Әлем • 29 Қазан, 2018

Алда Токио Олимпиадасына жолдама алу міндеті тұр - Әлия Юсупова

448 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кезінде Әлия Юсупова он жылдай ел намысын түрлі додада абыроймен қорғап, қазақ қыздарының да осынау сұлу спортта алар үлесінің бар екендігін дәлелдесе, бүгінде оның шәкірттері сол белестерді бағындыруға ұмтылып жүр. Тіпті Джакартада өткен Азия ойындарында көркем гимнастшыларымыз қос алтынды қоржынға салып, артынша Болгария астанасы Софиядағы әлем біріншілігіне қатысты. Осы аламандағы нәтиже мен қызықтырған өзге де сауалдар туралы бас бапкердің өзінен сұрадық.

Алда Токио Олимпиадасына жолдама алу міндеті тұр - Әлия Юсупова

– Азия ойындарында көр­кем гимнастикадан Қа­зақ­стан құ­рамасы сәтті өнер көр­сетті. Азиа­дадан соң қыздары­мыз бір­ден әлем чемпионатына ат­та­нып кетті. Софиядағы нә­ти­­же туралы өз аузыңыздан естісек... 

– Жылдың басты жарысы Азия ойындары болғаны анық. Сол аламанда өнер көрсеткен шәкірттеріме ризамын. Дегенмен жарыс кестесі аздап қиындық туғызды. Себебі Азия ойындары аяқталған соң араға төрт күн салып Қазақстан құрамасы Болгарияға аттанды. Бұл спортшылар үшін үлкен ауыртпалық болды. Сары құрлық Олимпиадасы саналатын аламан қыздарымыз тұрмақ, бізге бапкерлер құрамына да физикалық және моральдық тұрғыда оңай болған жоқ. Алина Әділханова өзін жайсыз сезініп, елге келген бетте ауруханаға түсті. Төрт күн бойы ауруханада дәрігерлердің қарауында болған ол әлем чемпио­натына мүлде дайындала алмады. Астаналық Адиля Тілекенова да Индонезиядағы жарыс кезінде жамбасынан жарақат алып, оның да дайындық жасауға мүмкіндігі болмады. Сондықтан біз әлем біріншілігіне ешбір даярлықсыз аттандық. Яғни Азиададан кейінгі алғашқы жаттығуымыз Софияда өтті. Сол жерде оларды жігерлендіріп, қолдау көр­сет­тік. Үшінші қызымыз Даяна Әб­дірбекова екі сында өнер көрсетті: обруч және доп. Болгарияға да Джакартадағы құрам барды. Сол қиындықтарға қарамастан қыздарымыз қолдарынан келгенше тырысып, біздің де үмі­тімізді ақтады. Ауруға да, жа­рақатқа да шыдады. Адиля алғашқы отыздыққа енсе, 24 гимнасшының қатарына кіреді деп жоспарлаған Алина 19-орыннан көрінді. 14 қыркүйек күні көпсайыстан финал өтіп, оған бастапқы 24 спортшы қатысты. Біздің Алина да сол қатарда болды. Бұл әзірге жаман емес. 

Ал топтық кезеңде құрама қа­теліктер жіберді. Азиадада бұл сын болған жоқ. Жан-жақ­тан жиналған 36 команданың ішінде 24-орынға жайғасты. Сол кемшіліктерді жою жолында жұмыс істейтін боламыз.

– Қазір қыздардың жағ­дайы, денсаулығы қалай?

– Шәкірттерімді жыл соңы­на дейін барлық жарыстардан босаттым. Себебі оларға дұрыстап емделу керек. Оның үсті­не жылдың негізгі сайыстары аяқталды. Бұйыртса, келесі жылдан бастап даярлықты қайта жалғастырамыз. 

– Толық емделуіне елімізде жағдай жасалған ба?

– Алина Әділханова Қара­ған­дыда емделіп жатыр. Шым­кентте дайындалғанымен, өзі кеншілер қаласының тумасы. Ата-анасы да сонда тұ­рады. Алинаның ана­сының ме­дициналық білімі бар. Былайша айт­қанда қыздарымыз өз күштерімен елімізде ем қа­былдауда. 

– Соңғы жылдары көркем гимнастикаға қызығушылар саны артқаны анық. Ал резерв мәселесі қалай шешілмек?

– Өз басым спортпен қош­тас­қанда 26 жасқа таяған едім. Қа­зіргі еркелікке бой алдырған жас­тарға қарап, олар 25 жас­қа дейін жаттығу жасайды де­ген­ге күмәнім бар. Өзіңіз ойлаңызшы, 25 жастағы бойжет­кен бапкерінің айтқан әрбір тап­сырмасын бұлжытпай орындауы керек. Тәртіпке толық ба­ғынып, артық қыдырмай, жат­тығу, жарыс кестесімен ғана өмір сүру қиынның-қиыны. Бас бапкер болғандықтан резерв­тегі спортшылардың көп бол­ғаны маған да керек. Алайда бас бапкер еліміздің түкпір-түк­піріндегі спортшылардың барлығын бірдей даярлай алмайды, менің міндетім – құрама дайындығының лайықты дең­гейде болуына жауап беру. Сол себепті көптеп ашылып жатқан мектептер, білікті бапкерлер шәкірттерінің құрама сапына ілігуі үшін ұмтылуы тиіс. 

– Төзім деп қалдыңыз. Шы­нымен де сіздің қайсарлы­ғы­ңызға кезінде мамандар таңға­латын. Бүгінде көзінде оты бар, топты жарып шықсам дей­тін гим­настшылар елімізде көп пе?

– Әрине, бар. Бізбен Азия ойын­дарына барған үштік дәл сон­дай спортшылар. Оларда ұм­тылыс, ниет болмаса, «біз шар­шадық не ауырып тұрмыз» деп-ақ еңбектенбей қоя салар еді. Олар керісінше Азиядада үздік атанып қана қоймай, әлем чемпионатына да қатысты. 

– Өзіңіз 2011 жылдан бері құрама тізгінін қолыңызға алдыңыз. Кезінде өзіңіз де Ири­на Винер секілді әлемдегі үздік бапкерлердің қарамағында жаттығу жасадыңыз. Ол кісіні өте қатал әрі талапшыл маман деп жатады. Спортшылардың тамақтануын да жіті қада­ға­лайды деп естиміз. Сіз сол кісінің әдістерін шәкірт тәр­биелеуде қаншалықты жиі қолданасыз?

– Ирина Александровнадан көп нәрсе үйрендім. Ол кісі шынымен де қатал. Талап ете біледі. Шәкірттеріне артық сал­мақ қоспас үшін диета ұстат­қызады. Бірақ онсыз тағы бол­майды. Әрбір артық кило көркем гимнастикада үлкен рөл ой­найды. Мәселе сырт көзде ғана емес, салмақты қалыпта ұстау, ең алдымен, спортшы­ның өзіне керек. Артық салмақ гим­нас­шының қимыл-қозғалысына кері әсер етіп, оның жарақат алу ықтималдылығы артады. Спортшы тұрмақ артық салмақ қосқан қатардағы адамдардың өзінің жүріп-тұруы қиындайды емес пе. Мөлшерден көп тамақ­тану ағзаға да зиян. Бұл дегенім әрбір шәкіртімнің не жейтінін ба­қылап жүремін деген сөз емес. Менің талап ететінім, олар өздеріне лайық салмақты қалып­та ұстаулары қажет. 

– Ал елімізде көркем гим­­нас­тиканың дамуына жа­салған жағдай сіздің көңілі­ңізден қаншалықты шығады? 

– Бүгінде Қазақстанда осы спорт түрінің дамуы үшін керек жағдайдың бәрі бар. Ел­ба­сы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тапсырмасымен Шым­кент қаласында көркем гимнастика орталығы салынды. Онда бес зал болса, соның бірі жарыстар өткізуге арналған. Онда сайыстарды 1000 көрермен тамашалай алады. Хореографиялық зал да, асхана да, қонақүй кешені де сол ғимараттың ішінде. Бұл біз үшін де, жарыстарға келетін өзге командалар үшін де өте ыңғайлы. Тек осындай орталықтар елі­міз­дің басқа өңірлерінде де ашылса екен деген тілек бар. 

– Әне-міне дегенше Токио Олимпиадасы да жақын­дап қалды. Алдағы төртжыл­дықтың басты аламанынан не күтеміз? 

– Токио Олимпиадасындағы нәтиже жайлы айтпас бұрын оған жолдама алу керек. Келесі жылы Бакуде лицензиялық әлем чем­пионаты өтеді. Рио Олимпиадасы алдында тестілік ойындар ұйымдастырылып, бұл бізге дөп келген еді. Яғни 2015 жылғы әлем чемпионатында 1-15-орын алған қыздар олимпиадалық жолдаманы тікелей иеленсе, қалған 24-орынға дейінгі қатысушылар (Сәбина Әшірбаева 18-орынға тұрақтады – М.А.) 2016 жылдың сәуі­рінде өткен тестілік ойындар­да алғашқы сегіздікке енуі тиіс болатын. Сәбина ол кезде екінші орын иемденіп, Бразилиядағы додаға қатысуға мүмкіндік алды. 

Өкінішке қарай, бұл жолы тестілік ойындар өтпейді. 2019 жылы қыздардың төрт әлем кубогы және әлем чем­пионатында иемденген ұпайлар саны қосылып, неғұрлым жоғары ұпай жинағандары Токио олимпиадасына жолдама алады. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист