Білім • 25 Қазан, 2018

Білім саласының өзекті мәселелерді талқыланды

761 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының 10 жылдығына орай Астанада «Жаңа дәуірдің мектебі» тақырыбында оныншы халықаралық конференция өтті.

Білім саласының өзекті мәселелерді талқыланды

Конференцияға Ұлыбритания, Финляндия, АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Нидерланды, Норвегия, Армения, Өзбекстан, Қырғызстан және тағы басқа алыс-жақын шетелден келген екі мыңнан аса ғалым мен мұғалім қатысты. Сонымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік мұғалімдер де қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Халықаралық конференцияда шетелдің беделді сарапшылары мен спикерлері қатысушыларға арнайы дәріс оқыды. Атап айтар болсақ, Кембридж университеті білім факультетінің деканы Сьюзан Робертсон «ХХІ ғасыр дәуіріндегі жаһандық біліктіліктерге ие оқушыға айнал: Қиындықтар мен фактілер», Лондон университеттік колледжі Білім Институтының құрметті профессоры, аты аңызға айналған педагог-психолог Шалва Амонашвили «Мектепке дейінгі білім берудегі гуманитарлық педагогиканың тәжірибесі», Гонконг университетінің  білім саласы департаментінің директоры, қытай білім жүйесіндегі реформаторлардың бірі Кай-Минг Чен «Білім мен ғылымның маңызы туралы»,  EduCluster Finland – инновация және сыртқы байланыс директоры, финдік білім жүйесінің инноваторы Дэвид Марш «CLIL мәнмәтінінде оқыту мен оқу қалай өзгереді?» және Массачусетс технология институтының профессоры Томас Хаус «Оқушыларға негізгі химияны қалай жеңілдетуге болады» тақырыбында өз дәріс оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Астанадағы конференция 12 бағытта жұмыс істеп, 50-ден аса түрлі іс-шара өтті. Жиында білім жүйесіндегі өзгерістер, мұғалімдерді оқыту, кәсіби дамыту және олардың жан-жақты өркендеуі, орта білім куррикулумындағы инновация мен тенденция жөніндегі пленарлық және секциялық арнайы отырыстар да ұйымдастырылды. Сонымен қатар әр түрлі форматтағы жұмыс, яғни, баяндамалар, шеберлік сағаттары, презентациялар, дөңгелек үстелдер, панелдік дискуссиялар, семинарлар, постер-сессиялар мен білім ресурстарының көрмесі де ұйымдастырылды.

Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинованың айтуынша, конференцияға қатысуға өтім бергендердің саны өте көп болғандықтан ең үздік дегендерін таңдап алған. «Биылғы халықаралық конференцияның бір ерекшелігі – мыңнан аса ғылыми баяндама келіп түсті. Осы баяндама бойынша эксперттік топ жұмыс істеп, таңдап алынған 200 баяндама тыңдалымға жіберілді. Сондай-ақ еліміздің және шетелдің мұғалім, директорлары өздерінің баяндамаларымен шығып жатыр», дейді К.Шәмшидинова.

Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған екі күндік астаналық конференция отандық және ғаламдық білім саласының ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған ғылым әлеміндегі беделді алаңға айналып үлгерді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»