Қоғам • 01 Қараша, 2018

Маңғыстаудағы алғашқы электр қуаттандыру стансасы

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалалар мен ірі елді мекен­дер­дегі ауа тазалығы – күрделі  мәселе. Жанар-жағармаймен жү­ретін көліктер қоршаған орта­ға өзінің кері әсерін тигізбей қой­майды. Осы орайда дамыған елдер жанар-жағармаймен жүре­тін көліктердің санын шектеу, сол арқылы ауа тазалығын сақ­тауға қол жеткізу үшін электро­мо­бильдерді қолданысқа енгі­зуде. 

Маңғыстаудағы алғашқы электр қуаттандыру стансасы

Бірқатар елдер электромо­бильдер инфрақұрылымын да­мы­туға, нөлдік шығындар бойынша көліктерді сатып алуды субсидиялауға да назар аудара бас­тады. Инфрақұрылымды дамы­ту дегенде, алдымен қа­лаларда электрлі көлік құрал­дарына арналған зарядтау стансаларын орнату қолға алынды, бұл өз кезегінде зарядтау станса­лары­ның тұтынушыға қолжетімді, ың­ғайлы болуын қамтамасыз етеді. 

Бұл бастама біздің елімізде де қолдауға ие. 2014 жылы Мемлекет бас­шысы электркөліктерге ар­нал­ған инфрақұрылымды дамытуға тап­сырма берді, сондай-ақ осы жылы нөлдік шығындағы көлік­терді әкелуге қатысты кедендік баж салығы алынып тасталды. 

Ақтау қаласындағы универ­ситет оқытушылары жасап шығарған электромобильдерді зарядтау стансалары отандық өндірісті және электркөліктерге қатысты инфрақұрылымды да­мы­туға негізделген. Бұл жаңа­лықпен Ақтауда Yessenov Uni­versity қабырғасында өткен 

«I Ха­лықаралық Есенов оқулары»  барысында таныстық. Оқу аясында тұсауы кесілген оқу ордасы бас корпусының алдында орнатылған екі стансаның толық зарядтау циклі үш  сағатты құрайды. Ал қос электромобиль университеттің ішкі пайдалануы үшін алынған. 

Оқу ордасындағы іс-шараға 2007 жылы бейбітшілік бойынша  Нобель сыйлығының лауреа­ты, Дүниежүзілік тұрақты даму жөніндегі форумның президенті, үндістандық Раджендра Кумар Пачаури, Малайзия Путра уни­верситетінің Информатика және ақпараттық технологиялар факультетінің  байланыс технологиясы және желісі кафедрасының профессоры Мохамед Бин Отман құрметті қонақ ретінде қа­тысты. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы – тапсырмаларды шешуге арналған жаңа бағыт» тақырыбынан бастап Маңғыстау экологиясына, мұнай-газ өндіру ісіне, теңіз суын тұщытуға, сондай-ақ жастар, студенттер мә­селесіне қатысты сан алуан тақы­рыптарды қамтыған конферен­ция университет студенттері үшін «Yessenov University үздік стартап жобасы» байқауымен, сондай-ақ мұнайшы-геолог Ха­лел Өзбекғалиевтің 90 жыл­­ды­ғына арналған кітап­тың тұсау­ке­серімен қорытын­ды­ланды. 

Болашақта жаңа жобаны рес­публика көлемінде қолданысқа енгізу көзделіп отыр.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы