Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Астанада «Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті» тақырыбында брифинг өтті

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада дипломатиялық корпус пен халықаралық бизнес-қауымдастықтар өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті» тақырыбында брифинг өтті. Шара барысында Сыртқы істер министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «KazakhExport» ұлттық компаниясы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Астанада «Қазақстан Республикасының экспорттық әлеуеті» тақырыбында брифинг өтті

Жиынға Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахманов, Инвестициялар және да­му вице-министрі Қ.Өскенбаев, «Kazakh­­Export» экспорттық сақтандыру компания­сы» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­ла­­тасы және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ бас­шы­­лары мен халықаралық бизнес-қауым­дас­­тықтар өкілдері қатысты. Шараны Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірах­манов ашты. 

«Бұл жиын сауда мен инвестицияларды ілгерілету тұрғысынан өте маңызды шара болып отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «KazakhExport» компаниясымен экспортты ілгерілетудегі күш-жігерімізді біріктіру үшін келісімге қол қоямыз. Меморандум бірге жұмыс істеу­дегі кең ауқымды мәселелерді қам­тиды», деді министр. 

Сондай-ақ сыртқы істер ведомство­сының басшысы жаһандық тәжірибеге сәйкес, инвестициялар мен экспортты іл­ге­рілету жөніндегі мақсаттар өзара байланысты екенін атап өтті. 2022 жылға дейін Қазақстан экономика секторының экспорттық әлеуетін бір жарым есеге өсіру жос­парланып отыр. 2016 жылмен са­лыс­тыр­ғанда елдің экспорттық әлеуеті 31%-ға ар­тып, 48,3 млрд АҚШ долларын құрады. Биылғы деректер бойынша, бұл оң үрдіс 28% өсіммен сақталып отыр. Алдағы 

3 жыл ішінде Қазақстанның экспорттық әлеуе­тін арттыру мақсатында Сыртқы істер минис­трлігі мен «Атамекен» ҰКП және «KazakhExport» ҰК біріге жұмыс істейтін болды.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «KazakhExport» компаниясы еліміздің экспортын ілгерілетудегі негізгі құралдар болып отыр. Қазақстан инвес­тицияны қабылдауға қашанда дайын. Жаңа өндірістерді ашу үшін бізде экспортты қолдау жөніндегі ұлттық стратегиялар әзірленді. Біз инвестиция алмасуға, сондай-ақ тауарлардың сыртқы нарықта ілгерілеуіне үлкен көмек көрсетуге да­йынбыз», деді Инвестициялар және даму вице-министрі Қ.Өскенбаев.

Жиын соңында Сыртқы істер ми­нис­трлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер па­латасы мен «KazakhExport» ұлттық ком­паниясы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»