Аймақтар • 31 Қазан, 2018

Атырау аспанында күй күмбірледі

614 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау күй Отаны деп текке аталмаса керек. Замана жырын қос ішек­тен күй қылып төккен талай дүлдүл өткен жерде бүгінде өнердің бәсі биік. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған Құрманғазы Сағырбайұлы атын­дағы халықаралық оркестрлер фестивалі осы сөзіміздің айғағындай болды. 

Атырау аспанында күй күмбірледі

Жайық жағасында үш күн бойы күй күмбірледі. Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Ресей мем­ле­кеттерінен және елі­міз­дің түкпір-түкпірінен жинал­ған 600 өнерпаз Құрман­ғазы рухын асқақтатты. Ұлы күйші-композитор Құрман­ғазы Са­ғы­рбайұлының шығарма­шы­лығын насихаттауға арнал­ған халықаралық оркестрлер фес­тивалі Атырау облысы әкімі­нің тапсырмасымен облыс­­тық мәдениет, мұрағаттар және құ­­жат­тама басқармасының ұйым­дастыруымен өтті. «Бәрі өте жоғары деңгейде жа­сал­ған, Атырауға табанымыз ти­геннен бастап құрмет пен қо­шеметтің құшағында болдық. Қазақ аспаптарының өзіндік ерекше үні бар. Өнердің тілі бір, осындай ауқымды шараға қатыс­қанымызға қуаныш­ты­мыз», дейді Ресейден келген «Скиф» квартетінің көркем­дік жетек­шісі Александр Мостыканов. 

Фестивальдың алғашқы екі күні «Жастар» мәдениет үйін­де өтті. Өнер мерекесіне 15 оркестр ұжымы қатысты. Шара шымылдығын Атыраудағы Дина Нұрпейісова атын­дағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі ашты. Одан кейін сах­наға көтерілген көкшетаулық К.Күмісбеков атындағы ұлт аспаптар оркестрі, ақтөбелік А.Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрі, Павлодардан келген Р.Омаров атындағы ұлт аспаптар оркестрінің өнерін Қырғызстаннан келген қонақ­тар «Мөлмөл» қомызшылар ансамблі жалғады. Ресейдің «Скиф» квартеті, Ақтау, Қос­танай, Астана қалаларынан келген өнер ұжымдары да Құр­манғазы күйлерімен бірге өзге де композиторлардың шығар­маларын орындап, көрермен қошеметіне бөленді. 

Өзбекстанның «Согдиана» халық аспаптар оркестрі, аты­рау­лық «Нарын», Алматы­дан келген Құрманғазы атын­дағы мемлекеттік академия­лық ұлт аспаптар оркестрі фестивальдың екінші күнінде өнер көрсетіп, Жайық жағасын­да құдіретті күй өнері салтанат құрды. Бұл қатарда тал­ды­қорғандық М.Тө­лебаев атын­дағы, оралдық Дәу­лет­керей атын­дағы, қызы­л­ор­да­лық Тұр­мағамбет атын­дағы халық аспап­тары оркестрлері де бар. 

Фестивальдың гала-кон­цертін 2000-ға жуық көрер­­мен тамашалады. Құрметті қонақ­тар қата­рын­да Асанәлі Әші­мов, Ұлық­бек Есдәулет, Қати­мол­­ла Берді­ғалиев, Жүрсін Ерман, Айт­қали Жайымов, Ермек Қазиев, Айгүл Үлкен­баева­­лардың болуы да шара­н­ың маңызын арттыра түсті. Гала-концертте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Ел­басы бағ­дарламалық мақа­ла­сын­да «Әркім өзінің туған жерін, өлкесін жетік білуі керек. Туған жерден елге деген маxаб­бат оянады, елге қыз­мет ету намысы оянады» деген болатын. Әр үйдің төрін­де тұ­ра­тын домбыраның ар­қа­сын­да еліміздің өнері, дәс­түрі, мә­де­ниеті бүгінге дейін жетіп отыр. Өнеріміз берік кезде мә­де­ниетімізді, дәс­түрі­­мізді тани біліп, дәріп­теп, әлем­дік жаһандану зама­нын­дағы жастарымыздың бойына руx сіңіре отырып, елін, жерін қорғайтын азаматты өсіру­де сіздердің атқарып жүр­ген еңбектеріңіз зор. Біз өзі­мізге жүктелген лауазымдық міндетке сәйкес осы шараларды ұйымдастырамыз. Сонымен қатар әр адам азаматтық ұста­ны­мына сәйкес бұл істердің қос­шысы, жаршысы болуы ләзім», деп атап өтті. 

Гала-концерттің ерекшелі­гі – сахна төрінде 15 оркестр ұжы­мының бірігіп өнер көр­сетуі болды. Еліміздегі ең бел­гілі дирижерлер Айтқали Жа­йымов, Талғат Кәрімов, На­з­ы­м­бек Молдахметов, Гүл­фара Ізбанова, Абылай Тілеп­бергенов, Еркін Оралбеков, Арман Аманжолов, Қабира Қабижанова, Рахат Мадреев, Рахила Ерғалиева, Сая Жұма­шевалар кезек-кезек сахна төріне көтерілді. 

Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі Айтқали Жайымов: «Атырау топырағында домбыра ұстаған дүлдүлдердің бас қосуы – Құрманғазы бабамыздың ұлылығына құрмет. Домбыра­шы­лар қай жерде бас қосса да, Құрманғазының күйі күмбір­лейді. Бұл да өнер құдіреті»,  дейді. Ұлы даланың мәңгілік үні осылайша Атырау аспанында салтанат құрды. Елбасы «Ұлттық домбыра күнін» жа­рия­лаған жылда бұл да бір жақ­сы бастама болғаны анық.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ