Бизнес • 30 Қазан, 2018

«Бизнесті құтқару қызметі» кәсіпкерлерді қолдайды

610 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы ағымдағы жылдың 9 айындағы жұмыс барысын қорытындылап, арнайы  баспасөз мәслихатын өткізді. Палата басшылары жергілікті бизнес мәселелері, стихиялық базарлар орнына стационарлық емес сауда нысандарын салу, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі заң бұзушылықтар, шағын және орта бизнесті несиелендіру, «Бизнесті құтқару қызметін» іске қосу және де «Атамекен» ҰКП басқа да жобалары туралы өзекті мәселелерді талқылады.

«Бизнесті құтқару қызметі» кәсіпкерлерді қолдайды

Қазіргі уақытта Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы жеті сала бойынша 300-ден астам кәсіпорынды құжаттандырды. Кәсіпорындардағы көкейкесті мәселелер жүйелі түрде анықталып, оның ішінде жүктеме деңгейінің  (56%-дан кем) және қаржы көздерінің жеткіліксіздігі анықталды. Бүгінде халық тұтынатын тауарлар шығаруды қаржылай қолдау көрсетуге байланысты 20 өңдеу өнеркәсібі анықталған. Үш жыл ішінде сауда саласына 240 млрд теңгеден астам жекелей қаржы салынған.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебайдың айтуынша, ағымдағы жылдың шілде айында Кәсіпкерлер палатасы күрделі мәселелерді анықтау мақсатында  қала базарларына құжаттама жүргізген. Оның барысында базарларды жаңарту жұмыстарын жүргізуге меншік иелерінің қаражатының жетіспеушілігі мен базарларды заманауи сипатқа келтіру мәселелері анықталған. Осы тұрғыда «Жібек Жолы» өңірлік бағдарламасы аясында мақсатты қаржыландыру мәселесі көтерілді. Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы қала бойынша жақын жерде сауда нысандары жоқ, сондай-ақ электр желісіне қосылу мүмкіндігі бар және жаяу жүргіншілер көп жүретін 100 аумақты іріктеп алды.  «ССН үшін 100 нүкте» жобасы Алматы қаласы әкімінің қарауына жіберілді. Алдағы уақытта станционарлық емес сауда нүктелерін 100-ге, келешекте1000-ға дейін ұлғайту, жалға алу мерзімін 4 жыл 11 айға дейін ұзарту, тікелей жалға алу шартын жасау мүмкіндігін қарастыру сияқты мәселелер жобаның негізгі бағыттары болып табылады.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Юрий Тілеумұратов Алматыдағы бизнестің өзекті мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бизнесті ең алдымен, көлік мәселесі алаңдатады. Атап айтқанда, жол бойындағы сары жолақты аумақтарға тоқтауға тыйым салу, бірқатар көшелерді екі бағыттан бір жақты қозғалысқа бағыттау жолаушы тасымалдаушылары үшін бірқатар қиындықтар туғызып отыр. Сондай-ақ стационарлық емес сауда нысандарын  бөлшектеу, сыртқы (көрнекі) жарнама, тариф мәселелері шешімін тапай отыр. Осы орайдағы барлық  өткір тақырыптар өңірлік отырыстарда талқыланып, оған мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері шақырылды. Сонымен қатар, Өңірлік Кеңес негізінде салалық комитеттер құрылған.

Бизнесті құқықтық тұрғыдан қорғау мәселесіне тоқталған Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, есепті мерзім ішінде кәсіпкерлерден 138 өтініш келіп түскен. Палата заңгерлерінің бизнес нысандарына құқықтық көмегіне орай шамамен бір миллиард теңге үнемделген (негізсіз есептеу айыппұлдар мен өсімпұлдар, төлем жасауға мәжбүрлеу). Айтуар Қошмамбетов сонымен қатар «Атамекен» «Бизнесті құтқару қызметі» жаңа жобасын таныстырды. Ендігі кезекте туындағын мәселелер бойынша бизнес өкілдері 1432 нөміріне қоңырау соғып, өздерін алаңдатқан сұрақтар бойынша өтініш білдіре алады.  Жоба бойынша кәсіпкерлерге кеңес беріп қана қоймай, қажет болған жағдайда мобильді топ жедел көмекке шығып, білікті мамандар дәйекті кеңестер беретін болады. Астанада іске қосылған пилоттық жоба аясында мобильді топтың құрамына Ұлттық палата, прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар, ІІБ және ТЖД қызметкерлері кіреді.

Ал сервистік қызметтерді цифрландыру бағытында бизнес өкілдері үйде отырып-ақ маман  кеңесіне жүгіне алады. Яғни, онлайын арқылы толғандырған сұрақтарына жауап ала алады.  

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы аппаратының басшысы Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 тамызына дейін бухгалтерлік және салықтық есепке алу, кедендік рәсімдер, маркетинг, заңтану мәселелері бойынша консультациялар мен қызметтер, ақпараттық технологияларға қызмет көрсету, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, сондай-ақ жобаларды сүйемелдеуді бизнесмендер Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына хабарласып, менеджер-кеңесшілерге жүгіну арқылы алған болса, ендігі кезекте өтініштер онлайн  режимде services.atameken.kz порталында қабылданады. Осыған орай екі жарым ай ішінде 2478 алматылық онлайн режимде өтініштерге жауап алған.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ