Қоғам • 01 Қараша, 2018

Түркістанның бүгіні мен болашағы

1456 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 161 мыңнан астам тұрғын бар. Халық саны 2035 жылы 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мыңға жетеді деп болжануда. Қаланы дамыту бойынша барлық жоспарлар тұрғындар санының өсуі ескеріле-есептеле жасалған. Бұл орайда қала аумағы ұлғайып, 25 000 гектарға жеткізілмек. Жаңа құрылыстардың сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады.

Түркістанның бүгіні мен болашағы

Бұл жөнінде Түркістан облы­сының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді. «Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Түркістан қаласын дамыту барысы» тақырыбындағы баспасөз конференциясы жаңа форматта өтті. Қ.А.Ясауи кесенесі алдында өткен көшпелі брифингте облыс әкімі Ж.Түймебаев осындай керемет бастаманы қолдап, іске асырған Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне және Орталық коммуникациялар қызметіне алғысын білдірді. Об­лыстың экономикалық-әлеуметтік ахуалына кеңінен тоқтал­ды. Түркістанның ертеңі бойынша жоспарланған іс-шара­лармен бөлісті. Таяу жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары, визит орталығы және ашық аспан астын­дағы мұражай ғимараттары бой көтеретін болады. Олар Қ.А.Ясауи кесенесінен биік болмауы тиіс. Құрылыс жұмыстарын реттеу аймағына «Қазақ хандары, билері» орталығы, Шығыс мон­шасы, «Ұлы Дала елі» ор­талы­ғы, Түркі әлемінің орта­лы­ғы, Қ.А.Ясауи орталығы, Ас­­­та­на саябағы, бейнелеу-өнер мұ­­­ражайы құрылысы және та­ри­­­хи-мәдени орындар орта­­лы­­ғы ғимараттары салынады. Қазіргі таңда ин­женерлік-инфра­құ­рылымын жүр­гізу жұ­мыс­тарына жобалық-сме­та­лық құжаттар әзірленуде. 

«Елбасының «Түркістан» еркін экономикалық аймағын құру туралы Жарлығы қаланың дамуына тың серпін береді. Осы орайда 1 380 гектар аумақта орналасқан экономикалық аймақта өнді­ріс орындары ашылады. Тұжы­рым­дамаға сәйкес, халық саны­ның өсуіне байланысты 3 жо­балық кезең қабылданды», деді Ж.Түймебаев. Облыстың әлеу­меттік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жос­парына сәйкес, 2018-2022 жыл­дары 170 инвестициялық жоба­ның жобалау-сметалық құжат­тамалары әзірленуі тиіс. Елба­сының Түркістан облысына сапары барысында, бірқатар ұлттық компанияларға, бизнес өкілдері мен шетелдердің инвесторларына 16 нысанды салу бойынша ұсыныстар жасалған болатын. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар және облыс әкімдіктерінің 13 құрылыс нысанын салуы көзделіп отыр. 

Брифингте облыс әкімі жыл басынан бергі 9 айда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Аймақта 300-ден астам өнеркәсіп кәсіпорындары 323,9 млрд теңгенің өнімін өндірді. Облыста тамақ өнімдерін өндіру 8,0%-ға (69 748,7 млн теңге), жеңіл өнер­кәсіп 28,3%-ға (3 850,3 млн теңге), химия өнеркәсібі 3,5%-ға (358,2 млн теңге), басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру 3,8%-ға (8 507,5 млн теңге), дайын металл бұйымдары 20,5%-ға 

(10 027,8 млн теңге), фармацевтика өнер­кәсібі 5,3%-ға (318,7 млн теңге) артты. Ж.Түймебаевтың мәлім­деуінше, 2015-2019 жыл­дар­ға арналған Қазақстанның ин­дустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 2018 жылы 16,8 млрд теңгеге 804 жұмыс ор­нымен 9 жобаның іске асырылуы жоспарланған. Елбасы Жолдауда: «Агроөнеркәсіп кеше­нінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту», деген болатын. Біздің жоспарымыз бойынша Түркістан облысы аграрлық аймақ ретінде қалады және еліміздің ірі қалаларына ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізіп беретін азық-түлік базасы болады. Түркістан қаласы маңында 6 000 гектар аумаққа азық-түлік белдеуін құруды жоспарлап отырмыз»,– деді Ж.Түймебаев. Сондай-ақ облыс әкімі өңірде құрылыс жұ­мыс­тары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тоғыз айда құрылыс жұмыстарының көлемі 84,4 млрд теңгені, өсімі 109%-ды құраған. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 325,4 мың шаршы метр болған. Осы арада айта кетелік, журналистердің сұ­рағына берген жауабында облыс әкімі өңірде 28 мың адам баспана кезегінде тұрғанын айтып өтті. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өңірде 73 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ аудандарда да көпқабатты үйлер салу қолға алынған. Мысалы, Төлеби ауданының орталығында 480 пәтерлі 8 көпқабатты тұр­ғын үй пайдалануға берілген. Сары­ағашта 13 көпқабатты тұр­ғын үй салынуда. Ал «7-20-25» бағдар­ламасы аясында Түркістан қала­сында 336 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұл пәтерлер 2019 жылы пай­да­лануға берілмек. Қараша айында құрылысы аяқталатын 32 пәтерді аталмыш бағдарлама аясында беру қарастырылып отыр. 

Туризм Түркістан облысы үшін маңызды сала. Бұл орайда өңірде туризм саласын дамыту мақсатында 3 қонақүй, 1 хостел, 2 шипажай және 1 туристік ұйым ашылса, жыл соңына дейін 14 туристік нысанды іске қосу жос­парлануда. Сондай-ақ облыста «Қасқасу» тау-шаңғы кешені, Сарыағаш курорт аумағын кеңейту, Шардара су қоймасы аумағында жағажай туризмін дамыту, Түркістан қаласын туристік орталық ретінде дамыту сынды бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған. Анықталған 104 сакралды нысанның 40-ы туристік маршруттарға енгізілген. Айта кетелік, күні кеше Түркістанға миллионыншы турист келіп, оған сый-құрмет көрсетілді. Ал 2025 жылға қарай «2019-2025 туристік индустрияны дамыту» бағдарламасы аясында турис­тер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр.

Өңір табиғи өсім бойынша елімізде алда келеді. Яғни, әлеуметтік нысандар, оның ішінде балабақша, мектеп салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда жыл басынан бергі 9 айда 6 541 орынға 70 жекемен­шік бала­бақша, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 

3 бала­бақша (600 орындық) және 1 мем­лекеттік (140 орындық) ба­лабақша пайдалануға берілген. Жыл аяғына дейін 35 жекеменшік балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда. Биыл мектепке дейінгі білім мекемелеріне 12 мың­нан астам бала электронды түрде қабылданған. Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша Түркістан облысына қатысты сын айтқан болатын. Әсіресе білім беру саласына байланысты. Осы орайда облыс әкімі көшпелі брифингте сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталды. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық ма­қаласының барлық басым бағыт­тары бойынша өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл облыста 46 жоба мен 168 іс-шара белгіленіп, өткізілуде. Мысалы, «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде биыл 28 млрд 156 млн теңге болатын жобалар яғни, 428 нысан жүзеге асуда, оның ішінде құны 887,2 млн теңге болатын 23 нысан іске қосылған. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында 5,6,7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын баспадан шығаруға жергілікті бюджеттен 153 млн теңге қаралып, 50 мың тиражбен шығаруға баспаға жіберілген. Сонымен қатар облыс әкімі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһан­дық әлемде» арнайы жобалары шеңберінде атқарылған жұмыс­тарға тоқталды. Брифинг барысында Түркістан аумағында жүр­гізілетін археологиялық жұ­мыстар, жаңадан салынатын спорттық кешендер жөнінде де баяндалды. Сондай-ақ бұл күні Түркістан қаласында «TÚRKІSTAN MEDIA» халық­­аралық орталығы мен «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы ашылды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы