Қазақстан • 31 Қазан, 2018

Назарбаев университетінің студенттері ШҚО-да тәжірибеден өтіп қайтты

376 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Назарбаев университетінің магистранттарын «Қазцинк» компаниясының бөлімшелерінде тәжірибеден өткізу мақсатында арнайы бағдарлама жұмысын бастады. Бағдарлама аясында аталған оқу орнының 20 студенті Көкшетау, Риддер және Зырян қалаларына келіп, тау-кен өндірісімен жете танысып, білімдерін жетілдіріп қайтты.

Назарбаев университетінің студенттері ШҚО-да тәжірибеден өтіп қайтты

Назарбаев университеті еліміздегі белді, беделді университеттердің бірінен саналады. Жоғары оқу орнының студенттері әлемнің үздік университеттері мен орталықтарында ағылшын тілінде білімдерін шыңдайды. «Kazzinc Holdings» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Никола Попович Назарбаев университетінің тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі жанындағы индустриялық кеңестің мүшесі болып табылады.

«Бүгінде көптеген кәсіпорындар білікті мамандарға зәру. Бұл мәселеге демографиялық жағдайдың да әсерін жоққа шығаруға болмайды. Біздің кәсіпорындарда жасы ұлғайған, ақыл тоқтатқан, жұмыс тәжірибесі мол, өз кәсібінің майталманы деуге тұрарлық мамандар жұмыс істейді. Бірақ олар цифрлық технологиялардан бейхабар. Ал жас мамандарға тәжірибе мен білім жетіспей жатады, - дейді Никола Попович.

Мемлекет басшысы қазан айындағы Жолдауында еліміздің білім саласы жаңартуды қажет ететіндігіне тоқталып, білім сапасын көтеріп, түлектердің жұмысқа орналасуына көңіл бөлу керектігін ерекше атап өткен еді.

«Президент білім саласындағы түйткілді мәселелерді айтып қана қоймай, одан шығудың жолдарын да көрсетті. Жолдау тұтастай алғанда біздің компанияға, оның әрбір қызметкеріне қатысты деуге болады. Жұмыс беруші ретінде Мемлекет басшысының жоғары оқу орындарындағы білім сапасын көтеру туралы ұстанымын толығымен құптаймыз. Өз жұмысына жетік, кәсіби мамандарды әзірлеу – ірі компаниялар үшін де, университет үшін де аса маңызды. Жастар техникалық білімді көбірек алуы үшін өзгерістер қажет. Біз бұл шаруаға белсене араласып, Назарбаев университетімен ынтымақтастық орнаттық. «Қазцинк» Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің оқу бағдарламаларын әзірлеу және жетілдіру жөніндегі комиссиясының құрамына енеді», - дейді «Қазцинк» ЖШС  әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Назарбаев университетінің «Тау-кен ісі» бағдарламасының үйлестірушісі Данияр Малғаджар «Қазцинкпен» ынтымақтастық студенттер үшін пайдалы әрі жемісті болғанын айтады. «Сала көшбасшылармен бірлесе қолға алынған мұндай жобалар кенші мамандарының мәртебесін жаңа белеске көтереді. Өйткені, болашақ жас мамандарға заманауи өндірісті өз көздерімен көруге мүмкіндік бар. Біз студенттерге қызметтік баспалдақтарын, алған білімін қайда жұмсайтын нақты көрсеткіміз келеді. Университеттің студенттері тек тәжірибеден өткен жоқ, қалыптасқан үлкен ұжымның тыныс-тіршілігімен де танысты», - дейді ол.

Жоғары оқу орнының өкілдерін әсіресе қазцинктіктердің өз жұмысына деген құлшынысы таңғалдырыпты. Бір жарым ай көлеміндегі тәжірибе барысында магистранттар ұстаздарына бауыр басып қалғандай. «Мен Орал қаласының тумасымын, Риддерде бірінші рет болдым. Ерекше тәнті еткені, сұлу табиғат пен мейірімді адамдар.

Мені «Казцинк-Шахтостройдың» маркшейдер бөлімінің қызметкері Анастасия Кузнецоваға бекітті. Ол барлығын мұқият түсіндіріп, сұрақтарыма жауап берді. Шахтаға өзімен бірге алып түсіп, маркшейдер жұмысының мәні мен маңызын, ерекшеліктерін жақсылап түсіндірді. Мұндай ұжымды көргеніме өте қуаныштымын. Тәжірибемді қызықты өткізген бөлімге, ұстазыма алғысымды білдіргім келеді», - дейді бағдарлама қатысушысы Айтолқын Язитова.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы