Парламент • 31 Қазан, 2018

Сенатта мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелері талқыланды

879 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдаулары аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, оның ішінде балалардың ерте дамуына арналған бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу мәселелері Парламент Сенатында талқыланды. Шараны Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды Парламент Сенатының баспасөз қызметі.

Сенатта мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселелері талқыланды

Сенат комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова шараны аша келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне ерекше мән беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу қажеттігіне назар аударған болатын. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу бойынша тапсырма берілді. Қазан айындағы Жолдауда да мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту қажеттігі атап өтілді. «Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылды. Осыған байланысты біліктілік талаптары, оқыту әдістері, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесі қайта қарастырылып, тиісті «жол картасы» әзірленетін болады», - деді Б.Әйтімова.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауды іске асыру үшін министрлік мектепке дейінгі білім берудің сапасын арттыру, оның ішінде бірыңғай біліктілік талаптарын енгізу, ұлттық біліктілікті тестілеу және мектепке дейінгі мекемелердегі тәрибиешілер мен басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлегені туралы сенаторларды хабардар етті.

Аттестациялаудың жаңа сипаты (ұлттық біліктілікті тестілеу) бойынша тәрбиешілердің еңбекақысын арттыру, сәбиханаларда жұмыс істейтін тәрбиешілер мен күтушілерге қосымша ақы енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ мектепте оқытумен бірдей 0 сыныптарында жаңартылған бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ұстаздарға да қосымша ақы қарастырылып отыр.

Балаларды қамту аясын кеңейту үшін 2019 жылы 62,4 мың орындық, оның ішінде 47,8 мың орынға 421 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ашу жоспарланды. Бұл ретте 8,5 мың орын 1-3 жастағы балаларға арналады.

Министр атап өткендей, балалар өмірі мен денсаулығын қорғау мектепке дейінгі ұйымдардың негізгі міндеттерінің бірі және мектепке дейінгі білім беру сапасының көрсеткіші болып табылады. Балалардың қауіпсіз жағдайда болуы мақсатында министрліктің білім беру ұйымдарын жабдықтау жөніндегі бұйрығы бойынша 3 589 (58 пайыз) балалар бақшасына 40452 бейне камера орнатылды.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылағаннан кейін Б.Әйтімова бұл саладағы жұмыстар одан әрі жалғасатынын атап өтті. Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті алдағы жылы «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі және орта білім беру мәселелері бойынша заңнамасын одан әрі жетілдіру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізетін болды.