Қазақстан • 29 Қазан, 2018

Халықаралық Түркі академиясында Түркия Республикасының 95 жылдығы атап өтілді

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Халықаралық Түркі академиясында Түркия Республикасының 95 жылдығы аталып өтті.

Халықаралық Түркі академиясында Түркия Республикасының 95 жылдығы атап өтілді

Мерекелік жиынға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Мамедов, Моңғолия мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга, Түркі академиясының ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Мырзатай Жолдасбеков пен Әділ Ахметов, Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, түркологтар қатысты.

Алқалы жиынды Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашып, жиналған қауымды, Түркия Республикасының елшісін айтулы мерекемен құттықтады.

«Мұстафа Шоқай бір мақаласында әрбір түркі кіндігінен тараған азаматтың екі Отаны бар. Бірі – өзінің туған жері болса, екіншісі – Түркия» деп жазған. Расында осыдан 95 жыл бұрын құрылған Түркия мемлекеті түркі халықтарының қиын-қыстау кезінде қамқорлық жасап, арқа сүйер тірек болған. Бүгінде Халықаралық Түркі академиясының құрылтайшы мемлекеттерінің бірі Түркия Республикасының 95 жылдығы – Түркі академиясы үшін де үлкен мереке. Халықаралық түркі академиясының құрылтайшы мемлекеттерінің барлық мемлекеттік мерекелерін академияда атап өту жөнінде шешімі қабылданды», деді Д.Қыдырәлі.

Жиында сөз алған Түркия елшісі Невзат Уянык Түркия Республикасының 95 жылдығын жоғары деңгейде атап өтіп, түркі әлеміне елеулі үлес қосып жүрген азаматтарды бір ортада жинағаны үшін Академия басшысына алғыс білдірді.

«Түркия Республикасы І дүниежүзілік соғыстан кейін Осман империясының орнына құрылды. Мемлекетіміздің 95 жылдығын атажұртымызда тойлау біз үшін үлкен қуаныш. Онымен қоса, бұл күнді Қазақстанның елордасында, Түркі академиясының шаңырағында тойлау мерекені ерекшелей түсті. Екі елдің басшыларының жақсы қарым-қатынасы бауырлас мемлекеттердің татулығынан байқалады. Тәуелсіздігіміз, достығымыз, бауырластығымыз мәңгілік болсын», деді елші.

Әзербайжан елшісі Рашад Мамедов өз сөзінде бүгінгі Түркияның ұлы Осман империясының жалғасы екеніне тоқталып, әлемдік саясатта, экономикада өзіндік орны бар мемлекетке айналғанын атап өтті.

«Әзербайжан президенті Гейдар Алиев бір сөзінде Түркия мен Әзербайжан мемлекеттерін «бір ұлт, екі мемлекет» деген болатын. Түркия Әзербайжан мемлекетін қашан да қолдап келді. Тәуелсіздік алған жылдары Түркияның саяси, экономикалық көмегі қазіргі Әзербайжанды құруға күш берді. Президентіміз Ильхам Алиев соңғы кездесуінде «Түркияның жетістігі – Әзербайжан жетістігі» деген болатын. Өз атымнан, әзербайжан халқының атынан Түркия Республикасын 95 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын», деді Р.Мамедов.

Түркияны айтулы мерекесімен құттықтаушылар қатарында Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Лувсан Баттулга да болды.

«Түркия мен Моңғолия мемлекеттерінің достық қатынас орнатқанына 60 жылдай уақыт өтті. Моңғолия – түркі әлемінің маңызды ескерткіштерін иемдеген мемлекет. Сондықтан, арадағы рухани, мәдени, саяси қатынасты одан әрі де дамыта түсуіміз керек», деді елші. Сонымен қатар Л.Баттулга Түркі академиясының түркі әлемін Моңғолиямен байланыстыратын көпір екенін, Моңғолияның түркі әлемінде алар орны ерекше екенін айтып өтті.

Түркі академиясының сыйлы ақсақалы, қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков Түркия мен тәуелсіз Қазақстанның қарым-қатынасындағы алғашқы қадамдары туралы естеліктерімен бөлісіп, Түркиядағы алғаш рет ұйымдастырылған Қазақстанның мәдени күндері туралы әңгімеледі. Академия ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ғалым Әділ Ахметов Түркия Республикасын елеулі мерекесімен құттықтап, екі ел достығының мәңгілік болуын тіледі.

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»