Медицина • 31 Қазан, 2018

Экологиялық ұтымды қадам

743 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір пластиктен жасалған қалталар мен шөлмектер, түрлі бұйымдар қалдығы елді мекендер, тіпті жайылым, су айдындарына дейін ластап жатқаны жа­сырын емес. Бұл елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзек­ті мәселеге айналған. Осыған орай Соколов-Сарыбай кен өн­діру бірлестігінің Экология және жер қойнауын пайдалану де­партаментінің қолдауымен Руд­ныйдағы №19 орта мектепте плас­тикті жергілікті өңдеу шебер­ханасы ашылды. 

Экологиялық ұтымды қадам

Бұдан бы­лай оқушылар тұрмысқа қажет­ті заттарды пластиктен өздері жасайтын болады. Мұн­дай мүмкіндік кеншілер қала­сын­дағы «Жастар» қоғамдық бір­лестігі мен ССКӨБ Экология және жер қойнауын пайдалану департаментінің әріптестігі нәтижесінде туды. Білім ұясын­да өткен шеберхананың тұсау­кесерінде эко-белсенділер ССКӨБ-тің қаржылай көмегімен құ­рылған мамандандырылған «Танымды экология және энергия үнемдеу орталығы» сыныбын көрсетті. Жобаның негізі ретінде голландиялық эколог-өнертапқыш Дейв Хаккенстің технологиясы алынған.

– 2019 жылдан бастап Қа­зақстанда пластик қалдық­тар­ды полигонда көмуге тыйым салынады. Бүгінде Қазақстанда қоқыстарды сұрыптайтын екі зауыт қана бар. Оның бірі – Астанада, екіншісі таяуда Алматы қаласында ашылды. Сол себепті қоқысты қайта өңдеу елімізде өткір мәселе ретінде қалып отыр. Қоқыстарды жинайтын және сұ­рыптайтын кәсіп­­орындардың көпшілігі пластик өнімдерін қай­та өңдеумен айна­лыспайды. Тек Ресей мен Қытайға қайта сату үшін қай­талама шикізатты шы­ғарады. Біз, тым болмағанда, бас­тапқы деңгейде пластик қал­дықтарды қайта өңдеп, одан жаңа өнім өндіруді үйренуіміз керек деп ойлаймын, – дейді қаладағы «Жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Фролов.

Жобаны жүзеге асыру үшін станоктар сатып алынды. Дейв Хаккенс ойлап тапқан технология балқытылған пластиктен жаңа формаларды құрастыруға болатын 3D-принтердің жұмыс принципіне ұқсайды. Оның жобасы Дейв Precious Plastic – «Құнды пластик» деп аталады. Сатып алынған жабдықтар пластик қалдықтардан гүл өсіретін құмыралар, шелектер, ыдыстар, плафондар, принтерге арналған жіп, интерьерлік плиткалар мен тағы да басқа қажетті заттарды шығаруға мүмкіндік береді.

– Рудный мектебіндегі плас­тикті өңдеу шеберханасының әзірге Қазақстанда баламасы жоқ, «алғашқы қарлығаш» деп атауға болады. Қараша айында Алматыда екіншісі пайда бола­ды, – деді «Rocket Plastik» ше­бер­ханасының негізін салушы Да­нияр Бакимов. Жүйе шредерден, шикізатты балқымаға айнал­дыратын экструдерден, қы­сыммен құю құрылғысы мен фрезерлік станоктан тұрады. Барлық жабдықтар қоқыстарды қайта өңдейтін өнеркәсіптік кәсіп­орындарда жұмыс істеп тұрған станоктардың тұрмыстық көшірмесі деуге болады.

Пластикті қайта өңдеуді үй­­рететін шеберхана №19 орта мектепте кездейсоқ орнатылған жоқ. Мектептегі экологиялық үгіт-насихат бригадасы биыл Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында кен алыбы – ССКӨБ өткізген «ECO FEST» фестивалінің жеңімпазы атанған болатын. Жеңімпаз бригадаға сыйлық ретінде мектепте Дейв жүйесін орнатуға сер­тификат табысталды. Енді ба­лалар қоршаған ортаның жақ­саруына өз үлестерін қоса алады.

Еуразиялық Топта қоршаған әлемнің тазалығы үшін күрес жыл сайын қарқын алып ке­леді. Осындай арнайы сыныптар экологиялық жағдайға нем­құрайды қарамайтын ERG кәсіп­орындарының болашақ мамандарын тәрбиелеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Рудный қаласы