұрқақ Таразда

1531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тараз тарихпен тамырласқан, шежіремен көмкерілген айшықты қаланың бірі. Күн өткен сайын түрленіп келе жатқан көне шаһардың қала күні қарсаңында тотыдай тарануы да заңдылық. 

Еліміздегі ең ұзын субұрқақ Таразда

Бұл күні қала көлемінде көптеген нысандар ашылып, ел игілігіне берілді. Солардың бірі – Желтоқсан көшесінің бойынан ашылған «Желтоқсан толқыны» субұрқағы. Айта кетейік, бұл  еліміздегі ең ұзын субұрқақ болып саналады.

Бүгін Тараз төрінен ашылып отырған «Желтоқсан толқыны» субұрқағының ұзындығы 220 метр. Ал қала сәулетін арттырған бұл субұрқақтың алғашқы толқыны 86 санынан басталады. Субұрқақтың екі жағында пырақтың, барыстың және самұрықтың мүсіндері бар. Сәулет өнеріне тән ерекшелікті сақтай отырып салынған субұрқақтың ашылу салтанатына да тараздықтар көптеп жиналды. Көпшілік толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздіктің айшығы күн мен бүркітті бейнелейтін бейнесіне айналып, одан әрі Егемендікке ұласатын ерекшелігін тамашалады. Ақ мәрмәр тастан жасалған субұрқақ келушілердің қызығушылығын тудырды.

Бұл орайда балалар алаңшасында мерекелік концерт өтіп, қаланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды. Өз кезегінде «Палау фестивалі», өңірдегі этномәдени орталықтардың көрмесі мен жәрмеңкесі өтті.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы