Қазақстан • 30 Қазан, 2018

Әлеуметтік қолдау айрықша назарда

798 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Әлеуметтік қолдау айрықша назарда

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың жаңа ұстанымдарын жариялады. Жыл сайын халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мұқтаж азаматтарға мемлекет пен қоғам тарапынан кең кө­лемді қолдау бар. Бұл мәселеге Атырау аймағында да баса назар аударылады. 

Атап айтатын болсақ, жыл басынан бері облыстағы жан басына шаққандағы орташа табысы кедей­лік шегінен төмен тұратын 1732 отбасындағы 9374 азаматқа 317 млн теңге мөлшерінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек берілді. Шартты ақшалай көмек алушылардың арасынан 930 адам жұмыспен қамту шараларына тартылды. Аз қамтылған 743 отбасы коммуналдық қызметтерді тұтынуға жұмсалған шығындарын өтеу мақсатында 28,4 млн теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алды. Мұның бәрі Елбасы Жолдауында айтылғандай, мемлекет пен адамдардың күш бі­ріктіруінің арқасында ғана Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құра алатынымызды анық көрсетеді. Ол үшін керек алғышарттардың бәрі бізде бар.

Аз қамтылған отбасыларына бір­жолғы әлеуметтік көмек көрсету ба­ғы­тында 1285 отбасыға 87,1 млн теңгенің көмегі берілді. Туберкулез дертіне шалдыққан, амбулаториялық деңгейде ем алып жүрген 1017 адамға 118,5 млн теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Сондай-ақ Азғыр полигон аумағында тұратын 242 мүгедек адамға 6,4 млн тең­­­ге ай сайынғы әлеуметтік көмек берілді.

Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев «Мемлекет пен бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігін қалыптастыру – тұ­рақты даму шарттарының бірі» деп атап айтқан болатын. Әлеуметтік жа­уапкершілік қағидалары негізінде аз қамтылған, қоғам тарапынан қолдауға мұқтаж азаматтарға кәсіпкерлер де қолұшын созып отырады, мұның өзі қоғамымыздың біртұтас дамуының кепілі деуіміз керек. Аз қамтылған азаматтарға мүмкіндігінше қолдау көрсетуге жергілікті бизнес өкілдері белсене ат салысып жүр. 

Атап айт­қанда, халықты әлеумет­тік қорғау ор­ган­дарының ұйымдас­тыруымен өт­кен жылдың тоғыз айын­да облыс кәсіп­керлері 133 сауда нүктесі арқылы 2767 адамнан тұра­тын 692 аз қамтылған отбасын арзан­да­тылған бағамен 6,9 млн теңгенің азық-түлік, киім-кешек, мектеп құрал­дары тауарларымен қамтамасыз етті. Сонымен қатар бизнестің әлеу­мет­тік жауапкершілігі аясында облыстық әкімдіктің бастамасымен ком­му­нал­дық қызметтер көрсететін «Атырау­энер­­госату», «Атырау жылу электр орта­лығы», «Атырау су арнасы», «Аты­­­рау газ инвест» мекемелері сияқ­­­ты жер­гілікті монополист кәсіп­орын­­дар­­мен жасалған меморандумдар негі­зінде облысымыздағы аз қам­тылған отбасыларына 40% мөл­ше­рін­дегі жеңілдіктермен ком­мунал­дық қызметтер көрсетілуде. Аталған кәсіп­орындар облысымыздағы аз қам­тылған 988 отбасына жалпы сомасы 3,2 млн теңге мөлшеріндегі жеңілдіктермен коммуналдық қызметтер көрсетті. 

Жолдауда ең төменгі жалақы мөл­ше­рі 1,5 есе өсетіні туралы айтылды, бұл – 1 миллион 300 мың адамның табысы артады деген сөз. Бюджеттік меке­мелерде жұмыс істейтін 275 мың қыз­меткердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осын­д­ай басқа да жаңалықтарымен елді қуантқан Елбасы Жолдауының сәтті жүзеге асарына сенім мол.

Көңілқос ОРЫСБАЕВ,

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары