Аймақтар • 31 Қазан, 2018

Жаңа мектеп салынуда

449 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екібастұздың Солнечный кенті әлемге әйгілі ГРЭС-2 стансасы орналасқан  өндірісті кент. Станса қазақстандық-ресейлік бірлескен энергетикалық кәсіпорын саналады. Кентте 6 мыңдай халық тұрады. Яғни, өңірдегі кейбір аудан орталықтарындағы халық санымен бірдей. Оңтүстік өңірден көшіп келушілер саны да көбеюде.  

Жаңа мектеп салынуда

Елге ел қосылса құт. Әйтпесе, кенттің тіршілігі біраз уақыт бұрын жүдеу еді. Кезінде алып стансамен бірге салынған көпқабатты үйлері бос қалған-ды. Қазір жүдеу тіршілікке рең беріп, өндірісті кенттің кел­беті өзгере бастады. Тұрғындардың дені электр стансасында еңбек етуде. Бұдан басқа, бірнеше шаруа қожалығы, шағын және орта бизнес нысандары бар.

Кент әкімі Маржан Алшынбаева­ның айтуынша, кенттің былтырдан бері жеке бюджеті бар. Яғни, 4-ші деңгейлі бюджет арқылы салық­тан түскен қаржыға кент қауым­дастығымен ақылдаса отырып, ішкі жолдарды жөндеу, саябақтар отыр­ғызу қолға алынуда. Тұрғындар кент­ке кіреберіс жолдың жөнделуін күтуде. Жоба-жоспарлар да жетерлік. 

Былтыр ГРЭС-2 стансасы кенттің 60 жылдығына балалар алаңын орнатып, жақсы сыйлық жасап беріпті. Тұрғын үйлер де қал­пы­на келтірілуде. Бос қалған пәтер­лер жөндеуден өткізіліп, 45 отбасы кілттерін енді алады. Бұл пәтерлер Екібастұз қаласының меншігіне өткен. Егер қалған үйлер жөнделсе, бұл үйдегі пәтерлерге тағы 200-дей адам қоныстанбақ.

Жалпы, кентте негізінен өз ұлтымыз көп, сондай-ақ 1880 орыс, 141 украин, 82 неміс, 79 татар, 41 беларусь, 5 чешен халқының өкіл­дері тұрады. Сонымен бірге Өзбек­станнан елге оралған 24 отбасы қоныстан­ды. Көш әлі жалғасуда. Мысалы, 3 бала­сы бар Асқарбек Мұха­медов Түркістан облысының Арыс қаласы­нан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша көшіп келіпті. Ол стансаға газ-электрмен дәнекерлеуші болып жұмысқа тұрды.

Кент көшелеріне көрік берген «Алтын адам», «Барыс», «Жоң­ғар мен қазақтың жекпе-жегі», «Қара­керей Қабанбай», «Шапырашты Наурыз­бай» мүсіндерінің авторы, мүсінші, суретші, қолөнерші Еркін­жас Мұхамеджановпен жолсапар барысында танысқанбыз. Мектеп оқушылары, ауыл балалары сурет өнеріне бейімделіп, мүсін өнерін үй­рену­де. Еркінжас та – шеттен көшіп кел­ген ағайынның бірі.

Бұл күндері қазақ тілінде білім бере­тін мектепте 400-дей оқушы, орыс тіліндегі мектепте 366 оқушы бар. Орыс мектебінде 130-ға жуық қазақ баласы оқып жүрсе, 1-5 жастың аралы­ғында 400-ге тарта кішкентай өсіп келеді. 

Ал тұрғындар жаңа мектептің ашылуын асыға күтіп жүр. Биыл мамыр айында басталған құрылысты жергілікті «Стальмонтаж» ЖШС мердігер компаниясы қолға алыпты. Жоба бойынша мектеп 2019 жылдың шілде айында пайдалануға берілмек. Сөйтіп, келесі жаңа оқу жылын Солнечный кентінің 400-ден астам оқушысы жаңа мектепте оқиды. Спорт стадионы салынады. Мектептің құрылысына 1,2 млрд теңге бөлінген. Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры Айман Кенжебаеваның айтуынша, алдағы уақытта кенттің жалпы білім беру мектебінен көпсалалы мектеп-гимназия санатына ауыстыру жоспары да бар.

Мектеп құрылысымен Екібас­тұзға жаңадан әкім болып тағайын­далған Нұржан Әшімбетов те танысып қайтты. Кәсіпорынның атқа­рушы директоры Вячеслав Вдовыд­чен­коның мәліметінше, қазір мектеп­тің бірінші қабаты дайын. Екін­ші қабатта терезелерді орнату, сан­тех­никалық және электрмонтаж­дау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс материалдарының барлығы екібас­тұздық кәсіпкерлерден жеткізілуде. Құрылыс басында мамандармен бірге жергілікті тұрғындар да еңбек етуде. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Солнечный кенті