Әдебиет • 30 Қазан, 2018

Ғибратты шығарманың жаңа аудармасы жайында

2283 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алып, жоғалғанымыз табылып, өшкеніміз қайта жана бастаған кезде бабаларымыздан бізге аман жеткен кейбір баға жетпес жәдігерлер табылып, ұрпақтарымен қайта қауышуда. Осындай құнды жәдігерлердің бірі де бірегейі – Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы. 

Ғибратты шығарманың жаңа аудармасы жайында

Бекасыл Биболатұлы Сайрам, Қарнақ, Тәшкен, Самарқан медреселерін, сосын Бұхар-и-Шарифтің «Мір-Араб» медресесін аяқтап, Шам (Сирия) еліне барып, сол дәуірдің ең ғұламаларынан тәлім алып, білімпаз болғандығының және ұшан-теңіз білімінің пайдасын халқына молынан тигізгенінің шарапатынан көзі тірі кезінде-ақ әулие атанып, аты аңызға айналған. Ол соншама жылдар бойы жиған ілімімен «Зикзал» атты баға жетпес аса құнды еңбегін жазып қалдырған.

Қазақ руханиятындағы алып тұл­­ға­лардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы­ның Оңтүстікке сапарын баяндайтын, «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деп атал­ған еңбегінде бұл кітап туралы былай деп баяндаған екен: «Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір тө­бе, құлағының тесігі, көкірегінің есі­­гі бар пендеге же­тер­лік. Дұға біт­кен­­нен Исм Ағзам, Дұға-и Құлқұл, Ша­р­иғаттағы төрт пір, Дұға-и Хатм, Әсінад, Ғажайбұл-Истихфар, Рисала-и Бафәндә, Рисала-и Сартараш, Имам Жапар Садықтың руаяты, Рисала-и дуруд, Дұға-и Қадах, Қадахнама, Әб­жад, Әли Қарамалланың дұғасы, елде етек алған безгек, қызылша ауруларының бетін алатын, тауысып біте алмас дүниелер. Айдың, күннің амалы, бір жұмадағы жеті күннің пайдасы. Әрқайсысы бір-бір кітап, бәрі де тегіс ғылым. Осы дүниенің бір қыдыруы қағазға өлеңмен жазылыпты. Оқыған жан араб, парсыдан сөз білмесе, миына тоқуы мүмкін емес».

Кітаптың үшінші басылымындағы Оразбай Зәріпбайдың зерттеулерінің нәтижесіне сүйене отырып, Бекасыл Биболатұлының ғұламалық, білімпаздық келбеті, әулиелік қасиеті және «Зикзал» атты еңбегі жайында мынадай ой қоры­туға болады:

Негізінде  бұл кітапты – Ислам дінінің қағидаларын, Құран тәпсірлерінің мағынасы мен астарындағы құпияларын, хадис ілімдерінің қасиеттерін және пайғамбарлар тарихына қатысты де­ректерді терең игерген, Ислами ілім­дер­дің бір тарауы болып саналатын «Пал­нама», яғни шариғи деректер негі­зінде жорамал жасау ілімдерін же­те меңгерген ғұлама; араб, парсы,­ түрік тілдерін жақсы білген сөз шеберінің жаз­­ғандығында, сондай-ақ кітапта кел­тірілген мәліметтер шариғат қағида­ла­рының шеңберінен шықпайтын ғылы­ми еңбек екендігінде еш күмән жоқ. 

Бұл еңбекте баяндалған барша ғылы­ми мәліметтер, келтірілген дұғалар, тылсымдар мен олардың қолдану тәсілдері, пайғамбарлар мен әулиелер туралы деректер, адамдар мен перілер, жануар­лар мен құстар, шаруашылық пен ди­қан­шылық, құсбегілік пен аңшылық және басқа да көптеген салаларды қам­тыған мәселелер мен олардың шешім­дері Құ­­ран мен хадистердің ғылыми ұста­ным­дарына негізделген: 

Біріншіден, көптеген дұғаларда қа­сиетті Құран аяттары келтірілген және әрбір аяттың қандай дертке шипа бола­тындығы, оны қалай қолдану қажет екендігі көрсетілген. Мұны тек тәпсір ілімдерін жете меңгерген ғалым ғана білген;

Екіншіден, көптеген хадистер мен риуаяттар келтірілген. Бұл да – хадис ілімдерін жақсы меңгерген адамның ғана қолынан келетін іс;

Үшіншіден, Ақида іліміне де қатысты даналық ойлар айтылған. Және Алла тағаланың көркем есімдері мен сипаттарын баяндап, әлемдердің жаратылу хикметтері жайлы деректер келтірілген; 

Төртіншіден, «Әбжад» тылсымда­рының құпиялары өте күрделі, олардың астарын тек әріптерді сандарға айналдыру әдістері арқылы ұғыну мүмкін емес. Арайланудың және илаһи нұрланудың нәтижесінде (илаһи құдіреттен келетін кереметтер арқылы) ғана түсінуге болады. Бекасыл әулие осындай құдіретке ие болған, соның шарапатынан көптеген тыл­сымдардың құпияларын түсініп, олар жайлы деректер келтірген;

Бесіншіден, Алланың ерекше етіп жаратқан ұлы төрт періштесі және бас­қа да періштелері, олардың ерекше қасиет­тері мен атқаратын міндеттері туралы деректер берілген; 

Алтыншыдан, Әлемдердің жаратылысынан бастап хазіреті Адам Атаның (Алланың оған сәлемі болсын!) жаратылуы, оның жерге түсірілуімен бірге жердегі тіршілігі, оған Хақ тағала тарапынан сыйлық етілген түрлі нығметтер, оның перзенттері, оның перзенттерінен тараған пайғамбарлар мен әулиелер, әсіресе адамзаттың абзалы, хазіреті Мұ­­хаммед Мұстафаға (Алланың оған аман­дығы мен сәлемі болсын!) қатысты ғажайып оқиғалар мен бұрын-соңды кездесе бермейтін хикаялар жайлы деректер молынан қамтылған;

Жетіншіден, адамзат баласын тәрбие­леудегі Имани тәрбиесі мен тақуалық таным-тәрбиені шыңдауға байланысты Пайғамбарымыздың (Алланың оған амандығы мен сәлемі болсын!) кейінгі үмбеттердің қамы үшін хазірет Әліге (Алла оған разы болсын!) айтқан өсиеті аса көркем түрде баяндалған;

Сегізіншіден, «Бұржылар» (шоқжұл­дыз) мен олардың әлем кеңістігінде орналасуы мен дәрежелері жайлы тия­нақты мәліметтер берілген. Бұлар Ис­лами ілімдердің бір тарауы болып табылатын «Палнама» (Жорамал жасау) ілімдерінің құрамына жатады. Бұл ілімді білу – адамнан үлкен білімділік пен те­рең ізденушілікті талап етеді;

Тоғызыншыдан, Бұржылардың құра­мына жатпайтын, басқа да көптеген аспан денелерінің көк кеңістігінде орна­ласқан орны мен олардың бір-бірі­мен байланысы, тіпті олардың қоз­ғалысының дәлме-дәл уақыттары және олардың әр адамның тіршілігіне ететін әсері, олардың пайдасы мен зияны, жақ­сылы-жаманды болмысы жайлы аса құнды деректер берілген; 

Оныншы, адамның он екі мүшесінде кездесетін дерттердің пайда болу се­беп­тері, оларды емдеу тәсілдері туралы және адамдарды бір-бірімен жақын­дастыратын және араздастыратын жақсылы-жаманды әрекеттер, зиян­кестіктер мен ырымдар, олардың зиянын жоятын қайтарықтар туралы және адам­дар арасындағы қарым-қатынасты жақсартудың жолдары жайында мол деректер қамтылған;

Он бірінші, адамзат баласының түр­­лі жан-жануарлар мен жәндіктерге қатысты және табиғат құбылысына байланысты жасайтын іс-әрекеті мен амалдары жайлы да құнды ойлар айтылған;

Он екінші, Ислам әлеміне аса танымал болған ең атақты ғұламалардың, атап айтқанда, Ұлық Имам деген атаққа ие болған Ибн-Арабидің кітаптарынан қымбат дерек келтірілген;

Он үшінші, Қазақ даласында өмір сүрген Шымыр әулие және басқа да әулиелер туралы, Испиджаб (Сайрам) шаһары туралы, оның нұры жеті қабат аспанды нұрландырып тұратындығы жайлы бұрын-соңды кездесе бермейтін хикаялар мен деректер берілген;

Он төртінші, жалпы саны үш жүзден аса дұғалардың құпия сырлары мен қасиеттері баяндалып, олардың қолдану орны мен емдік қасиеті, кейбірінің тылсымдық сырлары да айтылған.

Он бесінші, осы аталғандардан тыс, басқа кітаптарда кездеспейтін тың деректер мен мәліметтер бар.

Міне, осы айтылғандардың бә­рі­ Бе­к­­асыл әулие игерген ғылым салала­рының көп қырлы екендігін және осы ғылымдарды жете меңгерген ғұлама болғандығын дәлелдейді.

«Зикзал» мына төмендегідей құры­лым­нан тұрады:

Бірінші – қолжазбаның бірінші беті ең­бектің негізгі тақырыптарынан бөлек жазылған. Яғни, негізгі бөлігі екінші беттен басталады. Бірінші беттің басында әйел заты жайлы көркем шумақтармен бір­ қатарда жазылған хашиясында екі бірдей хадис берілген. Мұндағы өлең шу­мақтарында әйел затының қасиет­тері мен артықшылығы жырланады. Бек­асыл әулиенің әйел затын осылай қол­жазбаның бірінші бетінде дәріптеуі кез­дейсоқтық емес. Мұнысымен Ислам дінінің ұстанымдарын жақсы білген Бек­асыл әулие әйел затының адамзат өміріндегі орнының қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді. Өйткені жалпы Ис­лами танымға негізделген қазақилық таным да әйел затының дәрежесін аса жо­ғары бағалайды. Бекасыл әулиенің әйел туралы келтірген шумақтары хазірет Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дәріптеген ізгі әйел бейнесін көркем тілмен баяндайды.

Қолжазбаның алғашқы беттерінің хашия­сында жеті хадис жазылған, бірақ өкінішке қарай парақтың жетінші хадисі жазылған тұсы жыртылған. Қалған алты хадисі толық оқылып, сөздерін ажы­ратып алуға болатындай дәрежеде сақталған.

Екінші – қолжазбаның негізгі бөлігі «Палнама», яғни «Жорамал ілімі». Мұнда бірнеше түрлі тақырыптар зикзал етіп өрнектеліп жазылып, әрқайсысы өз алдына бір кітапты құрайды. Бұл – дү­ниежүзіндегі «Палнама» атала­тын кітаптардың тоғызыншысы. Яғни «Палнама» туралы қалам тартқан әлемнің тоғыз ғұламасының бірі – Бекасыл баба деген сөз. Бұл кітапқа дейін бұрын дүние жүзі бойынша «Палнама» деп аталатын­ кітаптардың сегізі мәлім екен. Бұл аса құнды деректі аудармашы Зәріпбай Ораз­бай ағылшын оқымыстысы Чарльз Амброуз Стори мен түркітанушы әрі иран­­танушы орыс ғалымы Юрий Брегель сияқты атақты ғалымдардың кітабынан алған. Міне, осы деректер бойынша «Зикзалдың» құрамындағы «Палнама» атаулы кітаптардың тоғызыншысы болып шығады.

«Палнаманың», яғни «Жорамал ілімінің» дүр-гауһары «Әбжад ілімі» болып табылатыны оның мағынасы осы аудармада өте анық, ұғынықты болып шыққан. Қолжазбаның үшінші беті жыр­тылып, жоғарғы оң бұрышында кіш­кентай ғана бөлігі қалған. Онда «Үл­кен әбжад» тәсілі бойынша жа­зыл­­ған біршама жазулардың үлгісі сақ­талған. Бір қарағанға парақтың бір бұ­рышында ғана қалған бірнеше жазуда анау айтқандай үлкен дүние жоқ сияқты көрінгенмен, онда тақырып туралы да, оны жазған адам туралы да аса құнды мәлімет берілген. 

Жоғарыда айтылғандай, Бекасыл Биболатұлы – Ислам дініне қатысты ілімдердің де, дүниауи ілімдердің де сан-салаларын жетік меңгерген жан-жақ­ты ғұлама, өз дәуірінде «Құтб заман» дәрежесіне жеткен әулие, медресе ұстаған ұстаз. Мұның бәрі – Алла тағала тарапынан оған сыйлық етілетін үлкен нығмет, маңдайына біткен зор бақыт. 

Бекасыл Биболатұлының қолжаз­басының табылғаны да бір ғажайып оқиға. Алатаудың ақиық ақыны аталған Қазанғап Байболұлы Бекасыл әулиенің өкіл баласы және ең үлкен үміт артқан шәкірті болғаны туралы мәліметті олар­дың ұрпақтары жақсы білген. Бі­рақ тұрымтай тұсымен болған кеңес дәуірінде олар бір-бірімен араласпаған.

Ғұламаның шөбересі генерал Ержан Исақұлов 2002 жылы Оңтүстік Қазақ­стан­ облысы, Төлеби ауданы Кеңе­с­­­арық­ ауылындағы орта мектепке Бек­асыл Биболатұлының атын беру рәсі­мі­не арналған салтанатты жиынға Қа­зан­ғаптың ұрпақтарын шақыртады. Сол жер­де Қазанғаптың баласы Оңғар­мен таны­сады. Бірнеше айдан кейін Ержан Ұзы­нарық ауылындағы Оңғардың үйіне барып, әңгіме барысында Бекасылдың мұра­ларын іздестіріп жүргенін жеткізеді. Оңғар осы сәтті көп жылдар бойы күтіп жүр­генін айтады. Өйткені Қазанғап дүние­ден өтер алдында (1946 жылы) өзінің жұ­байы мен баласы Оңғарға Бекасылдың қол­жазбасын аманат етіп тап­сырыпты. Оңғар­дың айтуынша, Бек­асыл Қазанғапқа: – Зама­нында мұ­ның иесі келіп сұрайды, иесіне берерсіңдер, соған дейін сақтаңдар, – деген екен.

Осыған байланысты Оңғар өзін көп­тен бері ойландырып жүрген тағы бір оқиғаны есіне алады. Өткен ғасырдың 60-жылдары Қазанғаптың ауылына бір адам келіп, өзін Самарқаннан келген ишан деп таныстырады. Қолжазбада не жазыл­ғанын білмей жүрген Оңғар оны ишанға көрсетеді.

Ишан қолжазбаны оқып, оның өте құнды мұра екенін, жақсы сақталуы үшін жылына екі рет (күн мен түннің теңел­ген және ең алшақтаған кездерінде) күнге шығарып парақтарын аударып оты­руға, ең бастысы әулиенің айтып кет­кен аманатын міндетті түрде орындап, қол­жазбаны иесіне тапсыру туралы кеңес бе­реді. Со­ны­мен ол қолжазба Қазан­ғаптың әуле­тінде бір ғасырға жуық көздің қара­шығын­дай сақ­талады.

Жоғарыдағы әңгімеден соң, Оңғар Ержанға айтылған қолжазбаны үш айдан кейін беруге уәделеседі. Оңғардың балалары әкесінің бұл шешіміне қарсылық білдіреді. Дегенмен Оңғар әкесінің аманатын орындап, асыл мұраны қимас­тықпен жылап тұрып иесіне табыс ете­ді. Қолына тигеннен кейін Ержан қол­жазбаны маған әкеп көрсетті. Сол күннен бастап екеуміз асыл мұраны аудартуды, сөйтіп жариялауды қолға алдық. 2005 жылы Ержан Исақұлов туған ауылында бабасына ас беріп, Құран оқытты. Бекасыл әулиенің кітабының алғашқы нұсқасы «Жұлдызнаманы» елге тегін таратты. Сол аста қолжазбаны сақтап, жеткізген Оңғарды көрген едім. 

Қо­лыма қалам алып жаздым «Зикзал»,

Басқаның бір өлімнен ертесі абзал.

Жақсылар, оқып көрсең, міне, кітап,

Ішінде әрбір түрлі нұсқалар бар, – деп Бекасыл бабамыздың өзі айтқандай, бұл кітап енді «Зикзал» деген атпен оқыр­манға жол тартты.

Ендігі міндет – асыл мұраны бойға сіңіріп, жан-жақты, терең зерттеп, та­ғы­лымын, қоғамның пайдасына, адам­заттың тіршілігіне пайдалану. Осы орай­да сахарадан шыққан әулиенің мұрасын жүйелі зерттеуді ұйымдастыру мақсатында арнайы құрылып жатқан Қордың жұмысы да жемісті болсын. 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ