Аймақтар • 31 Қазан, 2018

Шардара жағажайы шақырады

1315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жағажай туризмін дамыту мақсатында ауқымды жобалар қолға алынып отыр. Шардара ауданында 255 гектар аумаққа инфрақұрылым тартылып, су қоймасының жағалауында 60 нысан салу жоспарланған болатын. Күні кеше Шардара ауданы «Аққала» демалыс аймағының жағалауында алғаш рет өткен «SAFARI SHARDARA» фестивалінің де бас­ты мақсаты – өңірдегі туризмді дамытып, бизнес-аxуалды жақсарту.

Шардара жағажайы шақырады

Балық аулаушылар жарысымен басталған фестиваль халық­аралық деңгейдегі сайыс­тарға ұласып, бірнеше спорт түрінен жарыс өтті. Атап айтқанда, қа­зақ­ша күрес, желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гір көтеру, арқан тарту, бөренеге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстардан қатысушылар бақ сынады. Сондай-ақ қонақтар Шардара ауданының тарихымен, ауыл шаруашылығы өнімдері және ұлттық қолөнер көрмесімен танысты. Спорттық сайыстар мен концерттік бағдарламалар қатар ұйымдастырылды. Шардара ауданының өнерпаздары арнайы мерекелік «Safari Shardara» әнін, «Қазына», «Шамсинур» би топтары және цирк өнерпаздары хореографиялық композиция орындады. Ал Түркістан – Отырар – Шардара бағытында жүріп өткен мотобайкерлер «motokross» өне­рі­мен көпшілікті тәнті етті. 

Фестивальда сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев спорт­тық жарыстарға қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, жеңімпаз атанған бірқатар спортшыны марапаттады. Іс-шара «Джип» көліктерінің жарысымен жалға­сып, құмда композициялық «Rock racing» шоуы көрсетілді. Ал түйе­лер жарысында 15 қатысушы бақ сынап, өзара мықтыны анық­тады. Сондай-ақ көпшілік саят­шылардың халықаралық жарысын тамашалады. 

Айта кетелік, өңірде бұған дейін Түлкібас ауданында «Қыз­ғал­дақ», Бәйдібек ауданында «Қы­мызмұрындық», Жетісайда «Қауын­­фест» фестивалі өткен болатын. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы