Кино • 31 Қазан, 2018

Алматыда Түрік фильмдерінің апталығы басталды

794 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түрік фильмдерінің апталығы 29 қазан мен 2 қараша аралығында жоспарланып отыр. Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстардың жалдан-жылға нығайып келе жатқандығына тоқталып, киноиндустрия саласындағы ықпалдастық барысына тоқталды.

Алматыда Түрік фильмдерінің апталығы басталды

Алматыдағы «Арман» кинотеатрында Түркия Республикасы Мәдениет және Туризм министрлігінің және Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен Ұлттық ой-пікір қауымдастығының ұйымдастыруымен «4-ші Түрік Фильмдері Апталығының» ашылу салтанаты өтті.  

Түрік фильмдерінің апталығы Мұрат Шекердің «Біздің мереке» фильмімен ашылып, көрермендердің зор ықыласына бөленді.

Түрік фильмдерінің жанкүйерлері  Түркиядан келген Президент бас кеңесшісі және Ұлттық ой-пікір қауымдастығының құрметті төрағасы Ялчын Топчу, Ақ партия депутаты және Ұлттық ой-пікір қауымдастығының төрағасы Метин Гюндогду, Президент аппаратының маманы Фатих Топакташ, сондай-ақ «Ертугрул. Қайта тірілу» сериясының актёрлары Сезгин Ердемир, Дидем Балчын, Бешикташ мәдени орталығының (BKM) фильм үйлестірушісі Фырат Сезгин, Кинематографистердің кәсіби қауымдастығы (FİYAP) Бас хатшысы Ахмет Эдебали және Түрік Фильмдері Апталығының бас үйлестірушісі Онер Кылычпен кездесіп, шағын сұхбаттармен алмасты.

Бір аптаға созылатын мәдени шарада «Біздің мереке», «Ашты, Тәтті, Қышқыл», «Тұмар және Махаббат Құпиясы», «Сомунджу Баба» фильмдері «Арман» кинотеатрында тегін көрсетілетін болады. Сондай-ақ, фильм кейіпкерлерімен режиссерлер және продюссерлер мен қазақ кино әртістері арасында кездесулер,  сұхбаттар жоспарланып отыр.

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ