Медицина • 01 Қараша, 2018

Көмір бағасы қолжетімді ме?

1135 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еліміздің бірқатар өңірінде, әсіресе теріскей бөлігінде күн райы суытып, алғашқы қар да жауып үлгерді. Дегенмен, жер табаны жылы, қар жапалақтап жауса да еріп кетіп жатыр. Алда боранды, аязды қыс бар. Бұл жергілікті коммуналдық қызметтер мен тұрғындардың жылу маусымына сақадай-сай болуы керектігін меңзейді. 

Көмір бағасы қолжетімді ме?

Қамданған шаруаның қапы қалмас бір дүниесі – отын. Қазақстанда өндірілетін көмірдің 40 пайызы тиесілі Екібастұздағы «Богатырь көмір» ЖШС-нің кеніштерінде биылғы 9 айда жоспарланған 29 778 мың тоннаның орнына 32 556 мың тонна көмір өндірілген екен. Кәсіпорын бүгінге дейін 32 869 мың тонна көмір жөнелтіп үлгеріпті. Бұл жоспарланған көлемнің 110 пайызын құ­райды. «Самұрық-Энерго» электр энергетикасы холдингі ма­мандарының айтуынша, тиелген көмірдің 80 пайызға жуығы электр энергиясы мен жылу өндіру кәсіпорындарына жібе­рілді. Сондай-ақ ауылды елді мекендердегі ұсақ қа­зандықтар бойынша комму­налдық-тұрмыстық көмірді тиеп-жөнелтудің 1 млн тонна жоспары 25 қыркүйекте толы­ғымен орындалды. Басқа да ке­ніштер өз міндеттемелерін орын­дауда. Бірақ шалғай елді мекендерде көмір бағасы қара­пайым тұрғындар үшін қол­жетімді емес. Бұған алыпсатар­лар мен жол қашықтығы себеп болып отырған сыңайлы. Өңір­лердің басым бөлігі қатты отынды тұтынатындықтан, жыл сайын қайталанатын көмір же­тіспеушілігі, баға шарықтауы іспетті қиындықтар биыл қа­лай шешілуде? Әлеуметтік ны­сандардың жылу маусымына әзірлігі қандай? 

Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ  

Биылғы жылыту маусымына жергілікті билік орындарының тас-түйін дайындықпен келгені бірден аңғарылады. Бұрынғыдай біреу өкшелеп қуып келе жатқандай асығу-аптығу жоқ. Әзірлік шаралары бекітілген кестеге сай атқарылып, жылу әлеуметтік нысандарға бірінші кезекте берілді. Облыс орталығындағы бір мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй де график бойынша қамтылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында жылу есептегіш құрал­дарын орнатып алған пәтер иелері кооперативтері үнемдей білгеннің ұтатынын жете түсінген сыңайлы. «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамына қарасты №2 жылу-электр орталығы да жоспарлы жаңғырту жұмыстарын талапқа сай атқарып, енді тұрғындарды қытымыр қыстың қыспағынан қысылмай шығару­дың қарекетіне кіріскен. Күз мал-жанға қолайлы мезгіл саналғанымен, арқаны кеңге салуға болмайтынын солтүстікқазақстандықтар өткен жылғы тәжірибеден жақсы біледі. Былтыр орталық көшелердегі жылу құбырлары жарылып, оған мазут, көмір тапшылығы, бағаның шарықтауы қосы­лып, біраз әбігерге салғаны бар. Теріскейде күн райының аяқасты құбыла салуы қазір-ақ. Осы себепті компания 173 мың тонна көмір қорын жинақтап алыпты. Басшылықтың сөзіне қарағанда, он қазандыққа күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізудің арқасында үнемділік көрсеткіші 10 пайызға жақсарған. Екібастұз көмірінің әр тоннасы 8500-8700 тоннадан алынып, бағаның негізсіз көтерілуі секілді алашапқын тудыратын оқыс оқиғалар байқалмайды. Бұған темір жол тұйығындағы көмір қорын қосса, көңіл алаңдатарлық мәселелердің орын алмайтынына сенімділік нығая түседі. 

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы берген деректер бойынша, өңірде көмір тасымалымен 32 кәсіпорын айналысады. Бюджеттік мекемелер қажетті 146 мың тонна, тұрғындар 339 мың тонна көмірмен қамтамасыз етілген. Бағаның қолжетімділігі қалай деген сауалымызға бас маман Бірлік Қайырлы көмірдің бағасы туралы ақпарат жергілікті баспасөз ақпарат құралдарында жүйелі жарияланатынын, күнде мониторинг жүргізілетінін айтты.

– Шұбаркөл көмірінің әр тоннасын «Тұрдыоғлы» жеке кәсіпкерлігі 14100, Қаражыранікін 14000 теңгеден саудалауда. «Уголь Норд» ЖШС ұсынған баға да осы деңгейлес. Аудандар бойынша да пәлендей айырмашылық байқалмайды. 44160 тонна көмір сатылымға шығарылды, – дейді Б.Қайырлы.

Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментімен хабарласқанымызда, бөлім жетекшісі Гүлнар Маратқызы бағаға қатысты ешқандай арыз-шағым түспегенін жеткізді.

Айта кетейік, қысқы жылыту маусымына байланысты өткен әкімдіктің отырысында аймақ басшысы Құмар Ақсақалов көмір тапшылығын болдырмауды, әсіресе бағаны тұрақтандырудың барлық жолдарын қарастыруды орынбасары Антон Федяевқа қатаң ескерткен болатын.

Қостанайдан – Нәзира ЖӘРІМБЕТ  

Бюджеттік ұйымдар мен тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету – қысқа дайындық жұмыстарының бел омыртқасы саналады. Қазан айының басынан бастап-ақ қалада да, далада да үйге жылу беріліп, пешке от жағыла бастады. Биыл жалпы қыстан шығу үшін өңірге 485,4 мың тонна көмір керек болатын. Осы көлемнің барлығы дерлік тасылып алынды.  

– Қысқы маусымға отын дайындап алу тұрғындардың өзінің жеке ісі болғанымен, аудан, ауыл әкімдері көмірдің түсуін, оның сапасын, бағасының көтерілмеуін қадағалайды. Биыл көмір де жеткілікті, оның бағасы үшін де тұрғындар алаңдап отырған жоқ. Қазан айының басында-ақ тұрғындарды қыстан шығаратын 326,1 мың тонна көмірдің 304 мың тоннасы тасылып алынған болатын. Қазір түгелге жуық қамтамасыз етілді, – дейді облыстық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Исенбаев.  Облыс бойынша көмір артып беретін 25 темір жол тұйығы бар. Онда қазірдің өзінде тұрғындар үшін сатылатын көмір қоры жеткілікті.  

Көмірдің бағасы Тобыл-Торғай өңірінде қымбаттаған жоқ. Бірақ облыстың әр шалғайында бағасы әртүрлі. Мысалы, «Шұбаркөл» көмірінің бір тоннасы  Арқалық тұйығында 13 мың 700 теңге болса, Қостанайда 14 мың 300 теңге. «Богатырь» көмірі ғана барлық аймақта 9 500-10 000 теңге тұрады. 

Өскеменнен – Азамат ҚАСЫМ  

Шығыс Қазақстанда көмір бағасы әзірге тұрақты. Қазір «Қаражырада» бір тонна көмір жекелеген адамдарға 6500, Семейде 7400, Өскеменде (тұрмысы төмен азаматтарға – 8350) 8800 теңгеден сатылып жатыр.

«Облыс орталығында екі көмір қоймасы бар. Бұл жерлерге көмір 1 мыңнан 2 мың тоннаға дейін күнделікті жеткізіледі. 29 қазандағы мәліметке сүйенсек, халықтың көмірмен қамтылуы облыс бойынша 81 пайызды құрап отыр. Ал алыпсатарлар аудандағы тұрғындарға көмірдің бір тоннасын 18 мың теңгеге дейінгі бағамен саудалауда. Аймақтағы ең қымбат көмір Үржар ауданының тұрғындарына сатылуда. Ол жақта қатты отынның бір тоннасы 16 мың мен 18 мыңның арасында», дейді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатов.

Қарағандыдан – Қайрат ӘБІЛДА 

Қарағандыда Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 11 000-11 100 

теңгеден сатылуда және облыс орталығынан алшақтауына қарай елді мекендерде оның бағасы жоғарылай береді. Мысалы, Балқашта бір тонна көмір 12 000-13 000 теңгеге бағаланады. 

Жалпы, облыс бойынша 8 айда көмір шығару 22 млн тоннаны құрады, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 3%-ға жоғары. Коммуналдық-тұрмыстық көмір шығару көлемі ұлғайды – 14 млн тонна.

Қарағанды облыстық Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Қайрат Шорманбаев берген мәлімет бойынша, 1 маусымнан 21 қыркүйекке дейінгі аралықта облыста 1 млн 220 мың тонна көмір түсірілген. 

Дегенмен қыркүйектің соңына қарай сұраныс жоғарылады. Жалпы, облыс бойынша 8 айда көмір шығару 22 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылдың осындай мерзімімен салыстырғанда 3%-ға жоғары. Коммуналдық-тұрмыстық көмір шығару көлемі ұлғайды – 14 млн тонна (+9,5%).